25.07.2023
2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму Ғаламдық күн тәртібі аяқталғанға дейінгі жолдың жартысы қалуда. Бүгінгі таңда көптеген адамдар келесі сұраққа жауап іздеуде: «2030 жылға қарай әлемде тұрақты дамуды қамтамасыз ету мүмкін бе?»
Әзірге сұраққа нақты жауап беру қиын. Әлемде 17 ТДМ-ге қосылған 193 ел үшін тұрақты даму мақсаттарының (бұдан әрі – ТДМ) іске асырылуын мониторингілеудің әмбебап әдісі әлі қалыптасқан жоқ. Дегенмен, 2016 жылдан бастап жыл сайын Тұрақты даму индексі жарияланады. Алайда, бұл индекс елдердің немесе халықаралық ұйымдардың ашық көздерінде қолжетімді деректер бар индикаторларды ғана қамтиды. Сондықтан бұл индексті әлем елдеріндегі ТДМ мониторингінің толыққанды құралы ретінде қабылдауға болмайды.
Соңғы жылдары халықаралық ұйымдардың зерттеулерінің нәтижелері бойынша бірнеше баяндамалар жарияланды, олардың негізінде болжамды кезеңге тұрақты дамуға қол жеткізу мүмкіндіктері туралы кейбір қорытындылар жасауға болады.
2022 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Тұрақты даму саласындағы мақсаттар туралы баяндама жариялады. Баяндама авторлары Тұрақты даму мақсаттарының іске асырылу барысы туралы деректерді жинауда айтарлықтай прогреске қол жеткізілгенін атап өтті. Баяндама деректеріне сәйкес ТДМ ғаламдық дерекқорына енгізілген көрсеткіштер саны 2016 жылғы 115-тен 2022 жылы 217-ге дейін өсті. Дегенмен, авторлардың деректері бойынша, географиялық қамту, уақтылық және бөлшектеу деңгейі тұрғысынан деректерде әлі де айтарлықтай олқылықтар бар. Сондықтан 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Күн тәртібін жүзеге асыру жолындағы прогресс қарқынын және өңірлер арасындағы айырмашылықтарды толық бағалау қиын, сондай-ақ ТДМ «Ешкімді шетте қалдырмау» негізгі қағидатының қамтамасыз етілуін бағалау қиын.
Бүгінгі таңда 17 ТДМ-нің 8-і халықаралық деңгейде салыстырмалы болып табылады. Егер ТДМ 3 «Жақсы денсаулық» және ТДМ 7 «Қымбат тұрмайтын энергия» бойынша деректері елдердің 80 проценттен астамында болса, онда ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» бойынша деректері елдердің шамамен 20 процентінде ғана бар.
БҰҰ баяндамасының авторлары үлкен тәуекелдер бар екенін және ТДМ толық көлемде қол жеткізілмеуі мүмкін екенін атап өтті. Баяндама авторларының зерттеуіне сәйкес келесі мақсаттарға қол жеткізілмеуі мүмкін:
«Кедейлікті жою»
COVID-19 пандемиясы мен геосаяси жағдайларға байланысты жеткізу тізбегі бұзылып, азық-түлік бағасының жаппай өсуіне әкеледі. БҰҰ-ның болжамды деректері 2022 жылдың қорытындысы бойынша ақырғы кедейлік жағдайындағы адамдардың саны бойынша тағы 95 млн адамға ұлғайды (75 млн жаңа кедейлер -COVID-19 салдарынан, 20 млн — соғыс іс-қимылдары мен көші-қон дағдарысы салдарынан).
«Аштықты жою»
2014 жылдан бастап ашаршылыққа ұшырағандар саны үздіксіз өсуде. 2021 жылдың қорытындысы бойынша планетаның әрбір 10-шы тұрғыны тамақ жетіспеуін бастан кешуде (828 млн.адам). Теріс факторларға әскери шиеленістер де қосылады. Солай, БҰҰ мәліметтері бойынша Украина мен Ресей әлемдік бидай экспортының 30% қамтамасыз етті, олардан кем дегенде 50 ел бидай сатып алды.
