14.09.2020
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына түсініктеме
БІРІНШІ БӨЛІМ
ЕКІНШІ БӨЛІМ ҮШІНШІ БӨЛІМ
Жаңа экономикалық бағдардың жаңа қағидаттары туралы
Сарапшы:
Бақытгүл Хамбар
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Стратегиялық әзірлемелер орталығының директоры
Президент Жолдауында экономика халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жұмыс істеуге міндетті екенін атап өтті. Кез-келген экономика халқының әл-ауқаты оның бәсекеге қабілеттілік деңгейін көрсетеді. Демек, қойылған міндетті тиімді іске асыру елдің стратегиялық міндеттеріне қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Президент міндет қойып қана қоймай, келесі нақты қағидаттарды анықтағанын атап кеткен жөн:
- игіліктер мен міндеттерді әділ бөлу;
- жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі;
- адал бәсекелестік, жаңа ұрпақ үшін нарықтарды ашу;
- өнімділіктің өсуі, экономиканың күрделілігі мен технологиялылығын арттыру;
- адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім беруге инвестициялар;
- экономиканы «көгалдандыру», қоршаған ортаны қорғау;
- мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдауы және олар үшін қоғам алдындағы жауапкершілігі.
Көріп отырғанымыздай, олар бір-бірімен тығыз байланысты. Белгілі бір қағидаттардың әрқайсысы халықтың әртүрлі санаттарының нақты мәселелерін шешуге бағытталғанын атап кетейік. Осыған байланысты, оларды іске асыру процесіне барлық мүдделі тараптар тартылып қана қоймай, жауапты болуы тиіс.
Бірінші қағидат тауарларды ғана емес, сонымен бірге міндеттерді де бөлуді қарастыратыны өте маңызды. Бұл Жолдауда қойылған әлеуметтік-экономикалық міндеттерден туындайтын барлық шараларды іске асырудың тиімділігін арттырады деп санаймын.
Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі және адал бәсекелестікті қамтамасыз ету қағидаттары ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 35% - ға дейін ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсатты іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ халықтың орташа табысының өсуіне оң әсер етеді.
Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстан «Экономиканың күрделілік индексі» рейтингінде 93-орында орналасқан. Қазақстан экономикасы күрделілігінің төмен деңгейі қазақстандық экспорттың негізгі үлесі шикі мұнай болып табылатындығымен түсіндіріледі. Экономиканың күрделілігі мен технологиялылығын арттыру қағидаты экономиканы әртараптандыруды жақсартып қана қоймай, экспорттың ұлғаюына ықпал етеді деп санаймын.
Адами капиталды дамыту әрқашан өзекті болып саналатыны баршамызға белгілі. Бірақ бұл қағидаттың өзектілігі арта түседі, өйткені Жолдау шеңберінде қойылған барлық міндеттерді іске асыру адами ресурстардың тиісті әлеуетін талап етеді. Сонымен қатар, пандемияның пайда болуымен көптеген адамдар әлемдегі жаңа жағдайлар жұмысшыларды өз дағдыларын үнемі жаңартып отыруға және жаңа жұмыс форматтарына бейімделуге мәжбүр ететінін түсінді. Сарапшылардың айтуынша, жұмыс дағдыларының 33% - ы үш жыл ішінде өзектілігін жоғалтады. Осылайша, білім беруге инвестициялау қағидатын іске асыру еңбек нарығындағы жағдайды жақсартуға сөзсіз ықпал етеді.
Экология мәселесі тұрақты дамудың негізгі үш құрамдауыштарының бірі болып табылады. Сондықтан экономиканы «көгалдандыру», қоршаған ортаны қорғау қағидатын іске асыру ел экономикасының орнықты дамуының іргетасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, жоғарыда аталған 6 қағидат тиімділігінің негізгі факторларының бірі оларды іске асыру жөнінде дұрыс шаралар қабылдау болып табылады. Бұл міндет негізделген шешімдер қабылдау қағидатын және олар үшін жауапкершілікті қамтамасыз ете алады.
