17.05.2023
Тәуекелдер: Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның есептеулеріне сәйкес, Қазақстан аумағында климаттың өзгеру процесі 21 ғасырда күшейе түседі. Осылайша, климаттық апаттар (құрғақшылық, орман өрттері және өзендердің таяздануы) республика аумағында үйреншікті жағдайға айналады.
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай елде жайылымдардың өткізу қабілеті 10%-ке төмендейді, 2040 жылға қарай су тапшылығы қажеттіліктің 50%-ін құрайды, қазіргі мұздық массасының 50%-тен астамы 2100 жылға қарай жоғалады.
Өзендер ауыл шаруашылығын суару үшін пайдаланылатын судың 90%-тің көзі болып табылатыны белгілі, құрғақшылықтың жиі болуы және су қауіпсіздігінің төмендеуі елдің өсімдік және мал шаруашылығының ауылшаруашылық өнімділігіне зиян тигізуі мүмкін. Климаттың өзгеруіне бейімделу болмаған жағдайда Қазақстанда бидайдың өнімділігі 2050 жылдарға қарай 50%-ке дейін төмендейді деп болжануда, бұл жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі үшін елеулі салдарға әкеп соғады, өйткені ел әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушылардың бірі болып табылады.
Қазақстандағы топырақтың деградациясы мәселесі де маңызды болып табылады. Оның негізгі факторларына шектеулі табиғи ресурстарға жағымсыз әсер ететін және олардың жағдайын нашарлататын климаттың өзгеруі, сондай-ақ жерді пайдаланудың ұтымсыз әдістері жатады.
Атап айтқанда, олар келесі құбылыстарға байланысты болуы мүмкін:
- бұрын Қазақстанда егіншілік үшін пайдаланылған кең аумақтардың қараусыз қалуы;
- Арал теңізі деңгейі таяздануының жалғасуы;
- өнім бермейтін ауқымды жер учаскелерін жер пайдалану түрлері бойынша басқа санаттарға ауыстыру – бұл негізінен бұталы алқаптар мен жайылымдарға қатысты;
- малдың шамадан тыс жайылуына байланысты ормандардың жойылуы және шөлейттену, топырақтың ластануы және эрозия;
- ауыл шаруашылығы құрғақшылық, көшкін және су тасқыны сияқты табиғи апаттар қаупінің артуына байланысты айтарлықтай зиян мен үлкен шығынға ұшырайды.
Жер пайдалану сипатының және топырақ-өсімдік жамылғысының өзгеруінен туындаған Қазақстандағы жердің тозуына байланысты шығындар елдің ЖІӨ-нің 3%-тен астамын құрайды.
Ескертпе: Қызыл түспен жердің тозуы орын алатын Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерінің аумағы көрсетілген.
Қазақстанда қатты құрғақшылық жиірек болады және жердің тозуына, шөлейттенуге ықпал етеді және бүкіл ел бойынша шаңды дауылдардың пайда болуына әкеледі деп күтілуде. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің 2/3 бөлігі құрғақшылық қаупіне ұшырайды, 2-3 жыл кезеңділігімен елде құрғақшылық пен егіннің опат болуымен байланысты ауыр проблемалар туындайды, ел халқының 23,5%-і тозған жерлерде тұрады.
Мүмкіндіктер: Қазақстанның ауыл шаруашылығының орнықты даму әлеуеті жоғары. Халықаралық ұйымдардың есептеулері бойынша Қазақстанда пайдаланылатын егістіктің 46%-і (11,5 млн.га) және жайылымдардың 70%-і экологиялық жағдайы бойынша органикалық егіншілік пен мал шаруашылығын жүргізуге жарамды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында өсірілетін 22 млн.гектардан 300 мың гектардан астам жерді органикалық дақылдар алып отыр.
