23.01.2024
Қазақстандағы гендірлік статистика білім беру саласындағы шешім қабылдау деңгейінде гендірлік дисбаланс бар екенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта салада жұмыс күшінің басым бөлігін әйелдер құрайтынына қарамастан, шешім қабылдауға байланысты және жоғары позициялы қызметтерде әйелдер репрезентациясы төмен деңгейде. Жоғары білімді әйелдер санының көптігіне қарамастан, басқарма иерархиясы бойынша көтерілген сайын әйелдер саны азая береді.
Білім беру саласында зерттеушілер арасында сандық феминизация байқалады. Төмендегі суретте көрсетілгендей, статистиканың бастапқы жылдарында, атап айтқанда 2006-2010 жылдары әйел-зерттеушілер мен ер-зерттеушілер үлесі арасындағы жағдайдың флуктуациядан басталғанын көруге болады.
Дегенмен, 2010-2015 жылдар аралығында үлестік көрсеткіштер тең бөлініске барынша жақындайды. 2015 жылы әйел-зерттеушілердің пайыздық көрсеткіші ер-зерттеушілердікіне қарағанда жоғары болып, осы тенденция 2022 жылға дейін жалғасады. Ал 2021 жылы гендірлік бөлініс әйелдер тарапына қарай ауысады: әйел-зерттеушілердің үлесі 54,5%, ер-зерттеушілердің үлесі 45,5%. Әйел-зерттеушілердің өсім тенденциясына қарамастан, белгілі бір жылдары флуктуация болып отырған, мәселен 2012 жылғы ең төмен көрсеткіш пен 2021 жылғы үлестік басымдық.
Ғылыми жұмыспен айналысатын зерттеушілер арасындағы әйелдер үлесі соңғы 18 жыл бойына тұрақты түрде 50 пайыздан артық үлесті құраған. Тек 2012 жылы ғана 49,9 % көрсеткен.
Зерттеушілердің арасындағы әйелдер санының артуы жақсы тенденция болғанымен, бұл – тек қана сандық феминизация, бірақ сапалық емес. Мысалы, жоғары білім беру деңгейінде әйел-басшылардың үлесі тек 2019 және 2022 жылдары ғана 20 пайыздық көрсеткіштен асқан.
Суреттен белгілі болғандай, білім беру саласындағы басшылар арасында гендірлік дисбаланс ерлер тарапына қарай айтарлықтай жылжыған. Соңғы жиырма жылда білім беру саласында, оның ішінде басшылық позициядағы гендірлік бөлініс өзгермелікті көрсеткен, десе де, соған қарамастан, бұл салада әлі де болса гендірлік теңдікті көру қиын. 2000-2011 жылдар аралығында басшылық деңгейдегі әйелдер үлесі 7 және 11 пайыз аралығында флуктуацияны көрсеткен. 2012-2018 жылдар аралығында кішкене флуктуацияға қарамастан, өсім тенденциясы анық көрінеді. Ең жоғары пайыздық көрсеткіш 2019 жылы 24% болса, одан кейінгі жылдарда көрсеткіш төмендегенмен, айтарлықтай өзгерістер болмаған.
Жоғары білім беру саласындағы шешім қабылдау деңгейінде әйелдер үлесінің төмен болуы, Қазақстанның білім беру жүйесіндегі гендірлік теңдік бойынша арнайы шараларды жасау қажеттілігінің бар екенін көрсетеді.
Менторлық бағдарламар, инклюзияны қолдау саясаты секілді бастамалар жағдайды жақсарта алатынын ескере отырып, елімізде келесі шараларды көбірек жүзеге асыру орынды деп санаймыз:
- Тәлімгерлік бағдарламалар. Жоғары білім беру саласында тәжірбиелі әйел-көшбасшыларды өз мансап жолын бастап келе жатқан әйелдермен біріктіретін ресми тәлімгерлікті құру жетекшілік, қолдау және нетуоркингті дамытуға үлкен сеп болады;
- Көшбасшылық бойынша семинарлар. Жоғары білімді әйелдерге арналған семинарлар келіссөздерді жүргізу, конфликтілерді шешу және тиімді коммуникация секілді мәселелерді қамти алады;
- Гендірлік теңдік саясатын кеңінен насихаттау. Академиялық орталарда гендірлік аспектілерді ескеретін саясатты ұстану және қолдау.
Жанерке Рахман
сарапшы
Барлық мақалалар