05.06.2023
Әрбір өңір өзінің бес жылдық кезеңге арналған Даму жоспарын әзірлейді және олардың іске асырылуы туралы есептерді жыл сайын дайындайды, аталған есептер Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің сайтында жарияланады.
Өңірлерді дамыту жоспарларын іске асыру қорытындыларын талдауды 2022 жылы құрылған Абай облысынан бастайық.
Анықтама: облысқа барлығы 8 аудан, 2 облыстық маңызы бар қала және 2 аудандық маңызы бар қала, 327 ауыл кіреді.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны – 610,2 мың адам, қала халқы – 60,8%, ауыл халқы – 39,2%.
Өңірдің шекара маңында орналасуы көлік-логистикалық әлеует пен шекара маңындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін дамытуға ықпал етеді: облыс солтүстікте Ресей Федерациясымен (Алтай өлкесі), оңтүстік-шығыста Қытаймен (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) шектеседі.
Облыстың осы саладағы Даму жоспарының жобалары Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары барысында айтқан Орталық Азия мен Қытай елдері ынтымақтастығының басымдықтары аясында ерекше маңызға ие болады.
Облыстың көліктік қолжетімділігін арттыруға бағытталған осындай жобалардың бірі «Бақты» өткізу пункті арқылы «Бақты-Аягөз» теміржол желісін салу болып табылады.
Өңірдегі көліктік қолжетімділік қолданыстағы 2 автомобиль көпіріне күрделі жөндеу жүргізу және Семей қаласында жаңа автожол көпірін салу, сондай-ақ Ертіс өзені бойынша кеме қатынасын қалпына келтіру жолымен дамитын болады.
Облыста көмір, бағалы металдар, мыс кендерін өндіру бойынша ірі кәсіпорындар («Қаражыра» АҚ, «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС, «Gold Minerals» ЖШС, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС, «Шығыстүстімет» ЖШС және басқалар) орналасқан.
Анықтама: 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс индексі 109,7%-ды құрады. Бұл ретте өсім негізінен тау-кен өндіру өнеркәсібі, құрамында мыс және алтын бар кендердің өндірісін ұлғайту, мыс концентраттарын өндіру есебінен қамтамасыз етіледі.
Табиғи пайдалы қазбалар кен орындарының болуы облысты инвестициялық тартымды өңірлер қатарына қосады. Облыстар бай минералды базаның жоғары технологиялық өндірістерді құруға негіз болуы үшін шаралар қабылдауы қажет.
Абай облысын Дамыту жоспарының өзінде облыс экономикасының негізгі проблемалары өндірістік қуаттардың төмен жүктемесі, негізгі өндірістік қорлардың тозуының жоғары дәрежесі, өндірістегі және жаңа технологияларды енгізудегі инновациялардың төмен деңгейі, өндірісті кеңейту және жаңғырту үшін кәсіпорындардың айналым қаражатының жеткіліксіздігі, жеткіліксіз дамыған инфрақұрылым болып табылатыны атап өтілді.
Облыстың экономикалық дамуының біртектілігі проблемалардың тұтас кешенін, оның ішінде аумақтық дамудың теңгерімсіздігімен байланысты проблемаларды қалыптастырады. Мысалы, өнеркәсіп өнімінің негізгі үлесі Семей қаласында (35,7%), Аягөз (33,6%) және Жарма (24%) аудандарында өндіріледі.
Осыған байланысты облыс экономикасын дамытудың бірінші кезектегі мақсаттарының қатарына әртараптандырылған және инновациялық экономиканы құру міндеттерін қосу заңды. Облысты Дамыту жоспарының қызықты жобаларының бірі жүк көтергіштігі 15 және 25 тонна болатын «DongFeng» автобустарын, «DongFeng» автомобильдерін өндіруді игеру болып табылады.
Өңір коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйіне ерекше назар аударуы керек. Осылайша, өңір Даму жоспарының шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуын азайту жөніндегі нысаналы индикаторына қол жеткізе алмады, 54,2% жоспармен факт 71,1%-ды құрады. 2022 жылы Курчатов, Аягөз және Шар қалаларында көлік және инженерлік инфрақұрылым бойынша жобалар көзделмеген.
Бұдан басқа, 2022 жылы тұрғын үй иелері мен табиғи монополиялар субъектілерінің есептілікке сәйкес жылу мен суды есепке алудың жалпыүйлік аспаптарымен қамтамасыз ету деңгейі бойынша нысаналы индикаторға қол жеткізілмеді.
Сондай-ақ, ана өлімі көрсеткішінің нашарлауы алаңдаушылық туғызады, 100 мың тірі туылғанға 14 промилле жоспармен факт 28,9 промиллені құрады, 2022 жылы ана өлімінің 3 жағдайы тіркелген.
Тұрғындардың субъективті пікірін зерттеуді талап ететін екі индикатор бойынша – «Халықтың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейі» және «Медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне халықтың қанағаттану деңгейі» – әлеуметтік сауалнама жүргізілмеген.
Сонымен қатар, Азия даму банкінің қолдауымен «Өңірлік теңсіздікті зерттеу» жобасы шеңберінде 2022 жылғы тамыз-қараша айларында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ жүргізген әлеуметтанулық сауалнама шеңберінде өңірлердегі қала және ауыл тұрғындарының өз әл-ауқатын қабылдау мәселелері талданған.
Сауалнама нәтижелері тұрғындардың пікірінше, облыстың негізгі проблемаларына инфрақұрылым сапасы мен медициналық қызмет көрсету сапасы кіретінін көрсетті. Мысалы, сауалнамаға қатысқандардың тек 33,9%-і медициналық қызмет көрсету деңгейіне қанағаттанған (ел бойынша орташа көрсеткіш – 45,2%).
Облыс тұрғындары инфрақұрылымның сапасын өте төмен бағалады. Мәселен, Абай облысындағы жолдардың сапасы 1,89 баллға (4-балдық шкала бойынша), қоғамдық көлік 1,81 баллға, электрмен жабдықтау 2,44 баллға, жылумен жабдықтау 2,66 баллға, сумен жабдықтау 2,69 баллға, кәріз жүйесі 2,44 баллға бағаланды.
Сауалнама нәтижелері Абай облысының тұрғындары үшін судың (4 баллдан 2,84 балл) және ауаның (2,60 балл) ластануы маңызды мәселе болып табылатынын көрсетті. Жалпы, облыста сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі (57%) климаттың өзгеруіне алаңдайды.
Облыстың ауылдық аумақтарын дамыту бөлігінде Даму жоспарының тірек және серіктес ауылдарды Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес жаңғырту жөніндегі индикаторы орындалды.
Облыста барлығы 47 жоба іске асырылды, оның ішінде:
- Ақсуат ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды;
- Кентішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша 25 жоба;
- Көше жарығын орнату бойынша 15 жоба;
- Бородулиха ауданының Новопокровка ауылындағы орта мектеп ғимараттарын, Ақсуат ауылындағы екі орта мектепті, Ақсуат ауылындағы мәдениет үйін, шаруашылық блокты және Жарма орталық аудандық ауруханасының желдету жүйесін күрделі жөндеу.
Өңір 2022 жылдың жартысында ғана жаңа мәртебеде әрекет етіп отыр. Өңір экономика мен әлеуметтік саладағы жүйелі проблемаларды белсенді түрде шешіп, өзін-өзі қамтамасыз ететін, көркейген өңірге айналуға тиіс.
Барлық мақалалар