Көріп отырғанымыздай, барлық қағидаттар бұрын қоғамда талқыланған көптеген мәселелермен тығыз байланысты. Осылайша, бұл Жолдау "халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының іске асырылуын көрсетті деп айтуға болады.
Заң шығару процесін автоматтандыру туралы
Сарапшы:
Салтанат Ахметжанова
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Ғылыми экономикалық сараптама және зерттеулер орталығының директоры
Президент Жолдауында жаңа экономикалық бағыттың жеті негізгі қағидаты, оның ішінде «мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдауы және олар үшін қоғам алдындағы жауапкершілік» қағидаты айқындалған. Осы қағидатты іске асыру мемлекеттік басқарудың заңнамалық негізін жетілдіруге мүмкіндік береді. Экономикалық шешімдер қабылдаудағы жаңа тәсіл мемлекеттің, халықтың және бизнестің негізсіз шығындарын анықтауға бағытталған қазіргі уақытта әзірлеуші мемлекеттік органдар жүргізетін қабылданатын заң жобаларының әлеуметтік –экономикалық салдарын бағалаудың маңыздылығын күшейтеді.
Мұндай тәсіл заңнамалық нормалардың тиімділігін объективті және жан-жақты талдауды, мүдделі мемлекеттік органдарды нақты үйлестіруді және ықпал етудің барлық нысаналы топтарының (мемлекеттің, халықтың, бизнестің) мүдделерін ескеруді көздейді, бұл бизнес пен халыққа түсінікті шешімдер қабылдауға, бюджет шығыстарынан барынша пайда алуға мүмкіндік береді. Бағалау нәтижесінде атқарушы биліктің қызметін шамадан тыс заңнамалық реттеу мәселесі де шешілуі керек.
Қазіргі уақытта Қазақстанда норма шығару процесінің бір бөлігі қағаз тасығыштарда қолмен жүзеге асырылады, бұл норма шығарудың негізгі проблемаларының бірі - жоғарыда көрсетілген процесті автоматтандыруға мүмкіндік беретін бірыңғай құқықтық жүйенің жоқтығын көрсетеді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында барлық реформалардың базалық элементі – цифрландыру процесін жалғастыру, атап айтқанда, деректер базасының бірыңғай жүйесін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген «Е-заңнама» жүйесін әзірледі.
Бұл жүйе нормативтік құқықтық актілерді дайындау, қоғамдық талқылау, келісу, бекіту және жариялау процесін автоматтандыру арқылы мемлекеттік органдардың жұмысын едәуір жеңілдетеді, НҚА жобаларының мәтіндерін қалыптастыру уақытын қысқартады, тұтынушылардың әртүрлі топтары тұрғысынан заңнаманың қажеттіліктерін неғұрлым сапалы бағалауға мүмкіндік береді.
Заң шығару процесін автоматтандыру шет елдерде кеңінен қолданылады. Мысалы, Германияда алдын-ала ұсыныстан бастап түпкілікті жобаға дейінгі үздіксіз цифрлық заңнамалық процесті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиімді АТ-инфрақұрылым жұмыс істейді. Осылайша, eZeitplanung жобасы заңнамалық органдар мен тартылған министрліктер арасында заңнамалық жобалар бойынша ұжымдық жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Германия заңнаманы сақтау шығындарын алдын-ала есептеуді жеңілдететін онлайн-қосымшаны енгізді, федералды министрліктерге жаңа реттеуші бастаманың жекелеген ережелері туралы мәліметтерді құрылымдалған түрде жинауға, заңнаманы сақтау бойынша күш-жігерді анықтауға және тиісті есептеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
АҚШ-та Regulations.gov веб-сайты жұмыс істейді, бұл мемлекеттік пайдаланушыларға федералды нормативтік мазмұнға қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған электрондық норма шығарудың бастамасы болып табылады. Порталда ұсынылған және түпкілікті нормативтік актілердің электрондық нұсқалары, сондай-ақ басқа да нормативтік құжаттар мен Федералды тізілімнің хабарламалары бар.
