15.11.2023
Қоғамдық тамақтандыру саласы – қоғам өмірінде ерекше маңызды орын алатын экономика саласы, өйткені адамның негізгі физикалық тамақтану қажеттіліктерін қанағаттандырумен тікелей байланысты. Республика бойынша барлығы 15 мыңнан астам қоғамдық тамақтандыру орындары бар, олардың үштен бірі Астана мен Алматыда орналасқан.
2022 жылы қоғамдық тамақтандыру нысандары халықты азық-түлікпен және сусындармен қамтамасыз ету бойынша 913,8 млрд теңгеге қызмет көрсетті, бұл 2021 жылғы көрсетілген қызметтен 39,9%-ке артық.
Тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі Қазақстанның кез келген тұрғынын ерекше қызықтыратын мәселе. Жыл сайынғы бағаның өсуі ешкімді бей-жай қалдырмайды: 2022 жылы азық-түлік тауарларының инфляциясы 25,3%-ға жетті.
Әрине, тауарлар мен қызметтерге бағаның жалпы өсуі қоғамдық тамақтандыру ұйымдарының (мейрамханалар, кафелер, фастфудтар және т.б.) қызметтеріне бағаның өсуіне әкелді. Статистикаға сәйкес 2022 жылы қоғамдық тамақтандыру қызметтері 25,1% - ға қымбаттады! (Салыстыру үшін: карантиндік 2020 жылы, енгізілген локдаунға байланысты халық қоғамдық тамақтандыру орындарына азырақ барған кезде, бағаның өсуі 6,9% құрады).
Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының классификациясына қарасақ, асханалар мен фастфудтардағы тағам қазақстандықтар үшін тиісінше 17,9% және 16,5% қымбат болғанын көреміз (ҚР СЖРА ҰСБ, 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек 2022 жылғы қаңтар—қыркүйек деректері бойынша)
Жалпы, қоғамдық тамақтандыру қызметтері ағымдағы жылдың үш тоқсанында 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ке қымбаттады.
Ақпараттың толықтығы үшін қазақстандықтардың қоғамдық тамақтану қызметтеріне жұмсаған шығындарын да талдау қажет. Тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі халықтың тұтыну әдеттеріне қалай әсер етті?
Бағаның айтарлықтай өсуіне қарамастан, ел халқы үйден тыс жерде тамақтанудан бас тарта алмады. Қазақстандықтар мейрамханаларға, кафелерге және басқа да қоғамдық тамақтану орындарына баруды жалғастыруда, бұл үшін одан да көп ақша төлей бастады.
Орта есеппен қазақстандық отбасы 2023 жылдың 2 тоқсанында мейрамханаларда, кафелерде тамақтануға 7059 теңге жұмсады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 13,8%-ке артық (6205 теңге). Егер біз 2020 жылмен салыстыратын болсақ, соңғы 4 жылда мейрамханалар мен кафелерге бару шығындары 6 есе өсті! (2020 жылдың 2 тоқсанында-отбасына орта есеппен 1169 теңге).
Егер өңірлік бөліністе қарасақ, мейрамханаларда, кафелерде және осыған ұқсас мекемелерде тамақтануға ең көп ақша Алматы қаласының тұрғындары – 3,9 мың теңге, Қызылорда және Алматы облыстарының тұрғындары – 3,7 мың теңге Астана қаласының тұрғындары-3,6 мың теңге жұмсайд.
ҚР СЖРА ҰСБ деректеріне сәйкес Маңғыстау, Атырау және Абай облыстарының тұрғындары кафелер мен мейрамханалардың қызметтерін азырақ пайдаланды, онда жан басына шаққандағы орташа шығын 700 теңгеден аспады. Алайда, нақты сандар әлдеқайда көп болуы мүмкін.
2022 жылы үйден тыс тамақтануға орта есеппен бір қазақстандық отбасы 50,4 мың теңге жұмсаған. 2020 жылмен салыстырғанда шығындар екі есе өсті! (2020 жылы - 25,9 мың теңге)
Қоғамдық тамақтану орындарына ең көп ақшаны Маңғыстау және Павлодар облыстарының отбасылары қалдырған – жылына орта есеппен 100 мың теңгеден астам. Еліміздің екі мегаполисі Астана мен Алматыда қазақстандықтар мейрамханалар мен дәмханаларда орташа есеппен 81,1 және 84,7 мың теңге қалдырған.
2023 жылдың 2-тоқсанында қазақстандық отбасылар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2022 жылдың 2-тоқсанында – 11,8 мың теңге) сыртта тамақтануға орта есеппен 50,6%-ке көп (17,9 мың теңге) жұмсаған.
Дана Омарова
аға сарапшы
Барлық мақалалар