Астананы сумен қамтамасыз ету мәселесі

11.05.2023

Елорданың сумен жабдықтау жүйесіне қысымды шектеуді енгізу айтарлықтай қоғамдық наразылық тудырды. Мәселе бірнеше жыл бойы өзекті болып отыр. Сол себепті қала тұрғындарының өтініштері қаланың коммуналдық қызметтері үшін жаңалық емес. 

Мәселенің ауырлығы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ мамандарының Қазақстан қалаларындағы өмір сапасының ұлттық рейтингісін  даярлау барысында расталған болатын. 2022 жыл бойынша елорданың рейтингтегі «Инфрақұрылым» факторы бойынша көшбасшылығына қарамастан, сауалнамаға қатысқан елорда тұрғындары тұрғын үй орамдарының нүктелік құрылысының сумен жабдықтау сапасына және инженерлік желілерді (сумен жабдықтау және кәріз) дамытудың құрылыс қарқынынан артта қалуына теріс баға берген болатын.
    
Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында (2023 ж.қаңтар) Мемлекет басшысы елорданы сумен жабдықтау және резервтік су көздері проблемалары туралы нақты айтқан болатын. Ағымдағы жылдың сәуір айында елорда әкімі ел Президентіне қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндай отырып, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері объектілерінің, оның ішінде сорғы-сүзгілеу станциясының (ССС-3) құрылысына назар аударды.

Сумен жабдықтау мәселесінің соншалықты өткір болуының себебі айқын: халық санының жылдам өсуі және ауыз су өндіретін жобалық қуаттардың тапшылығы. Астананың бас жоспарын түзету кезінде мегаполис тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 1,2 млн.адамға жетеді деп болжанған болатын, алайда бұл көрсеткішке 2020 жылы-ақ қол жеткізілді. Бүгінгі таңда елорда халқының саны 2035 жылға қарай 2,5 млн. адамға дейін өседі деп болжанып отырғанын ескерсек, тиімді шаралар қабылданбаған жағдайда проблеманың ауырлығы тек арта түсетіні анық. Сараптамалық мәліметтерге сәйкес, халықтың су тұтынуының өсу динамикасы айтарлықтай елеулі.


Астана қаласында су тұтынудың өсуі туралы деректер



Мәселе – ауқымды және елдің су ресурстарының жалпы жағдайына байланысты. Қазақстан бұл жағынан шектеулі және көрші елдермен салыстырғанда тәуелді жағдайда.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) су тапшылығына байланысты күйзелістің 4 деңгейін белгіледі. 4-ші, ең жоғары деңгейге қолда бар су қорының 40% -тен астамын пайдаланылатын аймақтар жатады, яғни мұнда су тұтыну қарқындылығы табиғи толықтырудан жоғары - ақпарат сілтемеде.

Қазақстандық 8 су шаруашылығы бассейнінің 5-еуі бұл шектен асып кеткен, ал Шу-Талас және Нұра-Сарысу бассейндерінде барлық өзен ағыны суы тұтыну мақсатына жұмсалып отыр.

Сондай-ақ сарапшылар тұщы судың аумақ бойынша біркелкі бөлінбеуі, өзен ағынының маусымдық және ұзақ мерзімді тұрақсыздығы, оның едәуір бөлігінің мемлекеттен тыс жерде қалыптасу және су көздерінің ластану мәселелеріне назар аударып, аталмыш факторларды ұлттық қауыіпсіздікке төніп тұрған қатер деп санайды - ақпарат сілтемеде.

Кейбір өзен алаптарындағы су тапшылығы ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығында шығынға, су объектілерінің құрғап, тозуына әкеліп соқтырады.

Мәселенің негізі суды тиімсіз пайдалану:
  • кей деректер бойынша шығын 40%-ке дейін жетіп отыр;  
  • инфрақұрылымның жоғары тозуы; 
  • автоматтандыру мен цифрландырудың әлсіз деңгейі; 
  • салалық ғылымның төмен қайтарымы және білікті кадрлардың жетіспеушілігі болып табылады.

Елорда үшін ауыз судың жалғыз көзі Астаналық (Вячеслав) су қоймасы болып табылады. Бұл 1968 жылы салынған және жоба бойынша 500 мың адамға дейін халқы бар қаланы қамтамасыз етуге есептелген жасанды суайдыны, сол себепті ел Президенті сумен қамтамасыз етуді ұлғайту мәселесін шешуді тапсырды.