Жалпы, Президент мемлекеттік басқаруды, ұлттық экономиканы, стратегиялық салаларды, өңірлерді, құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауды, әлеуметтік әл-ауқатты арттыруды дамытудың жүйелі міндеттерін айқындады. Президенттің барлық бастамаларын іске асыру үшін тиісті заңдар, оның ішінде «Өнеркәсіптік саясат туралы», Әлеуметтік кодекс, Экологиялық кодекс қабылданатын болады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікті құру туралы
Сарапшы:
Перизат Омарова
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Төрағасының кеңесшісі
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған стратегиялық бағыт бізге дағдарыстан кейінгі даму деңгейінің сапалы жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.
Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық өзекті аспектілері қамтылған: мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, экономиканы жаңа жағдайда іске асыру, өнеркәсіптік әлеуетті ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, көлік-логистикалық кешенді жетілдіру, шағын және орта бизнесті, қаржы саласын қолдау, елдің аумақтық дамуын жаңғырту және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ құқық қорғау және сот жүйесін жаңғырту.
Қазақстан экономикасы, бүкіл әлемдегі сияқты, терең өзгерістерге ұшырауда, сондықтан Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікті құру туралы шешімді уақтылы деп санаймыз, оның негізгі функциялары әлемдік тәжірибені зерделеу, жалпы әлемдік үрдістерді талдау, стратегиялық мақсаттар мен ел дамуының басымдықтарын айқындау ғана емес, сонымен қатар стратегиялық құжаттардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асыру болуы тиіс. Стратегиялық жоспарлауды Президентке есеп беретін жеке құрылымға шығару стратегиялық жоспарлаудың неғұрлым қарапайым және тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Сарапшы:
Баян Әбдірахманова
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Стратегиялық әзірлемелер орталығының директордың орынбасары
Қымбат Ахметжанова
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ жетекші сарапшысы
Президент өз Жолдауында Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікті (бұдан әрі - Агенттік) құру туралы айтты. Сондай-ақ осы Агенттікке Статистика комитетін тапсыруды ұсынды.
Елде стратегиялық жоспарлау жүйесін қайта іске қосу мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қайта жүктелуінен бастап «қолмен» басқаруға дейінгі өткір мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлау жүйесі жалпы саны 80-нен астам құжатты құрайтын құжаттардың 3 деңгейін қамтиды және бұл мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының иерархиясына кірмейтін құжаттарды есепке алмағанда.
Көптеген құжаттар міндеттер мен шаралардың қайталануына, мемлекеттік органдар есептілігінің ұлғаюына әкеледі, сондай-ақ игілік алушылардың мемлекеттік қолдау шараларын түсінбеуін тудырады. Сондай-ақ, көптеген құжаттарды әзірлеу, оның ішінде оларды үнемі түзету халық тарапынан мемлекеттік органдардың қызметіне сенімсіздікке әкеледі. Осыған байланысты мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын оңтайландыру мәселесі маңызды болып табылады.
Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бюджеттік жоспарлаумен үйлестіру мәселесі де маңызды болып отыр. Бүгінгі таңда мақсат қою бюджеттік қауіпсіздікке байланысты болады. Ал стратегия стратегиялық бастамаларды іске асыру үшін қажетті ресурстарды анықтауы керек және бұл тек мемлекеттік бюджеттің қаражаты болмауы керек. Бұл үшін қажетті шарт жеке инвестицияларды тарту болып табылады, тек бірлескен әрекеттермен ғана біз табысқа жете аламыз.
Бұдан басқа, мемлекеттік жоспарлау процестерін автоматтандыру мәселесі (әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау, бақылау) мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта жүктеу үшін қажет болып табылады, бұл алға қойылған мақсаттарды іске асырудың өзара байланысының кешенді бейнесін көруге мүмкіндік береді.
