03.06.2023
Жыл басынан бері Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті.
Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, ауылдық округ әкімдерін сайлауға кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан басталды.
Сайлау науқаны басталғаннан бері 52 үміткер ұсынылды, олардың 4-і тіркеу рәсімінен өтпеді. Нәтижесінде 48 кандидат тіркеліп, сайлау бюллетеніне енгізілді.
Кандидаттардың ең көп саны келесі партиялардан ұсынылды: «Аманат» партиясынан 12 кандидат, «Ақ жол» партиясынан 5 кандидат, «Ауыл» партиясынан 1 кандидат, қалған 30 кандидат өзін-өзі ұсынғандар болды.
Орта есеппен әр лауазымға 3 адам үміткер болды. Кандидаттардың орташа жасы 39 жасты құрады. Ең жас кандидат 25 жаста, ал ең жасы үлкен кандитат 57 жаста.
Жалпы сайлау облыстың жеті ауданында 11 ауылдық округ бойынша өтті, онда тұрғындарға өз ауылдық округтерінің әкімдерін тікелей сайлау қажет болды:
- Алға ауданының Қарабұлақ ауылдық округі;
- Мұғалжар ауданының Ақкемер, Құмсай, Батпақкөл ауылдық округтері;
- Хромтау ауданының Көктөбе ауылдық округі;
- Қобда ауданының Ақрап, Бұлақ ауылдық округтері;
- Ырғыз ауданының Құмтоғай ауылдық округі;
- Қарғалы ауданының Кемпірсай ауылдық округі;
- Шалқар ауданының Кауылжыр, Шетіргіз ауылдық округтері.
Қазақстанда аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы 2021 жылдың тамызында өткенін атап кеткен жөн. 2021 жылы өткен ауыл әкімдерінің сайлауында Ақтөбе облысында сайлаушылардың келуі 79%-ті құрады.
Жаңа сайланған әкімдер әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтер мен игіліктердің қолжетімділігін арттыру мәселелерін шешуі керек.
Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары ерекше назар аударуды қажет етеді. Жергілікті жолдар – Ақтөбе облысының басты мәселелерінің бірі. Жергілікті маңызы бар жолдардың шамамен 35%-і қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Осы бағытта жаңа әкімдерге өз аудандарында «Ауыл – Ел бесігі» жаңғырту жобасын табысты іске асыруды қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселе өте өзекті, өйткені Ақтөбе облысының ауылдық елді мекендерін Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес объектілермен және қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету 68,7% -ті құрайды.
Садуахасова Диана, Өмір сапасы орталығының сарапшысы
Барлық мақалалар