Комитет Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және Қазақстанда 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарына (бұдан әрі – ТДМ) қол жеткізудің жүйелі мониторингін қамтамасыз ету мақсатында құрылған.
Комитеттің негізгі міндеті – орталық және жергілікті деңгейлерде ТДМ іске асырылуын мониторингтеу, сондай-ақ ТДМ жөніндегі Үйлестіру кеңесінің қызметін талдамалық сүйемелдеу. Комитет өз қызметі шеңберінде Үйлестіру кеңесінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуына мониторингті, ТДМ ұлттық индикаторларын өзектендіруді, Тұрақты даму индексінің нәтижелерін талдауды, сондай-ақ ТДМ индикаторларын мемлекеттік және өңірлік жоспарлау жүйесінің құжаттарына интеграциялау және жергілікті деңгейде іске асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асырады.
Бұдан басқа, Комитет Қазақстанның Ерікті ұлттық шолуларын дайындау жөніндегі жұмыстардың үйлестірілуін қамтамасыз етеді, орталық мемлекеттік органдармен және облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің аппараттарымен жергілікті деңгейде ТДМ іске асыру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
Комитет құрамына орталық мемлекеттік органдардың, агенттіктердің, ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Қоғамдық кеңес мүшелері кіреді. Комитет басшысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі.
Комитеттің жұмыс органы Комитет қызметіне сараптамалық-әдіснамалық, талдамалық және ұйымдастырушылық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы белгіленді. Комитет отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
Қазір Комитет 12 отырыс өткізіп, ТДМ ұлттық индикаторларын іске асыру, ведомствоаралық жұмыс топтарының қызметі, ТДМ-ды мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына интеграциялау және жергілікті деңгейде іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық баяндамалары мен Ерікті ұлттық шолуларын дайындау мәселелерін қарастырды.