Климат өзгеруінің жол жағдайына әсері

15.10.2023

Бүгінгі таңда климат өзгеруінің қоғамның одан әрі өмір сүруіне зиянды әсері туралы зерттеулер көп. Экономиканың дамуына және климаттың өзгеруіне әсер ететін маңызды салалардың бірі автомобиль жолдары болып табылады.
 
Қазақстандағы автомобиль жолдарының ұзындығы 94 781 км (2023 жылғы 1 қаңтарға). Мақсаты бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар 26,2%, облыстық маңызы бар жолдар – 33,5%, аудандық маңызы бар жолдар – 40,1% құрады.
 
Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ең көп ұзындығы Шығыс Қазақстан (3414 км), Қарағанды (2815 км), Алматы (2 817 км) және Ақмола (2 362 км) облыстарына тиесілі.

Қозғалыс қауіпсіздігі, жолдардың өткізу қабілетін арттыру мақсатында олардың жағдайы үлкен маңызға ие. Өңірлік бөліністе 2021 жылы жақсы жағдайдағы жолдардың ең көп үлесі Маңғыстау – 95%, Жамбыл – 95%, Павлодар – 90%, Шығыс Қазақстан және Қарағанды – 89% облыстарына тиесілі. 
Батыс Қазақстан облысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың ең аз үлесі байқалды – 39%.


Жолдардың жай-күйіне әсер ететін факторларға өтіп бара жатқан көліктен түсетін жүктемелердің әсері, ауа-райы-климаттық жағдайлардың әсері (теріс температура, қар, жаңбыр және т.б.) және жердің топырақ-геологиялық құрылымы жатады.

Соңғы үш онжылдықта климат бүкіл планетада, оның ішінде, әрине, Қазақстан аумағында да өзгеруде. Мысалы, 2021 жылы Қазақстан бойынша ауаның орташа жылдық температурасы 1961-1990 жылдар кезеңіндегі климаттық нормадан 1,58 °С жоғары болған және бұл – 1941-2020 жылдар кезеңіндегі ең жылы жылдардың бесінші шамасы болып келеді.
 
Түркістан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда бес облысы үшін 2021 жыл +1,89 °С-ден +2,28 °С-ге дейінгі ауытқулары бар экстремалды жылы жылдардың 5%-і қатарына енді, Атырау облысы үшін жыл рекордтық жылы болды – аумақ бойынша орташа аномалия +2,63 °С құрады. Батыс және оңтүстік өңірлердің 19 метеостанциясының деректері бойынша 2021 жыл 1941 жылдан бергі ең жылы жыл болды, мұнда температураның рекордтық ауытқулары +1,4-тен +3,2 ºС-ге дейін құрады.

Температураның жоғарылауы және ұзақ ыстық кезеңдер автомобиль жолдарының жағдайына теріс әсер етеді, бұл асфальт төсемінің жұмсаруына әкеледі. 30 °C-ден жоғары температура көлік жабдықтарының істен шығуына әкелуі мүмкін. Құрғақ және ыстық жаз жол жамылғысының тозуын және шөгуін тудырады, бұл оның жұмыс сипаттамаларының төмендеуіне әкеледі. Сондай-ақ, автомобильдердің қызып кетуі және шиналардың тозуы проблемалары туындайды. Температураның жоғарылауына байланысты тоңазытқыш техниканы пайдалану қажеттілігі артуы мүмкін, осыған байланысты жүк тасымалдау шығындары, әсіресе өңірдің жылы аймақтарында артады. Қыс мезгілінде температураның жиі өзгеруі де автомобиль жолдарының жабындысының бұзылуына ықпал етеді.