«Салауатты өмір салты және әл-ауқат»
Әлемдегі барлық елдердің 92%-і пандемияға байланысты денсаулық сақтау жүйесінің бұзылуын бастан өткізді. COVID-19 115,5 мың медицина қызметкерінің өмірін қиып, дамушы өңірлерде кадрлар тапшылығы проблемасын қиындатты.
«Барлығына сапалы білім беру»
COVID-19 пайда болғанға дейін мектеп жасындағы әрбір бесінші баланың мектепке баруға мүмкіндігі болмады. БҰҰ бағалауы бойынша COVID-19 салдарынан мектепті жіберіп алған 24 миллион бала оқуға қайта оралмайды. Бұдан басқа, әлемде бастауыш мектептердің төрттен бірінде әлі күнге дейін электр жоқ.
«Таза су және санитария»
Бүгінгі таңда планета тұрғындарының 25%-і қолдарын сумен және сабынмен жууға мүмкіндігі жоқ. 2 млрд. адам әлі күнге дейін күн сайын таза су іше алмайды. Баяндамада ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қойылған мақсаттарды мерзімінде орындау үшін іске асыру қарқыны төрт есеге ұлғаюы тиіс.
«Лайықты жұмыс және экономикалық өсу»
Соғыс іс-қимылдары мен геосаяси шиеленістерге байланысты жеткізу тізбегінің бұзылуы 2022 жылы экономикалық өсуді күтуді 3%-тен 2,1%-ке дейін төмендетті.
«Климаттың өзгеруімен және оның салдарымен күресу»
Пандемия мен әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты дағдарыстар климаттық өзгерістерге қарсы шұғыл шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді. Ғаламдық жылынуды индустриялдық деңгейге дейін 1,5 °C шегінде ұстап тұру үшін әлемдік парниктік газдар шығарындылары 2025 жылға дейін өз шыңына жетуі керек, 2030 жылға қарай - 43%-ке төмендеп, ал 2050 жылға қарай - нөлге дейін төмендеуі керек. Алайда, елдердің бүгінгі күнге дейін алған міндеттемелері бұл үшін текке жеткіліксіз. Сарапшылар қазіргі сценарийде парниктік шығарындылар алдағы 10 жылда азайып қана қоймай, 14%-ке өсетінін атап өтуде.
БҰҰ ЕЭК-тің «2030 жылға қарай жарты жолда» тақырыбындағы баяндамасы ТДМ-ға қол жеткізу үшін прогресті жеделдету керек екенін көрсетеді. Баяндама авторлары 169 тапсырманың 40%-і ресми статистикамен лайықты түрде өлшей алмайтынын атап өтті. Баяндама деректері бойынша өңір ана мен бала өлімі және жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу жолында орналасқан. Кедейлік пен аштықты жою мәселесі осы баяндаманың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Деректерге сәйкес, кедейлік пен табыс теңсіздігін азайту жөніндегі мақсаттарға 2030 жылға қарай қол жетілмейді.
БҰҰ ЕЭК аймағындағы әрбір бесінші адам көп қырлы кедейлікке тап болады. Ал көптеген елдерде табыс теңсіздігі күшеюде. Тамақтану мен азық-түлікпен тұрақты жабдықтау саласындағы өңірлік прогресс жеткіліксіз болды.
Расы, жақсы жаңалықтар да бар: мүгедектер мен кішкентай балалары бар отбасылар сияқты ең осал топтар жалпы әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтылған. Бұл ретте, пандемия кезінде саны өскен жұмыссыздардың жартысынан азы ақшалай жәрдемақы алады.
БҰҰ ЕЭК баяндамасының авторлары лайықты еңбек пен экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша көптеген міндеттерді шешу тым баяу жүріп жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, ұлттық экономиканың барлық аспектілеріне әсер еткен пандемияның салдары берілген бағалау үшін қол жетімді деректерде әлі көрсетілмеген.
Орташа алғанда, өңір халқының 21%-і қауіпсіз санитарлық қызметтерді пайдаланбайды. Ластанудың ықтиимал қауіпті деңгейі бар су объектілерінің үлесі деректері бар елдердің үштен бірінде өсуде.
