22.10.2023
Орталық сайлау комиссиясы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауды 5 қарашаға тағайындады. Пилоттық саулау ретінде 3 қала мен 42 ауылдық аудан таңдалды.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей: «Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз».
Аудандар мен қалалар әкімдерін сайлау мемлекеттік басқаруды орталықсыздандырудың, қоғамды демократияландырудың және тұрғындардың өз ауылының, қаласының өміріне қатысуын қамтамасыз етудің маңызды элементі болып табылады.
Кандидаттарды ұсыну 16-30 қазан аралығында болады. Егер мерзімнің соңына дейін екі адамнан аз кандидат ұсынылса, онда аумақтық комиссия мерзімді тағы үш күнге ұзартады.
Кандидаттар келесі жолдармен ұсынылуы мүмкін:
- өз мүшелері арасынан белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар арқылы. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы;
- тиісті сайлау округінің аумақтық сайлау комиссиясына әкімге кандидат болып сайлануға ниеті туралы өтініш беру арқылы өзін-өзі ұсыну тәртібімен;
- егер ұсыну мерзімі аяқталған күні екі адамнан аз кандидат ұсынылса, жоғары тұрған әкіммен.
Талаптарға сәйкес әкімді Қазақстан Республикасының 25 жастан кем емес азаматтары арасынан жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы сайлайды.
Конституцияға сәйкес сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын азаматтардың сайлануға құқығы жоқ. Конституциялық заңға сәйкес заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген, заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін сот мойындаған адам әкімге кандидат бола алмайды.
Бүгінгі таңда 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекітті.
Көптеген шет елдердің тәжірибесі көрсеткендей, тікелей сайлау болған жағдайында, сайланған әкімнің өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілігі өседі және жұмысының нәтижелеріне оң әсер етеді.
Диана Садуахасова
аға сарапшы
Барлық мақалалар