Климаттың өзгеруі балалардың өмір сапасына қалай әсер етеді?

17.04.2023

Балалардың физиологиялық және иммундық жүйелері ересектерге қарағанда әлсіз дамығандықтан, климаттың өзгеруіне байланысты күйзелісті көбірек сезінеді.

БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің қорытындысы бойынша, климаттың өзгеруі балалардың денсаулығы мен олардың өмір сүру құқығына төнетін негізгі қауіптердің бірі болып табылады.

ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша дүние жүзінде 160 миллионға жуық бала құрғақ немесе өте құрғақ өңірлерде тұрады. Жарты миллиардтан астам бала су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда және тағы 115 миллионға жуығы тропикалық циклондардың қаупі жоғары немесе өте жоғары аймақтарда тұрады. 

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топ тіпті СО2 шығарындыларының орташа немесе төмен көлемі шартымен 2100 жылға қарай әлем бойынша теңіз деңгейінің 0,53 м-ге көтерілуін болжайды, бұл жағалаудағы және ойпатты аудандарға су тасқынымен, су басумен, эрозиямен және дренаждық жүйелердің зақымдалуымен қауіп төндіреді.

Балалар үшін климаттың өзгеруінің негізгі салдары ауа-райының күрт өзгеруі және табиғи апаттар, ауаның ластануы, судың жетіспеушілігі, азық-түлік қауіпсіздігінің болмауы, векторлық және жұқпалы аурулар және психикалық денсаулықтың бұзылуы болып табылады. Су мен азық-түліктің жетіспеушілігі балалардың дамуына әсіресе жас кезінде қайтымсыз бұзылуларға әкеледі.

Су ресурстарының жетіспеушілігі мен су тасқыны салдарынан ішуге жарамсыз суды тұтыну тырысқақ сияқты жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, климаттың өзгеруі әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті күшейтеді.
Қазақстанда климаттың өзгеруі ауаның орташа жылдық температурасының құбылуынан көрінеді, ол 1936 жылдан бастап әр 10 жыл сайын 0,31°C-қа артуда. Ең жылдам жылыну қыс айларында – Қазақстан бойынша орта есеппен әр 10 жыл сайын 0,44 °C және республиканың батысы мен солтүстік және орталық бөліктерінің жекелеген аудандарында 0,60 – 0,65 °C болады. Температураның ең аз өсуі жазғы кезеңде байқалды – Қазақстан бойынша орташа есеппен 10 жылда 0,14 °C, батыста – 10 жылда 0,10 °C-тан аз.

Өте суық күндер мен түндер санының азаюы және өте жылы күндер мен түндер санының өсуі байқалады. Жауын-шашын режимінің өзгеруі Қазақстанның солтүстік, неғұрлым ылғалды аудандарында жауын-шашын қарқындылығының өсуімен сипатталады. Осы өзгерістерге байланысты ылғалды аймақтың 6-23%-ға қысқаруы және оның шекараларының солтүстікке қарай жылжуы күтілуде. Географиялық аймақтардың өзгеруі маусымдық ауытқулардың өзгеруіне және кейбір жұқпалы аурулардың, соның ішінде векторлық аурулардың таралу аймағына ықпал етеді.

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы есебінің деректеріне сәйкес климаттың өзгеруі 30-дан астам жағымсыз салдармен, тікелей және жанама әсерлермен есептеледі. Табиғи апаттар және олардың салдары, ауыз судың азаюы және сапасының нашарлауы, ауа сапасының нашарлауы тікелей әсер етудің толық емес тізімі болып табылады. Жанама әсер азық-түлік өндірісі мен тұтынудың төмендеуінен, электр энергиясының үзілуінен, денсаулыққа теріс әсер етуден, репродуктивті денсаулықтың бұзылуынан, халықтың мәжбүрлі көші-қонынан, жұмыссыздықтан, қылмыс пен зорлық-зомбылықтың өсуінен көрінеді.

Ауаның ластануының жоғары деңгейі созылмалы тыныс алу, өкпе, қатерлі ісік және басқа ауруларға, сондай-ақ дамып келе жатқан мидың зақымдалуына және физикалық, когнитивті және неврологиялық дамудың бұзылуына әкеледі.

Улы заттардың құрамы денсаулыққа қауіпті емес деңгейден асып кетсе, ауа ластанған болып саналады. Балалардың 93%-на дейін ауаның ластануы ДДҰ-ның бөлшектерге қатысты ауа сапасы жөніндегі ұсыныстарында белгіленген деңгейден асатын ортада өмір сүреді. Оның ішінде 630 млн. – бұл бес жасқа дейінгі балалар. Ауаның ластануы бес жасқа дейінгі балалардағы төменгі тыныс жолдары инфекцияларының 50%-тен астамының себебі болып табылады, бұл табысы төмен және орташа елдердегі балаларға теріс әсер етеді.