Сонымен қатар, ел аумағының 80%-і ауылшаруашылық жерлері ретінде сипатталады, бұл 200 млн. гектардан асады. Алайда, бұл аумақтың тек 40% немесе 96 млн.га ауылшаруашылық айналымында қолданылады.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) деректеріне сәйкес, Қазақстан қара топырақ қоры бойынша әлемде екінші орында тұр. ФАО (Global Map of Black Soils) бағалауы бойынша әлемде 725 миллион гектар қара топырақ бар, оның 107,7 миллион гектары Қазақстанға тиесілі.
Шамамен 223 миллион адам қара топырақта өмір сүреді, бұл жер шары халқының 3%-тен азын құрайды. Бұл ретте, Молдова халқының 93%-і, Украинаның 52%-і, Колумбияның 49%-і, Моңғолияның 44%-і, Қазақстанның 42%-і және Ресейдің 19%-і қара топырақта тұрады.
Қара топырақ оған қоныстанған адамдардың өмірін сақтап қана қоймайды, сонымен қатар олар әлемдік топырақтың аз ғана бөлігін құраса да, ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау арқылы әлемнің қалған бөлігін тамақтандырады. Майлы, дәнді және тамыртүйнекті дақылдардың едәуір пайызы азық-түлік қауіпсіздігі мен әлемдік экономика үшін қажет қара топырақта өсіріледі. 2010 жылы бүкіл әлемде күнбағыс тұқымдарының 66%, бидайдың 30% және картоптың 26% қара топырақтан жиналды.
Әрі қарайғы қадамдар: Әлемдік топырақ ресурстарының жай-күйі туралы есеп (Status of the World's Soil Resources) қара топырақтар антропогендік араласуға өте сезімтал болып қалатынын атап өтеді. Олар эрозия, органикалық заттардың жоғалуы және тұрақты агрегаттар, тығыздалу, тұздану және содификация сияқты ауыр деградацияға ұшырайды және топырақтың антропогендік қышқылдануы мен ластануынан зардап шегуі мүмкін.
Қара топырақтың жай-күйін қорғау және жақсарту үшін Қазақстанға топырақты тұрақты басқару әдістерін (sustainable soil management practices – SSM) біртіндеп енгізу қажет. Ол үшін қара топырақтың қасиеттері мен мәртебесін зерттеу, тиісті ресурстарды бөлу және қара топырақты қорғау саясатын құру маңызды.
ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылы елдің ЖІӨ құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі шамалы – шамамен 5%. Бұл ретте осы саладағы жұмыспен қамтылғандардың үлесі еңбекке қабілетті халықтың 12%-нен асады. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығында орнықты даму қағидатын ілгерілету үшін дамыған елдерде белсенді қолданылатын «тұйық циклды экономика» қағидатын енгізу арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін жақсарту бойынша жұмыс жүргізу қажеттігі туындайды.
Анықтамалық:
«Тұйық циклды экономика» – бұл ресурстарды қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жүйе, яғни технологиялық процестерді жетілдіру арқылы пайдаланылатын бастапқы ресурстар мен қалдықтар, шығарындылар мен энергия шығыны азайтылатын жүйе.
«Тұйық циклды экономиканы» дамыту әлеуетін Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) сарапшылары растайды, олар бұл сала 2025 жылға қарай жылына шамамен 1 трлн. АҚШ долл. әлемдік экономикадағы қосылған құнды қалыптастырады деп есептейді.
Тұрақты ауыл шаруашылығы ғана «тұйық циклды экономика» қағидаттарын енгізудің флагманы бола алады. Алайда, климаттың өзгеру факторының әсерін бағалауда жүйелі тәсілді пайдаланусыз ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мүмкін емес.
Қазақстанда «тұйық циклды экономика» қағидаттарын дамыту үшін қайталама ресурстарды пайдалануды реттеуден бастап өңдеудің ең аз коэффициенті бар өнім өндірісін қысқартуға бағытталған экономикалық ынталандыруды енгізуге дейінгі шаралар кешенін әзірлеу қажет.
Барлық мақалалар