12.10.2023
Еңбекке қабілетті халық үлесінің өзгеруі еңбек нарығы мен экономикаға айтарлықтай әсер етеді.
Еңбекке қабілетті жастағы халықтың өсуі неғұрлым серпінді экономикалық дамуға мүмкіндік береді және сонымен бірге жұмыс орындарын құруда және еңбек нарығының жаңа қатысушыларын интеграциялауда қиындықтарға әкеледі. Халық құрылымында оның үлесінің қысқаруы экономикалық өсуге, бәсекеге қабілеттілікке, халықтың әл-ауқатына және т.б. қауіп төндіреді.
Қазақстанда еңбекке қабілетті халық санының жыл сайын өсуі байқалады. Бұл жағдайда өсу серпіні басқа негізгі жас топтарына қарағанда айтарлықтай төмен. Статистика деректері бойынша 2023 жылдың басында 2010 жылдың басымен салыстырғанда 15 пен 64 жас аралығындағы халық саны 9,7%-ке (1,1 млн адамға) өсіп, 12,3 млн адамды құрады. Осы кезеңде 0-14 жас аралығындағы балалар саны 48,7%-ке (3,9 млн адамнан 5,8 млн адамға дейін), ал 65 жастан асқан қарттар – 51,4%-ке (1,1 млн адамнан 1,7 млн адамға дейін) өсті. Тиісінше, балалар мен қарт адамдар санының қарқынды өсуі аясында еңбекке қабілетті халықтың үлесінің біртіндеп төмендеуі және оларға демографиялық жүктеменің артуы байқалады.
2023 жылдың басында 15 пен 64 жас аралығындағы халықтың үлесі 62,0% құрады, бұл – ел тәуелсіздігі кезеңіндегі ең төменгі көрсеткіш. Еңбекке қабілетті халықтың ең жоғары үлесі тіркелген 2010 жылмен салыстырғанда іс жүзінде 7 проценттік тармаққа төмендеу орын алды. Өз кезегінде, 0-14 жас аралығындағы балалардың үлесі 24,0%-тен 29,6%-ке дейін, ал 65 жастан асқан қарттардың үлесі 6,8%-тен 8,2%-ке дейін өсті.
2010-2023 жылдар кезеңінде еңбекке қабілетті халыққа жалпы демографиялық жүктеме коэффициенті 36,1%-ке өсті. Егер 2010 жылдың басында елде 1000 еңбекке қабілетті азаматқа (15-64 жас) 450 бала (0-14 жас) және қарт адамнан (65 жастан асқан) келсе, 2023 жылдың басында – 613 болды.
Демографиялық жүктеменің жыл сайынғы өсуі балалар мен қарттардың есебінен жүреді, ал соңғы жылдары дәл қарттардың жүктемесі артып келеді. Жалпы, 2023 жылдың басында еңбекке қабілетті жастағы 1000 адамға шаққанда демографиялық жүктеме 476 баланы (жиынтық жүктеменің 77,7%-і) және 137 қартты (22,3%) құрады.
Елдегі еңбекке қабілетті халық үлесінің жыл сайынғы төмендеуі негізінен туудың жоғары деңгейімен және халықтың жас құрылымындағы өзгерістермен байланысты: 1990 жылдардың екінші жартысы мен 2000 жылдардың басында дүниеге келген саны аз ұрпақтың жұмыс жасына енуі және ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы елдегі демографиялық жарылыстың бірінші толқынының өкілдері болып табылатын халықтың көптеген когортасының біртіндеп егде жасқа ауысуы.
Сондай-ақ, өлім-жітімнің жас құрылымы (елдегі барлық өлім-жітімнің шамамен 40%-і еңбекке қабілетті халыққа тиесілі) және көші-қон (2016-2021 жылдар кезеңінде көші-қонның теріс сальдосындағы 15-64 жас аралығындағы халықтың үлес салмағы орта есеппен 66%-ті құрады) өз әсерін тигізеді.
БҰҰ болжамының орташа нұсқасына сәйкес Қазақстанда еңбекке қабілетті халық үлесінің төмендеуі 2027 жылға дейін жалғасады. Кейіннен, 2040 жылға дейін олардың үлесінің өсуі байқалады, содан соң қайтадан төмендеу басталады. 2060 жылға дейінгі кезеңде еңбекке қабілетті жастағы халықтың ең көп үлес салмағы 2040 жылға қарай болады, ол 63,6%-ті құрайды. Төмен нұсқада (егер туу деңгейі орташадан төмен болса) еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі 66%-ке жетуі мүмкін.
Қазақстан халқының қазіргі заманғы жас құрылымының қалыптасуына эволюциялық факторлардан басқа, бірқатар пертурбациялық факторлар мен көші-қон процестері үлкен әсер етті. Нәтижесінде елдің жыныстық-жас пирамидасы айтарлықтай деформацияланған және еңбекке қабілетті жастағы халықтың үлесінің өзгеруі толқынды сипатқа ие, яғни, төмендеуден кейін қайта өседі және керісінше.
