01.02.2024
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес өңірлердің объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз етілуін бағалау қорытындыларына арналған шолуларын жариялауды жалғастырады.
Бұл шолу Абай облысына арналады.
Абай облысы 2022 жылғы 8 маусымда қайта құрылды. Өңір түсті металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі салаларында маманданған.
Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес Абай облысының объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз етілу деңгейі 53,1%-ті құрайды. Бұл республика бойынша орташа деңгейден 2,6 т.т. аз. Бұл көрсеткіш бойынша облыс еліміздің өңірлері ішінде 16 орында тұр.
Қалалар мен ауылдар арасында объектілермен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейінде едәуір айырмашылықтардың болуын атап өткен жөн. Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда әлеуметтік игіліктермен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 89,2%-ті құрады, бұл ретте, ауылдарда бұл көрсеткіш небәрі 52,6%-ті құрады.
Облыста ауыл тұрғындарының саны 236,5 мың адамды құрайтынын атап өткен жөн. Бұл облыс халқының жартысына жуығы жайлы өмір сүру үшін негізгі жағдайлармен қамтамасыз етілмегенін білдіреді.
Халықтың тұрмыс сапасының төмен көрсеткіштері инфрақұрылымға қол жеткізудегі үлкен теңгерімсіздіктерге, әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілердің ағымдағы жай-күйіне байланысты.
Өңірдің негізгі игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілуінің төмен көрсеткіштеріне не әсер етеді? Қай салалар бойынша ең үлкен мәселелер бар екенін егжей-тегжейлі қарастырайық.
Өңірдегі ең жоғары қамтамасыз ету көрсеткіштері әлеуметтік салада байқалады. Осылайша, білім беруде объектілермен және қызметтермен қамтамасыз ету 97,5%-ті құрайды. Жалпы білім беретін мектептермен қамтамасыз ету 96,8%, мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету 97,3%.
Жоғары көрсеткіштерге қарамастан, өңірде оқушы орындарының тапшылығы мәселесі орын алуда. Облыста 9 мың оқушы орны жетіспейді. Апатты және тозығы жеткен мектептердің болуы тағы бір мәселе болып табылады. Бүгінгі таңда 6 білім беру нысаны апатты жағдайда, ал 52 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді.
Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес денсаулық сақтау саласында объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету деңгейі 91,8%-ті құрады. Бұл ретте, қалаларда бұл көрсеткіш 99,4%-ті құрайды, ал ауылдарда бұл көрсеткіш едәуір төмен - 91,6%.
Қамтамасыз етудің төмен көрсеткіштері авариялық жағдайда және күрделі жөндеуді қажет ететін объектілердің болуына байланысты. Медициналық қызметтердің сапасына кадрлардың жетіспеушілігі және облыстың аудан орталықтарында заманауи медициналық мекемелердің болмауы да әсер етеді. Осылайша, облыс әкімдігінің деректері бойынша 5 медициналық нысан апатты жағдайда тұр, ал 57-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауылдағы денсаулық сақтау жағдайы өзекті мәселе болып табылады. Облыс ауылдарында 64 медициналық нысан салу қажет.
Медициналық объектілермен қамтамасыз етуді бағалау нәтижелері халықтың сырқаттануы бойынша статистикалық деректермен расталатыны назар аудартады. Осылайша, өңірде соңғы үш жылдағы динамика нәресте өлімінің (2022 жылы 1000 тірі туылғандарға шаққанда 6,2 жағдай) және ана өлімінің (100 мың тірі туылғандарға шаққанда 30 жағдай), сондай-ақ онкологиялық аурулардан қайтыс болғандар санының (334 жағдай) артқанын көрсетеді.
Мәдениет және спорт саласында объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету орта есеппен 98,7%ті құрайды: кітапханалармен - 99,5%, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен - 93,5%, мәдени-демалыс ұйымдарымен - 97,4%, мұражайлармен - 98,9%.
Мәдениет пен спорт саласының жеткілікті жоғары қамтамасыз етілуіне қарамастан қиыншылықтар да бар. Салада 2 объект апатты жағдайда, 6 – күрделі жөндеуді қажет етеді, ал 27 – материалдық-техникалық базаны нығайту жөніндегі шараларды талап етеді. Бұл ретте, 19 мәдени-спорттық нысан салу қажет.
Өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының төмен болуының басты себебі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның ағымдағы жай-күйі болып табылады. Өңірде сумен жабдықтау объектілерімен қамтамасыз етудің жоғары деңгейіне қарамастан (97,5%), 77 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне қосылмаған. Ал өңірдегі су құбыры желілерінің 40% астамы шұғыл ауыстыруды талап етеді.
Облыс тұрғындарын өркениеттің негізгі игіліктерінің бірі – орталық кәрізбен қамту мәселесін шешу қажет. Облыста, ауылдарды қоспағанда, тіпті қалаларда да 100 мыңнан астам адам орталықтандырылған су бұруға қол жеткізе алмайды. Ал қолданыстағы желілер мен тазарту құрылыстарының 70% тозған. Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша бағалауға сәйкес су бұру саласындағы объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету деңгейі 61,6%-ті құрады.
Өңірдің жылу энергетикасы саласының қанағаттанарлықсыз жағдайы уайымдатады. Мұнда ең маңызды мәселе – желілердің тозуы. Облыс әкімі Нұрлан Уранхаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баяндамасында облыстағы желілердің жалпы ұзындығы 464,5 км, олардың орташа тозуы 68%-ті құрайтынын мәлімдеді. Жылумен жабдықтау желілерінің шамамен 279 шақырымы қайта жаңартылуға жатады.
2022 жылы жылумен жабдықтауда объектілермен және қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету деңгейі небәрі 48%-ті құрағанын атап өткен жөн.
Тұрмыс сапасын арттыру үшін өңірге жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйіне ерекше назар аудару қажет. Облыста жергілікті жолдардың, көше-жол желісінің жай-күйіне, көшелерді жарықтандыруға және қоғамдық көліктің жұмысына байланысты мәселелер орын алды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстың елді-мекендерін қалаішілік жолдармен қамтамасыз ету деңгейі 74%-ті, көшелерді жарықтандырумен 57,8%-ті құрады. Қоғамдық көлік объектілерімен және қызметтерімен қамтамасыз ету көрсеткіші өте төмен деңгейде - 53,8%.
Ал облыстың қалалары мен ауылдары бөлінісінде жағдайы қандай?
Бағалау қорытындысы бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80%-тен жоғары көрсеткіш 40 елді-мекенде болды. Қамтамасыз етудің ең жоғары деңгейі 10,1 мың адам тұратын Қалбатау ауылында (96,1%) тіркелген. Бородулиха ауылы да инфрақұрылымдық жағынан жақсы жабдықталған (94,1%).
Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес базалық объектілермен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі бойынша көшбасшылар қатарына Шүлбі және Әуезов кенттері, Үржар, Бесқарағай, Ақсуат, Бақты, Қараауыл, Приречное, Қайнар ауылдары да кірді.
Облыста жақсы жабдықталған елді-мекендермен қатар, өз тұрғындарының тұрмыс сапасының өте төмен көрсеткіштерін көрсететін ауылдар да бар. Әдетте, бұл халық саны аз шағын ауылдар. Осылайша, Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етудің ең төмен деңгейі (20%-тен де төмен) Есекенебұлағы (42 адам), Ай (25 адам) ауылдарында, Беген орман шаруашылығында (101 адам), Қарасу (39 адам), Қайнар (49 адам) және Ақсу (42 адам) ауылдарында тіркелді.
Құрметұлы Нұрболат
Орталық директоры
Барлық мақалалар