АҚШ-тағы 24 тақырыптық зерттеу негізінде сарапшылар тобының есептеулері бойынша, температураның көтерілуінің әрбір градус Цельсийі үшін жолдардың өмірлік циклінің құны 0,08% және 0,1%-ке артады, ал жол агенттігінің жолдарды күтіп ұстауға арналған шығыстары тиісінше халықаралық және республикалық жолдар үшін 0,45% және 0,41%-ке ұлғаяды.  Температураның жоғарылауына байланысты жолдардың өмірлік циклі мен агенттік шығындардың қымбаттауы тұрақты оң тәуелділікке ие.

Анықтама үшін:
Өмірлік цикл құны (LCC) — бұл активтің өмірлік циклі бойындағы жалпы құнын, оның ішінде бастапқы күрделі шығындарды, техникалық қызмет көрсету шығындарын, пайдалану шығындарын және активтің қызмет ету мерзімінің соңындағы қалдық құнын бағалайтын тәсіл.
Осылайша, бүгінгі күні осы әсердің жекелеген салалардың дамуына әсерін болжауды анықтау және қазіргі әрекеттер мен саясаттарды қайта қарау бойынша нақты іс-әрекеттерге көшу қажеттілігі туындайды.

Біріншіден, климаттың көлік инфрақұрылымының жағдайына әсер ету үрдісінде болжамдар мен есептеулерді қолдану қажет. Болжалды модельдерді пайдалану алдағы өзгерістер шығындарын бағалауға ықпал етеді. Мысалы, Экономикалық зерттеулер институты сарапшыларының e3.kz макроэкономикалық моделі арқылы жасалған бейімделу шараларын талдауы климаттың өзгеруіне жолдардың тұрақтылығын арттыру, мысалы, дренаждық құрылыстар немесе жаңа жабын құрылымы жолдарға әдеттегі инвестициялардың шығындарын 7-9%-ке арттыратынын көрсетті, бұл жылына 64-тен 82,5 млрд. теңгеге дейін құрайды. Климатқа төзімді жолдарға салынған инвестициялар залалды 50%-ке азайтады деп болжануда. Сонда бейімделудің жалпы экономикалық әсері ЖІӨ-нің сәйкесінше жылына 0,46% немесе 389 млрд. теңгеге өсуіне әкеледі. Жолдардың жақсаруына байланысты жол жүру уақыты және сәйкесінше көлік шығындары 1%-ке төмендейді.
 
Екіншіден, көлік жүйесін климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі іс-шаралар көрсетілетін құжаттарды әзірлеу қажет. Мысалы, Германияда 2016 жылдан бастап жеті ведомстволық ғылыми-зерттеу институтының тәжірибесі мен құзыреті «Көлік пен инфрақұрылымды климаттың өзгеруіне және ауа-райының күрт өзгеруіне бейімдеуге» бағытталған бағдарламаға біріктірілді. Бағдарлама білім мен дағдылардың пәнаралық алмасуына ықпал етеді. Осылайша, бұл климаттың өзгеруіне бейімделу және неміс экономикасының тұрақты дамуы үшін инновациялық шешімдердің әлеуетін тудырады.
 
2016 жылы Румыния «Румынияның бас көлік шебер жоспары» көлікті дамыту стратегиясын енгізді. Стратегия 2030 жылға қарай көлік секторына үлкен инвестицияларды көздейді. Инвестицияларды жоспарлау және саралау сонымен қатар климаттың өзгеруіне байланысты құрамдастарға, климаттың өзгеруін азайту және бейімделу салаларына қатысты.

Бүгінгі күні Қазақстанда көлікті климаттың өзгеруіне бейімдеу бойынша бағдарламалық құжаттар жоқ. 2021-2023 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында «2025 жылдың соңына облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі - 95%» негізгі көрсеткіші анықталды. Бұл ретте қазіргі заманғы шындықтар талап ететіндей, климаттың өзгеруінің әсерін ескере отырып, жол салу және жөндеу стандарттарын қайта қарау қажет.

Өтебаева Алтынгүл
 хатшылығы директорының орынбасары




Барлық мақалалар

Қарау саны: 0
Сақталған: 30.10.2024





... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!