Астана қаласында су тұтыну деңгейінің болжамы


Алдын ала есептеулер бойынша қазіргі уақытта Астана қаласының халқы жылына 59 197,2 мың текше м. су тұтынады (тәулігіне бір адамға 140 литр есебінен (норма бойынша)); Астана халқының болжамды саны 2025 жылы 1,48 млн адамды құрайды; 2025 жылы халықтың жылдық су тұтынуы шамамен жылына 75 628 мың текше м құрайды. Осылайша, 2022 – 2025 жылдардағы өсім 16 431 мың текше м (16,4 млн.текше м) құрайды.

Барлық факторларды ескере отырып, бұл көрсеткіш жоғары, сонымен қатар сумен жабдықтаудың баламалы көзін салу өзектілігін растайды. Мәселені шешу мүмкіндігі ретінде мамандар Нұра жер асты сулары кен орнын қайта құруды ұсынды.  Өз уақытында магистральдық су құбыры пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда 27 ұңғыманың тек 6-сы жұмыс істейді, нысан апатты жағдайда, бұл судың айтарлықтай жоғалуына әкеледі. Бұл шұғыл шешуді қажет ететін мәселелердің бірі.

Үкімет 2024 жылғы шілдеде аяқталатын Егіндікөл ауылынан Степняк қаласына дейінгі ұзындығы 15 км Нұра топтық суағар учаскесін реконструкциялауда және 2024-2026 жылдары іске асырылатын қалған учаскелерді реконструкциялаудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуде.

Бузулук су қоймасын салу, Астана су қоймасын толықтыру үшін құрылыстар салу, одан «Астана Су Арнасы» МКК сорғы станциясының алаңына дейін тірек қоршау құрылысын және су құбырын салу, сондай-ақ оларға арнаны тазарту және тереңдету арқылы. Қ. Сәтбаев атындағы арнадан Есіл өзенінің арнасына су жіберу жобалары кезекте тұр.
  
Елорданың сумен қамтамасыз ету жағдайы байланысты болатын Сәтбаев атындағы арнаның проблемалары туралы да айта кету керек: есеп комитетінің қорытындысы бойынша сорғы станцияларының, су қоймалары мен су тораптары бар бөгеттердің электр жабдықтарының тозу дәрежесін 85-100% құрайды, гидротехникалық объектілер ҚР Су кодексінің талаптарына қайшы келетін қауіпсіздік декларациясынсыз пайдаланылады. Мұның бәрі төтенше жағдайдың орын алу мүмкіндінің айқын алғышарты, арна бойында орналасқан қалалар мен ауылдарға төніп тұрған нақты қауіп.

Қабылданған шаралар кешенді түрде жүзеге асырылса, әлдеқайда тиімді болмақ. Мәселен, саланың заңнамалық базасы ұзақ уақыт бойы жетілдіру қажет етуде. Жобасында суды үнемдеу қағидаттары белгіленген жаңа Су кодексін қабылдауды жеделдету қажет. Оның қолданыстағы Кодекстен маңызды айырмашылығы – су ресурстарын үнемді пайдалануға бағытталған және су экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы ретінде қарастырылуында.

Сондай-ақ, 2023-2027 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жөніндегі тұжырымдаманы жедел бекіту қажет, өйткені онда 3,5 мың км суару арналарын қайта жаңарту, 25 жаңа су қоймасын салу және 16 жұмыс істеп тұрған су қоймасын қайта жаңарту бойынша аса маңызды іс-шаралар көзделген.

Осылайша, біз проблеманың айқындалғанын  және орталық пен жергілікті органдар тарапынан жедел, орта және ұзақ мерзімді сипаттағы нақты экономикалық шаралар қабылданып жатқанын көріп отырмыз.

Сонымен қатар әлі де шешілмеген мәселелер бар. Мысалы, «Сорғы-сүзгілеу станциясын (ССС-3)  салу кестесін асығыс енгізгеннен кейін оны пайдалану кезінде проблемалар туындауы мүмкін бе?», өйткені белгілі бір нормативтер мен талаптар бұзылатыны сөзсіз. 

Мемлекет басшысы қала сусыз қалуы мүмкін деп ескерткен жағдай шындыққа айналуы мүмкін, өйткені «Астана Су Арнасы» МКК басшылығы бүгінде қолданыстағы құрылыстардың жедел режимде жұмыс істеп тұрғанын мойындайды.




Барлық мақалалар

Қарау саны: 0
Сақталған: 30.10.2024





... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!