Статистика комитетін Агенттікке беру статистикалық деректерді стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың индикаторларымен үндестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттікті құру туралы
Сарапшы:
Ерлан Кәрімов
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының жетекші сарапшысы
Ел Президентіне тікелей бағынатын «Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттікті» құру шын мәнінде өткір қажеттілік болып отыр. Бірнеше жыл бойы Экономикалық зерттеулер институты бәсекелестік мәселелері бойынша өзінің зерттеулері мен талдамалық жазбаларында монополияға қарсы органға елдің Бірінші басшысына тікелей бағынатын құқық қорғау органы мәртебесін беру туралы мәселені бірнеше рет көтерді.
Бәсекелестік дамыған көптеген елдерде монополияға қарсы орган тергеу жүргізу кезінде үлкен өкілеттіктерге ие құқық қорғау органы ретінде құрылады және жұмыс істейді (мысалы, «таңдағы рейдтер» және жауап алуды Ұлыбританияның монополияға қарсы органдары (СМА); Еуропалық комиссия жанындағы монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын тергеу жөніндегі арнайы топ; Канада (Competition Bureau Canada); Австралия (Australian Competition and Consumer Commission) және т.б.).
Бұл ретте, Қазақстандағы «Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктің» қызметі ашық әрі тиімді болуы тиіс деп санаймын. Бұл үшін, менің ойымша, Агенттік тергеудің басталуы туралы баспасөз хабарламаларын жариялауы, өзінің интернет-порталында жүргізілген тергеулер туралы есептердің нұсқаларын ашық қолжетімді орналастыруы, сапалы тергеу жүргізу үшін экономикалық талдау әдістерін белсенді пайдалануы, қоғамдық тыңдауларды үнемі өткізіп отыруы, бәсекелестік мәселелері бойынша жеке сот (Трибунал) құруы, ел экономикасына мемлекеттің қатысуын азайту үшін «бәсекелестік бейтараптық» қағидатын ілгерілетуі тиіс.
Сарапшы:
Сандуғаш Мұсабекова
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының жетекші сарапшысы
Президентке тікелей бағынатын бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттікті құру нарықта әділ бәсекелестікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Аралық операторлардың болуы процестердің бюрократизациясын күшейтеді және экономиканы мемлекет иелігінен шығаруға кедергі келтіреді. Жеке кәсіпкерлік нарық үшін әділ күресте салаларды дамыту бойынша жаңа тиімді идеяларды қалыптастыруға ықпал етеді. Мемлекет үздік кәсіпкер емес, стратегиялық нысандарды қоспағанда, экономика нарықтық жағдайда жемісті жұмыс істейді және жетілдіріледі.
Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетті құру
Сарапшы:
Қуаныш Бейсенғазин
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының директоры
Соңғы 10 жыл ішінде экономиканы несиелеу 1,8 есе өсті, ал осы кезеңде тұтынушылық несиелеу шамамен 7 есе өсті. Осыған байланысты экономикадағы кредиттер құрылымында тұтынушылық кредиттеудің күшті өсуі байқалды (2010 жылғы 8% - дан 2020 жылы 30% - ға дейін).
Дағдарыс кезінде халықтың нақты табысының төмендеуі секторда NPL-дің күрт өсуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан Комитетті құру кредиттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ кредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді саралауға және төмендетуге ықпал ететін болады.
ШОБ-ті қолдау және салықтық жеңілдіктер туралы
Сарапшы:
Қуаныш Бейсенғазин
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының директоры
Президент бюджеттен тыс қорларға төлемдер бойынша жеңілдіктерді жыл соңына дейін ұзартуды тапсырды. Бұл жұмыс беруші зейнетақы, әлеуметтік және басқа да аударымдарды жыл соңына дейін төлеуге тиіс емес дегенді білдіреді. Бұл Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар топтамасына қосымша көмек, бұл біздің қиын кезеңде ШОБ-ты одан әрі қолдауға ықпал етеді.
Барлық мақалалар