Халықтың жас құрылымының бұл ерекшелігі және елдегі туу үрдісі, ең болмағанда, жақын арада «демографиялық дивиденд» деп аталатын жедел экономикалық өсу үшін «мүмкіндіктер терезесінің» пайда болу ықтималдығын азайтады.
Қазақстанда еңбекке қабілетті халықтың ең көп үлесі және экономикалық өсу үшін мүмкіндіктердің белгілі бір демографиялық терезесі 2000-шы және 2010-шы жылдары байқалды. Дәл осы кезеңде елдегі қарқынды экономикалық өсу байқалады, оның негізгі қозғалтқышы көмірсутек шикізаты мен минералдар экспортының ұлғаюы болды.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2000 жылғы 1,2 мың АҚШ долларынан 2013 жылы 13,9 мың АҚШ долларына дейін ұлғайды. Қазақстанда экономикалық өсуге белгілі бір дәрежеде еңбекке қабілетті халықтың үлесі де ықпал етуі мүмкін. Алайда, еңбекке қабілетті жастағы халық үлесінің ұлғаюының елдің экономикалық дамуына қосқан үлесі де, жалпы алғанда, халықтың жас құрылымының өзгеруінің елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсері де әлі толық зерттелмеген.
Анықтама үшін:
Демографиялық дивиденд – негізінен еңбекке қабілетті жастағы (15 жастан 64 жасқа дейін) халықтың үлесі еңбекке жарамсыз жастағы (15 жасқа толмаған және 65 жастан асқан) халықтың үлесінен асқан кезде халықтың жас құрылымындағы өзгерістерден туындауы мүмкін экономикалық өсу әлеует.
Демографиялық дивидендті жүзеге асыру үшін елде демографиялық ауысу болуы керек – жоғары туу мен өлім-жітімнен төмен туу мен өлім-жітімге ауысу.
Бала туудың төмендеуімен жыл сайын елдегі жас асыраудағы халықтың саны еңбекке қабілетті жастағы халыққа қатысты азаяды. Қолдауға мұқтаж адамдар аз болған кезде, егер тиісті әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізіліп, адам капиталына инвестициялар салынса, елде жедел экономикалық өсуге мүмкіндіктер терезесі бар. Бала туудың төмендеуі әйелдердің бала туудан және бала тәрбиесінен босатылуына әкеледі, бұл жұмыс күшінің ұсынысын одан әрі арттырады.
Демографиялық дивиденд тұжырымдамасы алғаш рет 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында халықтың жас құрылымындағы өзгерістер мен Шығыс Азия елдеріндегі (Қытай, Оңтүстік Корея және т.б.) жедел экономикалық өсу арасындағы байланысты сипаттау үшін енгізілді. Зерттеу нәтижелері халықтың жас құрылымындағы қолайлы өзгеріс осы аймақ елдеріндегі «экономикалық ғажайыптың» негізгі факторларының бірі екенін көрсетті.
Қорытындылай келе келесі тұжырымдар жасауға болады:
- Қазіргі уақытта ел экономикаға қолайсыз демографиялық өзгерістер сатысында тұр, бұл еңбекке қабілетті халық үлесінің төмендеуінен және демографиялық жүктеменің ұлғаюынан көрінеді;
- Ел халқының жас құрылымының ерекшелігіне байланысты бұл үрдіс уақытша сипатқа ие. Қазіргі уақытта бала жасындағы көптеген жас ұрпақтың еңбекке қабілетті жасқа енген сайын еңбекке қабілетті халықтың үлесі артады деп күтілуде. Өсу мөлшері мен серпіні, ең алдымен, елдегі туу деңгейінің болашағына байланысты;
- Елдегі еңбекке қабілетті жастағы халық үлесінің өзгеруі толқынды сипатқа ие. БҰҰ болжамының орташа нұсқасы бойынша өсуден кейін төмендеу жүреді және керісінше;
- Елде халықтың қартаю процесі белсенді жүріп жатыр, сәйкесінше қарт адамдардың еңбекке қабілетті халыққа демографиялық жүктемесі артуы, балалары барлары – әлсіреуі ықтимал;
- Тұтастай алғанда, халықтың жас құрылымының ерекшелігі және туу деңгейінің перспективалары әлемнің кейбір аймақтарында (Сахараның оңтүстігіне қарай Африканың көпшілік елінде, сондай-ақ Азияның, Латын Америкасының және Кариб бассейнінің бөліктерінде) байқалатын немесе күтілетін демографиялық дивиденд алу үшін ең қолайлы жағдайды (еңбекке қабілетті халық үлесінің айтарлықтай өсуі) қалыптастыруды көздемейді;
- Сонымен қатар, БҰҰ-ның болжамды деректері бойынша Қазақстанда демографиялық ауысудың неғұрлым озық кезеңдерінде Шығыс Азия, Еуропа және Солтүстік Америка елдеріндегідей еңбекке қабілетті халық үлесінің айтарлықтай төмендеуі күтілмейді.
Анас Абуов
ТДМ жөніндегі Хатшылықтың жетекші сарапшысы
Барлық мақалалар