05.11.2023
2022 жылы 8 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидаларын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды.
Осы құжатқа сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына тағайындауға келісім облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының жиналысында беріледі.
Қазақстан Республикасының Президенті облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына кемінде екі кандидатты қарастыруға ұсынады.
Осындай тәртіп бойынша 2022 жылы 6 өңірдің – Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының, сондай-ақ жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының әкімдері тағайындалды.
Мысалы, 2022 жылғы 11 маусымда Абай облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары екі кандидатурадан әкімді таңдады. Әкім лауазымына Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі Асхат Смайылов және Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Уранхаев үміткер болды. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 25 депутат (21,9%) Асхат Смайыловтың кандидатурасын қолдаса, ал 89 (78,1%) Нұрлан Уранхаевқа дауыс берді.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 11 маусымда Ұлытау облысында әкім лауазымына ҚР Президенті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының және Қарағанды облысы әкімінің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалануды реттеу мәселелері жөніндегі орынбасары Серік Шайдаровтың кандидатураларын қарауға енгізді. Депутаттар жиналысында ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 64 депутаттың 51-і (79,7%) Берік Әбдіғалиұлының кандидатурасына дауыс берді, 13 депутат (20,3%) Серік Шайдаровқа дауыс берді.
2022 жылғы 31 тамызда Ақтөбе облысында барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысында өңір әкімі лауазымына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың және Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаровтың кандидатуралары қаралды.
2022 жылғы 1 желтоқсанда Қостанай облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дауыс беру нәтижелері бойынша 244 депутаттың 192-сі (78,7%) бұрын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған Құмар Ақсақаловтың кандидатурасын қолдады.
52 депутат (21,3%) Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген Аслан Жаныспаевқа өз дауыстарын берді.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысында әкім лауазымына ҚР Президенті бірінші ауыл шаруашылығының вице-министрі Айдарбек Сапаровтың және Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының әкімі Руслан Анбаевтың кандидатураларын ұсынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша 153 депутаттың 118-і (77,1%) Айдарбек Сапаровтың кандидатурасына дауыс берді, 35 депутат (22,9%) Руслан Анбаевқа дауыс берді.
Жетісу облысында 2022 жылғы 1 желтоқсанда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысы өтті.
Жиналыста депутаттар облыс әкімі лауазымына кандидатураларды, сондай-ақ олардың сайлауалды бағдарламаларын қарады. Қазақстан Республикасы Президентінің Парламенттегі өкілдігінің басшысы Бейбіт Исабаев пен Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаевтың кандидатуралары қаралды. Ашық дауыс беру нәтижесінде Бейбіт Исабаевтың кандидатурасы үшін 114 дауыс (80,3%), Әсет Масабаевтың кандидатурасы үшін 28 дауыс (19,7%) берілді.
Диана Садуахасова
аға сарапшы
Барлық мақалалар