Соңғы деректер теңіз ортасының ластануын азайту және жағалау маңындаңы аумақтарын сақтау саласындағы прогресстің баяулағанын көрсетеді.
Өңір ормандарды тұрақты басқару бағытында жылжуда. Аймақтың көптеген елдерінде орман алқабы көбейіп келеді, бірақ 2030 жылғы мақсаттарға жету үшін жеткілікті тез емес. Аймақта биоәртүрліліктің жоғалуын тоқтату мүмкін емес.
Айта кету керек, пандемия салдарының оң жақтары да бар. Оң жағы болып пандемияға байланысты өнеркәсіп пен көліктегі өзгерістер өңірдің тұрақты және таза индустрияландыруға қарай жылжуына ықпал етуі мүмкін. Алайда инфрақұрылымның дамуы әлсіреуде. Қойылған мақсаттарға жету үшін қосымша инвестициялар қажет.
Жоғарыда аталған жағдайлар Қазақстан үшін де өзекті, өйткені 1994 жылғы 31 қаңтардан бастап біздің еліміз БҰҰ ЕЭК мүшесі болып табылады.
2022 жылғы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ТДМ-ға қол жеткізу барысы туралы баяндамада COVID-19 пандемиясы мен климаттың өзгеруіне байланысты ТДМ-ға қол жеткізудегі прогресс баяулағаны атап өтілді. Азия-Тынық мұхиты өңірінде индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым саласындағы айтарлықтай прогреске және қымбат тұрмайтын және таза энергиямен қамтамасыз етуге қарамастан, бұл процестің қарқыны 2030 жылға қарай алға қойған мақсаттарға жету үшін тым баяу болды. Айналмалы экономиканы қамтамасыз ету және климаттың өзгеруімен күресу үшін климаттық дағдарыстың шиеленісуі жағдайында да шегініс байқалады. ТДМ-ға қол жеткізудегі прогресстің әркелкілігі артта қалуға ең көп тәуекел ететін халықтың осал топтарының өмірінен көрінеді. Сарапшылар ең артта қалушылар, соның ішінде әйелдер, ауыл тұрғындары және аз қамтылған үй шаруашылықтарын қоса отырып, әдеттегідей, айтарлықтай осал жағдайға бейім екенін атап өтті.
Тұрақты даму саласындағы Күн тәртібі адамдардың өмірін жақсарту үшін әзірленген. Алайда, 2022 жылғы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ТДМ-ға қол жеткізу барысы туралы баяндамада ұсынылған болжамға сәйкес, қазір ТДМ-ға қол жеткізу тіпті 2065 жылы күтілуде және жыл сайын алшақтық артып келеді. Бұл әл-ауқатты қамтамасыз ету бойынша қиындықтар күтілетіні туралы айтылуда.
Қорытынды
Кез-келген елдегі стратегиялық жоспарлаудың негізгі міндеті болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыру дәрежесін шектемей, адамдардың әл-ауқатын қамтамасыз етумен болады. Ол үшін тұрақты дамуды қамтамасыз ету қажет және күн сайын тұрақты даму мақсаттарының өзектілігі өсетін болады. Бұл ретте, жоғарыда аталған зерттеулердің нәтижелерін талдау 2030 жылға қарай тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге кепілдік беру қиын екенін көрсетеді.
Тұрақты даму жөніндегі Ғаламдық күн тәртібіне қосылған барлық елдер жедел шаралар қабылдауы тиіс. Бұл күш-жігерді біріктіруді және өңірлік ынтымақтастықты дамытуды, әсіресе деректер қорын қалыптастыру және мақсаттық көрсеткіштерді болжау бөлігінде талап етеді. Бұдан басқа, әкімшілік деректер мен жеке сектор деректерін қамтитын өңіраралық мониторинг платформаларын құру өзекті проблемаларды шешу жолдары мен тәуекелдерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Хамбар Бақытгүл
жөніндегі хатшылықтың директоры
Барлық мақалалар