Индустрияландыру мен урбанизацияның жалғасып келе жатқан үрдістері аясында бүкіл әлемде ауа сапасы нашарлай түсетінін атап кеткен жөн.
Судың ластануы балалардың дамып келе жатқан ағзасына пропорционалды емес дәрежеде әсер етеді, өйткені балалар дене салмағына қатысты көбірек су ішеді, су құрамындағы химиялық заттарды көбірек сіңіреді және лас суда және оның жанында көбірек уақыт өткізеді.

Ластанған суды пайдалану балалардың физикалық және когнитивті дамуына қатты әсер ететін асқазан-ішек және паразиттік инфекциялардың таралуын тудырады. Бұл инфекциялар, сондай-ақ диарея ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмысын бұзады және өсу мен дамуға қажетті қоректік заттардың сіңуіне кедергі келтіреді. Қауіпті суды тұтыну азық-түлік қауіпсіздігінің, дұрыс тамақтанбаудың және физикалық және психикалық дамудың жеткіліксіздігі факторларының бірі болып табылады және басқа аурулардың таралуын арттырады.

Ластанған суды тұтыну тұрғысынан балалардың қауіпсіздігін дамыған немесе дамушы елдер қамтамасыз етпейді.
Қазақстанда өткен сауалнамаға сәйкес, ата-аналар балалардың таза ауыз суға қол жеткізуін сапалы тағамға қол жеткізуден де қиын дейді. Ата – аналардың 69%-і өздерінің (таза суға қол жеткізу) құқығы толығымен сақталғанын, 21%-і ішінара сақталғанын және 3%-і бұл құқық мүлдем орындалмайды деп санайды. Маңғыстау облысында таза су көздеріне қол жеткізуге қанағаттанудың ең төмен деңгейі байқалды.

Климаттың өзгеруі балалардың тамақтануына кері әсер ететіні Вермонт Университетінің халықаралық зерттеуімен расталады. Зерттеу нысаны Азия, Африка және Оңтүстік Американың 19 елінде 5 жасқа дейінгі 107 мың баланың диетасының әртүрлілігі болды, олар температура мен жауын-шашын туралы 30 жылдық геокодталған деректерді, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және географиялық деректерді пайдаланды.

Климаттың кейбір өңірлердегі диетаның әртүрлілігіне теріс әсері білім берудің, сумен жабдықтаудың, санитарияның және кедейлікпен күресудің оң әсерінен – жаһандық дамудың барлық кең таралған тактикасынан жоғары.

Осылайша, микроэлементтердің жетіспеушілігі бес жасқа дейінгі әрбір үшінші балаға әсер ететін дұрыс тамақтанбаудың себебі болып табылады. Балалар арасында дұрыс тамақтанбау – үлкен жаһандық проблема. БҰҰ мәліметтері бойынша, 2019 жылы дұрыс тамақтанбау салдарынан 5 жасқа дейінгі 144 миллион баланың өсуі тежелген. 2019 жылы 5 жасқа дейінгі 47 миллион бала аштықтан немесе жедел тамақтанбаудан зардап шекті – бұл қоректік заттардың шектеулі тұтынылуы мен инфекциядан туындаған жағдай.

Қазақстанда тамақтанудың, оның ішінде балалардың тағамдық құндылығының жеткіліксіздігі байқалады. Үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу деректері бойынша, 2020 жылы тамақтану калориясы ең төменгі рұқсат етілген деңгейге жетпейтін халық үлесі 4,4%–ды құрады (2019 жылы-4,1%). Сонымен қатар, балалар арасында семіздік пен денсаулыққа байланысты салдардың көбеюі алаңдаушылық туғызады. Бұл отбасындағы және мектептегі балалардың дұрыс емес және теңгерімсіз тамақтануына байланысты.

ДДҰ және ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, Қазақстанның 6 млн. астам адам, әсіресе балалар, минералдар мен дәрумендердің жетіспеушілігінен зардап шегеді. Темір тапшылығы анемиясы және фолий қышқылының жетіспеушілігі әйелдердің 45%-те, балалардың 47%-те, ерлердің 26%-те анықталды. Қазақстанда 6-24 айлық әрбір екінші баланың дамуы бұзылған. Балалардың 5%-нің мектеп үлгерімі төмендеген. 20 жасқа толғаннан кейін олардың көпшілігі өздерінің интеллектуалды және физикалық қабілеттерін жүзеге асыра алмайды.

Қоршаған ортаның балалардың өмір сүру сапасына әсерін назарға ала отырып, Қазақстанда ауаның ластану деңгейін көрсететін индикаторды қамтитын Балалардың хал-ахуал индексі әзірленді, бұл мониторингті уақтылы жүзеге асыруға және балаларға теріс әсер ететін өзгерістерге ден қоюға мүмкіндік береді.




Барлық мақалалар

Қарау саны: 0
Сақталған: 30.10.2024





... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!