05.02.2024
БҰҰ-ның жыл сайын 25 қараша және 10 желтоқсан аралығында өтетін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі науқанының 2023 жылғы басты күн тәртібі «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған инвестициялар» болып табылады.
«2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын» іске асыруды аяқтау жолында бола отырып, 5-мақсат, гендерлік теңдікке қол жеткізу барған сайын алыстай түсетін сияқты.
БҰҰ-ның 2023 жылға арналған «Тұрақты даму мақсаттарындағы ілгеріліс» есебіне сәйкес, қазіргі тенденцияларды сақтай отырып 2030 жылға қарай 342 млн астам әйел мен қыз (әлемдегі барлық әйел қауымының 8%-ы) әлі де кедейлікте өмір сүретін болады. Сонымен қатар, климаттың өзгеруі шамамен 236 миллион әйел мен қыздың (131 миллион ер мен ұлмен салыстырғанда) азық-түлік тапшылығына әкеледі.
Соңғы мәліметтер бойынша 5-мақсаттың тек 2 индикаторы мен бір субиндикаторы қол жеткізуге жақын, 8-і қол жеткізуге орташа қашықтықта, ал 4-і 2030 жылғы мақсаттарға жетуден өте алыс. Жалпы алғанда 5-мақсат индикаторларының ешқайсысы «қол жеткізілді немесе қол жеткізілді дерлік» деңгейге жетпеді. Әйелдерге қатысты қалыптасқан алалаушылық, саяси өкілдіктің болмауы, экономикалық теңсіздік және құқықтық қорғаудың болмауы елеулі ілгеріліске кедергі келтіреді. «БҰҰ-әйелдер» (БҰҰ-ның гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі құрылымы) қазіргі жағдайды сақтай отырып, қоғамдағы гендерлік теңдікке қол жеткізу тағы 286 жылға созылады деп болжайды.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, елдердің 78%-ында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы енгізу бойынша бюджеттік міндеттемелері бар. Алайда, интеграцияланатын алдын алу шаралары білім беру, денсаулық сақтау, экономикалық даму және әлеуметтік қорғау сияқты салаларда түсініксіз болып қалады.
Әйелдердің экономикалық қызметке тең және толық қатысу құқығы іске асырылмаған күйінде қалып отыр. БҰҰ-ның 2023 жылғы есебіне сәйкес 2022 жылы әлемде, еңбекке қабілетті жастағы ерлердің 91%-мен салыстырғанда, 25 пен 54 жас аралығындағы әйелдердің 61%-ы жұмыспен қамтылды. 2019 жылғы мәліметтер бойынша, жалпы тапқан еңбек табысында әйелдердің үлесі 34%-ды құрады. Әлемнің дамушы аймақтарында әйелдердің 68%-ы, ерлердің 74%-ымен салыстырғанда, қаржылық қолжетімділікке ие болды. 6% алшақтық, он жыл бұрын болған 10%-бен салыстырғанда, төмен екенін атап өткен жөн. «БҰҰ-әйелдер» сарапшылары гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін жұмыс орындарындағы гендерлік теңгерімсіздікті жою маңызын атап көрсетеді.
Қазақстан БҰҰ-ның әйелдердің жай-күйі жөніндегі комиссиясының жұмысына қатысады, оның мақсаты әйелдердің құқықтарын қорғау және ілгерілету жөніндегі халықаралық стандарттарды орындау болып табылады. Алайда, елде жалақы мен мансаптық мүмкіндіктерге қатысты гендерлік теңсіздік сақталуда.
Осылайша, ҚР ҰСБ деректері бойынша 2022 жылы гендерлік жалақы алшақтығы 25%-ға тең. 2022 жылы өнеркәсіп және құрылыс саласында жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 27%, ауыл шаруашылығында 41%, ал қызмет көрсету саласында әйелдерді жұмыспен қамту үлесі, ерлерге қарағанда, жоғары және
55%-ды құрайды. ҚР Үкіметіндегі 19 министр ішінен 3-і әйел болып табылады.
ҚР ҰСБ деректері бойынша 2022 жылы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тіркелген жағдайларының саны 61 277 құрады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жаза қамауға алу күндерінің санының артуымен күшейтілді.
Гендерлік теңсіздік мәселесін басымдықтардың біріне айналдырудың шұғыл қажеттілігі бар. БҰҰ сарапшылары әйелдерге қатысты қатыгез қарым-қатынастың алдын алу үшін инвестициялар тарту мақсатында Үкіметтің гендерлік бағдарланған бюджеттеуді пайдалануын талап етеді. Сондай-ақ, гендерлік теңдікті орнатуда ажырамас рөл атқаратын әйелдер ұйымдарын тиісті қаржыландырумен қамтамасыз ету қажеттілігі мәселесі де көтеріледі.
Лаура Жаканова
сарапшы
Барлық мақалалар