«Ұн кебексіз емес: Қазақстанда қанша ұн тұтынылады және неліктен оның бағасы өсуде»

27.12.2023

Глютенсіз деп аталатын сұлы, қарақұмық, жүгері және тіпті, бадам ұнының танымалдығы артып келеді – қазір дүкен сөрелерінде бәрін кездестіруге болады. Ұнның балама түрлеріне сұраныс артып келе жатқан сияқты, бірақ «таныс» бидайдың бағасы төмендемеуде.


2023 жылғы мамырда Қазақстан Республикасында бидай ұнының жоғары сортының орташа бағасы кг үшін 375 теңгені құрады, өткен жылмен салыстырғанда 24,3%-ке өсім байқалды. Бағалар әр түрлі өңірлерде ауытқиды: Павлодарда кг үшін 297 теңгеден бастап Астанада кг үшін 442 теңгеге дейін. Жоғары бағалар Атырау мен Ақтауда да тіркелді, онда бір кг өнім бағасы 428 теңге тұрса, ал Ақтөбеде баға бір кг үшін 300 теңгені, ал Қарағандыда бір кг үшін 303 теңгені құрайды.
 
Ұн Қазақстан өз бетінше толық көлемде өндіретін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тобына жатады, бұл ретте осы өнімнің импорты соңғы жылдары 1,5-2%-тен аспады. 2019-2023 жылдары Қазақстанда бидай ұны өндірісінің тұрақты көлемі байқалады – жылына орта есеппен 3,2 млн. тонна. 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында 1,7 млн. тонна ұн өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ке артық.
Ұн өндіру көлемінің қалыптасуы, бір жағынан, елдегі бидай дақылының деңгейіне байланысты, ал екінші жағынан, өндіріс дайын өнімді сату мүмкіндіктеріне байланысты. 

Өндірілген ұнның жартысына жуығы экспортқа кетеді. 2007-2010 жылдар аралығында Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемдік көшбасшы болды. 2011 жылы рейтинг өзгерді: Ресей бірінші орынға шықты,  ұн экспорттаушылардың екінші орнында Түркия, үшінші орында Украина болды.
 
2022 жылдың қорытындысы бойынша негізгі ұн экспорттаушы елдердің әлемдік рейтингін Түркия басқарып, әлемдік экспорттың 25,2% үлесін алды, бұл шамамен 1,49 млрд. АҚШ долларын құрайды, бұл – жылына шамамен 3 млн. тонна ұн. Екінші орында – әлемдік экспорттың 12,7% үлесімен Қазақстан, бұл жылына 753 млн. АҚШ доллары мен 1,9 млн. тонна ұнға тең. Үшінші орында – 8,4% үлеспен және 497 млн. АҚШ долларын құрайтын мәмілелер құнымен Германия, олар экспортқа 991,9 мың тонна ұн жіберді. Рейтингте төртінші орында – Үндістан, оның үлесі 4,7%, 686,6 мың тонна ұн және 276 млн. АҚШ долларын құрайды. 2022 жылы көшбасшылар бестігін 4,52% импорт, 782,2 мың тонна ұн және 268 млн. АҚШ доллары үлесімен Өзбекстан жабады.

Қазақстандық ұн экспортының шамамен 80%-і Өзбекстан мен Ауғанстанға тиесілі. 2019 жылдан бастап Қазақстан Ауғанстанға ұн экспортын ұлғайтуда. Осы уақыт ішінде елге 4,2 млн тоннадан астам ұн сатылды. Екінші орында – Өзбекстанға экспорт, 4 жылда 1,5 млн тоннадан астам. 2023 жылдың жеті айында шамамен 1 млн. тонна ұн экспортталды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ке артық. Сондай-ақ, Қазақстан өз ұнын Тәжікстанға, Түрікменстанға, Қырғызстанға және РФ-қа сатады. Әрине, экспорттық ұнның бағасы ішкі нарыққа қарағанда әлдеқайда арзан.

Экономика мен саясаттың бүгінгі шындықтарында Орталық Азия елдері республиканың ұн тартқыштары үшін ең шынайы экспорттық бағыт болып қала береді, өйткені логистикалық шығындар сатылатын тауардың өзіндік құнын едәуір арттырады. Қытайға ұн сату нарығы тартымды болып табылады: импорт үлесінде 1,7%, жоғары төлем қабілеттілігі және географиялық жақындық. Алайда, бір жағымсыз фактор бар – 65% мөлшеріндегі кедендік тариф, егер тарифтің жағдайы жақсармаса, қазақстандық ұнды жеткізуді іс жүзінде мүмкін емес етеді.

