25.05.2023
Білім әлемдегі ең ірі салалардың бірі болып табылады, ол әлемдік ЖІӨ-нің 6%-тен астамын құрайды.
Халықаралық білім нарығын талдауға маманданған HolonIQ платформасының мәліметтері бойынша, бұл сала цифрландыру тұрғысынан айтарлықтай артта қалып отыр: жаһандық шығындардың небәрі 3,6%-і (2 227 млрд) диджитал білімге жұмсалады.
HolonIQ болжауынша, бұл шығыстардың көлемі 2025 жылға қарай 4 404 млрд-қа дейін немесе жалпы шығыстардың 5,2%-не дейін өседі.
Диджитал білімге күдікпен қарау және дәстүрлі оқытуға деген берілгендікке қарамастан, әлемнің жетекші елдері жаңа форматты белсенді түрде енгізуде.
Мысалы, Ұлыбританияда онлайн-білім беруге инвестиция салу есебінен білім беру технологияларының белсенді өсуі байқалды. Мәселен, тек 1 жыл ішінде білім беру технологиялары нарығының көлемі 72%-ке ұлғайып, 2021 жылы 3,2 млрд фунт стерлингті құрады. Білім беру жүйелерінің рейтингінде Ұлыбритания 2 орынға ие болды, ал ЖІӨ-дегі білім үлесі 4,4%-ті құрады.
Оңтүстік Кореяда онлайн форматтың дамуы білім беру саласының экономикаға қосқан үлесін 6,4%-ке дейін жеткізуге ықпал етті. Бүгінгі таңда бұл ел ең заманауи жабдықтармен және бағдарламалық қамтумен жабдықталған 17 онлайн-колледжі бар білім беру жүйелерінің рейтингінде 19-орынға ие. Онлайн білім беруге қолжетімділікті арттыру мақсатында Оңтүстік Корея Үкіметі қоғамдық инфрақұрылымды кеңейтті және аз қамтылған отбасылардың оқушыларына құрал-жабдықтар берді.
Осыған қарамастан, оқушылар сауалнамасының нәтижелеріне сәйкес оқу процесін ұйымдастыруға, материалды дайындауға, желілік инфрақұрылымға қосымша шығындардың болуына және мемлекеттік қолдаудың болмауына байланысты проблемалық мәселелер бар. Қазіргі уақытта Үкімет бұл проблемаларды колледждерде оқытуға гибридті тәсілді (онлайн / офлайн) енгізу және субсидиялар беру жолымен шешуде.
Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында онлайн-оқытуды енгізу әлі бастапқы сатысында. Алайда, әлемдік үрдістер мен сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес, ел дамуының жаңа бағытын іске асыру үшін адами капиталды дамыту мақсатында түбегейлі өзгерістер көзделген.
Дәстүрлі нысанмен қатар қашықтықтан оқытуды жеке тәртіппен біртіндеп енгізу көзделеді.
Бұл ретте білім берудің барлық деңгейлерін дамытудың міндеті «Өмір бойы оқу» қолжетімді моделін сапалы іске асыру болады.
Онлайн оқытуды дамыту қымбат күндізгі курстарға тиімді балама болып табылады және онлайн платформалар арқылы жоғары білім алғысы келетін студенттер санының артуына ықпал етуі мүмкін.
Алайда, осы тәжірибені сәтті енгізу үшін кейбір мәселелерді ескеру қажет, мысалы:
- оқытушылар мен оқушылардың, әсіресе өңірлердегілердің цифрлық сауаттылығының төмендігі;
- жоғары жылдамдықты интернет пен IT жабдықтарына қол жетімділік мәселелері;
- оқу бағдарламаларын онлайн-форматқа бейімдеудің күрделілігі;
- құпия ақпараттың әлсіз қорғалуы, студенттер мен оқытушылардың деректерінің таралып кету қаупінің болу мүмкіндігі.
Мұндай тәуекелдерді азайту үшін келесі шараларды қабылдау қажет:
- мақсаттарды, міндеттерді және тиімділік көрсеткіштерін айқындауды қоса алғанда, техникалық және кәсіптік білім беруде онлайн-білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік стратегияны әзірлеу;
- интерактивті және мультимедиялық материалдарды пайдалануды қоса алғанда, онлайн оқыту мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу бағдарламаларын жаңарту;
- онлайн-оқыту жүйесінде жұмыс істейтін оқытушылар үшін біліктілік талаптары мен стандарттарын әзірлеу, сондай-ақ оларды дайындау мен біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
- оқыту тиімділігінің мониторингін, студенттер мен оқытушылардың қанағаттанушылығын, сондай-ақ кері байланыс тетіктерін әзірлеуді қоса алғанда, онлайн-білім беру сапасын бағалау жүйесін құру;
- мүмкіндігі шектеулі адамдар мен шалғай аудандардың тұрғындарын қоса алғанда, халықтың барлық санаттары үшін онлайн-білім алуға қолжетімділікті кеңейту;
- оқытушылар мен студенттер арасында қашықтықтан оқыту және тәжірибе алмасу үшін электрондық платформаларды енгізу.
Бұл қазақстандық білім беруде сапалы серпіліс жасауға және білім беру бағдарламаларына қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Барлық мақалалар