Әйелдердің экономиканы дамытудағы рөлі

29.09.2023

«Экономикадағы әйелдер» айдары
 
Әйелдердің экономиканы дамытудағы рөлі
Ғасырлар бойы әйелдер көптеген елдерде экономикалық дамуға айтарлықтай әсер етті.

 
Мысалы, ежелгі әлемде ауқатты отбасылардан шыққан әйелдер үй шаруашылығына назар аударса, ең кедей немесе құл әйелдер төмен біліктілік қажет болған жерлерде жұмыс жасады.

Ежелгі Грецияда әйелдердің үйден тыс жерде жұмыс істеуі де орын алды. Әйелдер тұз, нан сатумен айналысты, кір жуушы болып жұмыс істеді. Азия елдерінде де жағдай сондай болды.
 
XIV ғасырға қарай әйелдерді ер адамдармен бірге тігіншілер, шаштараздар, тіпті, ағаш ұсталары гильдияларына қабылдады. Кейбір гильдиялар тек әйелдерден тұрды, оған мысал: шілтер дайындау гильдиясы.

Гильдиялардың орнына көпестер келіп, жұмысшыларға құрал-саймандар мен материалдар ұсынған, ал олар қолөнер бұйымдарын жасап, өздеріне тапсырыс берілген өнімді көпестерге тапсырған. Осылайша, әйелдер белгілі бір қолөнерде көрсеткен шеберлігі үшін жалақы ала бастады. Бірақ, әйелдердің әлеуметтік мәртебесінің төмендігіне байланысты олардың еңбегі үшін ерлерге қарағанда әлдеқайда төмен төленді.

XVIII ғасырда қол еңбегін машиналар ығыстыра бастады. Нәтижесінде әйелдер жалақысы бар жұмыс орындары үшін ер адамдармен тікелей бәсекелесе бастады.

Тарих ерлер мен әйелдердің теңдігі тек этика мен әділеттілік қана емес, сонымен бірге экономикалық өсу мәселесі екенін көрсетеді. 

ХІХ ғасырда әйелдерге өз қаражаттары мен жалақыларын басқару құқығы берілгеннен кейін, банктерде салымдар өсе бастады, несиелер саны көбейді және проценттік мөлшерлемелер төмендетілді. Бұл индустрияландырудың жедел дамуына әкелді.
 
Негізінен әйелдер жұмыс істейтін барлық салалар дамыды (тоқыма, тігін, шұлық, темекі өндірісі, үй қызметшісі). Ғасырдың аяғында әйелдер телефон операторлары, кеңсе және сауда қызметкерлері, медбикелер, бастауыш сынып мұғалімдері, қоғамдық тамақтандыру, 
сауда қызметкерлері мамандықтарын игерді.

Экономиканың жетістіктері көп жағдайда әйелдердің жұмыс жасауына байланысты. Олар өндірістің барлық салаларында жұмыс күшінің көрнекті бөлігіне айналды. Осылайша, 1880 жылы АҚШ-та 2,6 млн жұмыс істейтін әйелдер болды (көбінесе үй қызметіндегі әйелдер, медбикелер мен тәрбиешілер). 1890 жылға қарай АҚШ-та 4 млн, 1900 жылы - 5,1 млн, 1910 жылы - 7,8 млн жұмысшы әйел болды.
 
ХХ ғасыр - орасан зор әлеуметтік өзгерістер мен саяси толқулар, ғылыми-техникалық прогресс пен жаһандану дәуірі. Бір ғасыр ішінде қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өзгерістерімен бірге әйелдің әлеуметтік мәртебесі де өзгерді. Әйелдердің экономикадағы және қоғамдық өндірістегі рөлі күшейе түсті. Еуропа эмансипация жолында компаниялардың директорлар кеңесінде әйелдердің қатысуын квоталауға келді. Алайда, бұл жерде экономикалық әсер әйелдер материалдық өндіріс саласындағы еркектерді жұмыс күші ретінде алмастырған кезеңдегідей айқын болмады.

Қазіргі жағдайда әйелдер кедергілерді жеңе отырып, экономикаға үлкен үлес қосуды жалғастыруда. Әйелдер экономикаға олардың кәсіпкерлігі арқылы да әсер етеді. Олар өз бизнестерін құруда, инновациялық идеяларды дамытуда, экономикалық өсуге лайықты үлес қосуда. Көптеген табысты бизнес-ханымдар рөлдік модельге айналады және басқа әйелдерді өздерінің кәсіпкерлік армандарын жүзеге асыруға шабыттандырады.

Айта кету керек, әйелдер әлеуметтік жауапты бизнесте де маңызды рөл атқарады. Олар көбінесе тұрақты дамуға, этикалық тәжірибеге және қоғамдастықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Бұл әділ және тұрақты экономиканы құруға ықпал етеді.




Барлық мақалалар

Қарау саны: 0
Сақталған: 22.12.2024





... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!