03.11.2023
Қазақстанда жыл сайын көптеген құқық бұзушылықтар жасалады, олардың басым бөлігі әкімшілік құқық бұзушылықтарға жатады.
2022 жылғы құқықтық статистика деректеріне сәйкес:
Бір жыл ішінде барлығы 8 642 417 құқық бұзушылық жасалды және олар бойынша әкімшілік жазалар қолданылды. Бұл құқық бұзушылықтардың 95%-ін жеке тұлғалар және 5%-ін заңды тұлғалар жасаған.
Саны бойынша ең көп құқық бұзушылықтар көліктегі және жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарға тиесілі, олардың ішінде 2022 жылы 6 760 916 жасалды, бұл бір жылдағы барлық әкімшілік құқық бұзушылықтардың 78%-інен астамы болып табылады.
Сайлау құқықтарына (республикалық референдумға қатысу құқығы) қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар ең аз жасалған. Осы санат бойынша барлығы 15 жеке тұлға жауапкершілікке тартылды.
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында құқық бұзушылықтар мүлдем жоқ.
Әкімшілік жазаның негізгі және кең таралған түрі әкімшілік айыппұл болып табылады. 2022 жылы 159,5 млрд. теңге жалпы сомасына 7 млн. астам айыппұл салынды.
Құқықтық статистиканы талдау әкімшілік құқық бұзушылықтар санының жыл сайын 5-тен 20%-ке дейін ұлғаюын көрсетеді. Соңғы
5 жылда әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 2 еседен астам өсті.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (ҚР ӘҚБтК) қоғам өмірінің көптеген салаларын қамтиды және оның қолданылу аясына адамдардың кең ауқымы тартылған.
ҚР ӘҚБтК тұрақтылығын талдау кодекске 2014 жылы қабылданған сәттен бастап барлық кезеңде жаңа баптар немесе қолданыстағы баптарды кеңейту, әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату және ізгілендіру түрінде 166 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін көрсетті.
ӘҚБтК өзгерістері әрдайым реттелетін саладағы жағдайдың нашарлауымен байланысты ма және ӘҚБтК-ге енгізілетін өзгерістер кейіннен құқық бұзушылық деңгейіне қалай әсер етеді? Сіздердің назарларыңызға сауда саласындағы әкімшілік жауапкершілік саясатын талдауды ұсынамыз.
Сауда саласы
Осы саладағы құқық бұзушылықтар үшін жазаның негізгі түрі әкімшілік айыппұл болып табылады.
Сауда саласындағы құқық бұзушылықтарға ҚР ӘҚБтК 15-тарауының баптарының бір бөлігі кіруі мүмкін. Құқық бұзушылықтарға талдау 19 бап бойынша жүргізілді (190-баптан бастап 204-4-бапқа дейін).
Осы баптарға 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін құқық бұзушылықтар құрамын кеңейту, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдар мөлшерін ұлғайту немесе азайту түрінде 9 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Мысалы, 2017 және 2019 жылдары ҚР ӘҚБтК-нің 201 және 202-баптарында белгіленген құқық бұзушылықтар үшін айыппұл мөлшері 2 есеге азайтылды, бірақ статистика 2020 жылға дейін осы баптар бойынша құқық бұзушылықтардың толық болмауын көрсетеді.
Сондай-ақ, 2020 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 197 және 199-баптарында белгіленген құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 20-дан 100%-ке дейін ұлғайтылды. Бұл ретте, құқықтық статистика осы баптар бойынша құқық бұзушылықтардың толық дерлік жоқтығын көрсетеді.
Айта кету керек, 19-баптың 6-уына ғана бүкіл кезеңде ешқандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілмеген. Бұл ретте олардың 3-уі бойынша ең көп құқық бұзушылық жасалады (ҚР ӘҚБтК-нің 195, 200, 204-баптары).
Заңнаманың өзгеру деректерін талдау және оларды әкімшілік құқық бұзушылық статистикасымен салыстыру әкімшілік жауапкершіліктің ұлғаюы немесе азаюы әрдайым байланысты емес және көбінесе құқық бұзушылықтардың көбеюіне немесе азаюына әсер етпейтінін көрсетті.
Жалпы, сауда саласындағы құқық бұзушылықтар деңгейі осы саладағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату немесе ізгілендіру жөніндегі саясатты қалыптастыру кезінде негізделген тәсілдерді әзірлеу қажеттігін көрсетеді.
Басқа салалардағы әкімшілік заңнаманың өзгеруін талдау келесі жарияланымдарда қаралады.
Лейла Зетова
аға сарапшы
Барлық мақалалар