 
Қазақстан құрлықтың дәл орталығында орналасқан және мұндай географиялық жағдай өте тиімді болуы мүмкін. Алайда, мемлекеттің тиісті қолдауынсыз ұнның бағасы тартымсыз болуы мүмкін, өйткені өңдеу құны өзіндік құнын едәуір арттырады. Бүгінгі күні республиканың қайта өңдеу қуаттылығы 30%-тен аспайды. Қайта өңдеу көлемін ұлғайту кезінде дайын өнімнің тоннасына тұрақты шығындардың үлесін азайту арқылы өзіндік құнын төмендету мүмкіндігі бар.  Қайта өңдеу шығындарын субсидиялау саясатын қайта қарау кезінде үлкен әлеуеті бар жақын маңдағы импорттаушы елдер қатарына экспортты ұлғайтуға болады: Грузия, Әзірбайжан, Иран, Сирия, тіпті Гонконгқа, сондай-ақ болашақта Еуропаға да, басқа елдерге де экспортты дамытуға болады.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша 2023 жылы 11,4 млн. тонна бидай жиналды. Өнім 16,4 млн. тонна құраған 2022 жылмен және 11,8 млн. тонна құраған 2021 жылмен салыстырғанда нашар болды. 2023 жыл агрономдар үшін қиын болды – астық белдеуінде тамыздың аяғынан қыркүйектің ортасына дейін созылған жаңбырдың салдарынан егін жинау ұзаққа созылды. Бұл жиналмаған дәндердің өнуіне, сондай-ақ құлау саны төмен бидайдың көп пайызына әкелді. Мұндай астық ұнға өңдеуге жарамсыз. Қазақстанда және биылғы жылы ұн бағасының өсуі күтілуде. Әрине, ұнның құны көптеген факторлардан қалыптасады. 

Өңдеу саласы біртіндеп қысқаруда: 2010 жылы Қазақстанда 483 ұн тарту кешені жұмыс істеді, 260-қа жуығы қалды. Ұн тартатын кәсіпорындар өндірісті қысқартып жатқанын хабарлайды. Жылына шамамен 10-20%. Ұн мен оның туындыларына бағаның өсу үрдісін толық түсіндіреміз – өйткені өндіріс көлемі мен өндірістік қуаттардың жүктемесі неғұрлым төмен болса, дайын өнімнің бағасына тұрақты шығындардың пайызы соғұрлым көп болады.

Алайда, көптеген ғасырлар бойы «ас атасы - нан» болып қалады және бағаның өсуіне қарамастан бүкіл әлемде ұнды тұтыну тұрақты болып келеді. Уақыт өте келе ел шегінде нан өнімдерін тұтыну елеусіз өзгеруде, алайда Қазақстанда тұтынылатын тауарлардың бұл тобы сүт өнімдері мен жұмыртқадан кейін ет өнімдерінен озып, әлі де 3-орында тұр. Зерттеу деректері бойынша, 2021 жылы 1 қазақстандық орташа есеппен 133,8 кг нан өнімдері мен жарма өнімдерін тұтынды, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш ұнға шаққанда 128 кг-ға дейін төмендеді.
 
Ең көп тұтынатын өңір Түркістан облысы – жылына 172,3 кг, ал Маңғыстау облысында Қазақстанда ең аз тұтынады – жылына бір адамға 97,6 кг. 

Салыстыру үшін: Арменияда жан басына шаққанда жылына 170 кг нан өнімдері тұтынылады, Ресейде жылына орта есеппен 114 кг, Украинада жылына 97 кг, Германияда жылына 84 кг, АҚШ-та жылына шамамен 78 кг тұтынады. Бұл елдердегі нан бағасының деңгейіне келетін болсақ (барлық бағалар салмағы 500 г ақ нан үшін көрсетілген): Қазақстанда бір бөлке нан 0,36 АҚШ доллары тұрады. Қазақстан Тунистен (0,14 АҚШ доллары), Алжирден (0,16 АҚШ доллары) және Ливиядан (0,34 АҚШ доллары) кейін ең арзан наны бар елдер рейтингінде 4-орынға ие болды.  ТМД-ның кейбір елдерінде бір бөлке нанның құны: Арменияда – 0,65 АҚШ доллары, Ресей Федерациясында – 0,61 АҚШ доллары, Украина – 0,58 АҚШ доллары. Ақ нанның әлемдегі ең жоғары бағасы Данияда (2,87 АҚШ доллары), Норвегияда (2,88 АҚШ доллары), Исландияда (2,93 АҚШ доллары), АҚШ-та (3,27 АҚШ доллары) және Швейцарияда (3,21 АҚШ доллары). 

Айгерим Аманжолова
 ӨЗО аға сарапшысы



Барлық мақалалар

Қарау саны: 0
Сақталған: 21.12.2024





... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!