22.12.2023
Бүгінгі күні елімізде экологиялық нормаларға сәйкес келетін қатты тұрмыстық қалдықтар үшін полигондардың жетіспеуі проблемасы өткір тұр. Бұл қалдықтарды кәдеге жарату мен өңдеуде елеулі проблемалар туғызады және қоршаған ортаға теріс әсер етеді.
2023 жылғы 26 қыркүйекте Үкімет отырысында Премьер-министр бұл мәселе туралы былай деді: «Қалдықтарды басқару саласында шаралар жеткіліксіз қабылдануда. Қазіргі заманғы қоқыс өңдеу зауыттарын іске қосу жоспарлары әлі іске асырылған жоқ. Өкінішке қарай, бізде қоқысты өңдеу мәдениеті жоқ. Көбінесе адамдар қоқысты көшеде лақтырады. Ауылдардағы полигондармен жағдай өте қиын».
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша 2022 жылы барлығы 4,3 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзілді, оның 1,1 млн тоннасы ғана сұрыпталып, қайта өңделді. Сұрыптау және қайта өңдеу үлесі небәрі 25,4% құрайды.
Бұған қоса, 2022 жылы елде 3 012 ҚТҚ полигоны болды, оның 2 379-ы немесе 79%-і экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмеді.
Өңірлік бөліністе экологиялық және санитарлық - эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келмейтін полигондардың ең көп саны Солтүстік Қазақстан (442 полигон), Павлодар (316), Ақтөбе (308) және Жетісу (182) облыстарында байқалады.
Тек 4 өңірде ҚТҚ барлық полигондары экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді: Астана қаласы (1 полигон), Шымкент қаласы (1 полигон), Түркістан (158 полигон), Жамбыл облыстары(158 полигон).
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сақтау және кәдеге жарату қиын жағдай ауылдық жерлерде қалыптасты. Ауылдық елді мекендерде ҚТҚ полигондарының қызметін иесіз полигондар орындайды. Полигондарда тиісті жобалық және рұқсат беру құжаттары жоқ.
Бұған қоса, полигондарда қалдықтарды көму технологиясы сақталмайды, қоршаулар, салмақ жабдықтары жоқ, кіретін қалдықтарды дозиметриялық бақылау жүргізілмейді. Бұл ретте полигондар мен үйінділердің көпшілігі жарамдылық мерзімін аяқтады, оларды қалпына келтіру қажет.
Белгіленген проблеманы шешу үшін ҚТҚ жинауды ұйымдастыруға кластерлік тәсілді қолдану ұсынылады. Әрбір орталықта кластердің басқа елді мекендерінен ҚТҚ шығаруды ұйымдастыра отырып, қайталама шикізатты қабылдау пункттерін (тірек АЕМ-де) құру қажет. Мұндай тәсіл қазір елде даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендерді анықтау үшін қолданылады.
Бұл ретте ҚТҚ полигондарын ұйымдастыруда көптеген проблемалар бар, олардың ішіндегі ең бастысы – ҚТҚ полигондары қай жерде ұйымдастырылуы керектігі туралы нормативтік құқықтық актілердің болмауы (қандай санда немесе қандай елді мекендерде (соның ішінде ауылдық жерлерде)).
Осыған байланысты елді мекендерге (оның ішінде ауылдарға) қатысты ҚТҚ полигондары үшін үлгілік жобаларды әзірлеу қажет деп санаймыз, бұл ел өңірлеріндегі ҚТҚ полигондарымен жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Айтжан Мейрембаев
директордың орынбасары
Барлық мақалалар