07.02.2024
Қазақстанда 2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы нәтиже бойынша жұмыс күшінің жалпы саны 9,5 миллионды құраса, жұмыспен қамтылған адамдар саны 9,1 миллион адамды көрсетті. Әлбетте, бұл экономика үшін оң көрсеткіш ретінде есептеледі. Яғни, экономика еңбек нарығындағы жаңа қатысушылар үшін жаңа орындарды белгілі бір деңгейде дайындап үлгере алады.
Жалдамалы қызметкерлер саны 6,9 миллионды құрауы, елімізде формалды қызметтің басым екендігін көрсетеді. Бұны дамудың көрсеткіші деп есептеуге болады, оның үстіне формалды саладағы қызметкерлердің еңбектік қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру дәне денсаулық сақтаудағы құқықтары жақсырақ сақталады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 2,2 миллионды құрап, шағын және орта кәсіпкерліктің жақсы деңгейде екенін көрсетіп отыр.
Дегенмен, екінші жағынан формалды жұмыс орындарының аз болуы да, адамдарды өз істерін ашуға мәжбүрлеуі мүмкін екенін естен шығармаған дұрыс. Тиісінше, шағын және орта кәсіпорындардың мемлекет тарапынан келесі бағыттар бойынша қолдауды қажет ету ықтималдығы жоғары: бизнесті дамытуға бағытталған қызметтер, тиімді кредиттерге қолжетімділік, нарық тұрақтылығы.
Дегенмен, бұл сандық көрсеткіштердің гендірлік сипаты қандай? Еліміздің еңбек нарығында гендірлік айырма қаншалықты төмен? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін, келесі көрсеткіштерді талдаған жөн.
2022 жылы Ұлттық статистика бюросының жариялаған ақпаратына сүйенетін болсақ, елімізде жұмыс күшіне қатысуда гендірлік айырмашылықтар бар: ер адамдардың белсенділігі әйел адамдардікіне қарағанда 11,3% артық (74,6% қарсы 63,3%).
Халықаралық Еңбек Ұйымының (ILO) деректеріне сәйкес Қазақстанда халықтың жұмыс күшіне қатысуындағы гендірлік айырма 12,2% құрайды (75,5% қарсы 63,3%). Орта Азия және шекаралас елдер арасында еңбек нарығындағы гендірлік теңсіздік бойынша Қазақстан ең төменгі индексті көрсеткенімен, бұны әлі жақсы нәтиже деп айтуға болмайды.
Себебі: біршама салада орын алған сандық феминизация, қоғамның гендірлік күтілімдері, кәсіби және отбасылық міндеттердің өзара тең деңгейде бөлінбеуі гендірлік алшақтықты үлкейте береді. Оның үстіне қалыптасқан әлеуметтік-мәдени нормалар ер адамдардың еңбек белсенділігін «маскулиндікке» жатқызып, қолдау көрсетеді. Ал дәл сол уақытта әйелдер жұмысқа орналасу барысында түрлі кедергілерге тап болады. Мәселен, бала күтімі, отбасылық міндеттердің негізінен әйелге жүктелуі, гендірлік дискриминация мен таптаурындар.
Ал, әлем елдерінде оң көрсеткішті, яғни теріс индексті тек үш мемлекет қана көрсеткен: Сьерра-Леоне, Руанда және Бурунди. Бұл елдерде жұмыс күшінің басым көпшілігін әйелдер құрайды (ерлер мен әйелдердің пайыздық көрсеткіште тең деңгейге барынша жақын, дегенмен әйелдерде бірнеше пайызға жоғары). Десе де, бұл нәтиже аталған елдерде жалпы өмір сапасының төмендегімен түсіндіріледі.
Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейіне келер болсақ, жалпы деңгей 4,9% көрсеткенімен, ерлер мен әйелдер арасындағы айырма 1,1%-ды құрайды: 4,4% қарсы 5,5% (ILO). Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне қарайтын болсақ, 15-28 жас аралығындағы сегментте ерлер мен әйелдердің пайыздық көрсеткіштері келесідей: 2,9% қарсы 4,9%, гендірлік айырма 2% құрайды. Бұл – жас әйелдердің еңбек нарығына кіру барысында қиындыққа тап болатынының дәлелі. Ал, ұзақ мерзімді жұмыссыздық бойынша гендірлік айырма 1,1%: ерлерде 1,8%, ал әйелдерде 2,9%. Бұл көрсеткіш әйелдердің жұмыспен қамтылуына әсер ететін терең құрылымдық проблемаларды көрсетеді.
Сонымен, еңбек нарығында гендірлік алшақтықты қалай ретке келтіре аламыз? Оның қандай қауіпті тұстары бар? Жұмысқа қатысудағы гендірлік алшақтық келесі факторлардың себебінен экономикаға теріс ықпал береді:
- Әйелдер мен ерлер арасындағы еңбекақы теңсіздігі экономикаға теріс әсерін тигізіп, жүйелік дискриминацияның бар екенін көрсетеді. Moody’s Analytics зерттеуі бойынша еңбекақы теңсіздігін азайту әлем экономикасын шамамен 7%-ға арттыра алады;
- Еңбек нарығында әйелдер белсенділігінің түсуі өндіріс пен экономикалық дамудың жалпы деңгейін түсіреді және даму үдерісін баяулатады;
- Кәсіби сегрегация – гендірге байланысты қоғамда қалыптасқан таптаурындар, дискриминациялық пікірлер арқылы пайда болып, адам құқығын бұза бастайды.
Еңбек нарығындағы гендерлік айырманы азайту маңызды екені белгілі. Осы алшақтықты қысқарту және жүйелі түрде еңбек нарығын барынша ашық әрі бар қатысушы үшін әділ болуы үшін келесі шараларды іске асырған жөн:
- Ашық және міндетті еңбекақы саясатын ұстану: қызметкерлер еңбекақысын міндетті түрде ашық ету – гендірлік белгісі бойынша талдама жасауға, еңбекақыдағы заңсыз айырмашылықтардың алдын алуға үлкен сеп болады. Ашық саясат адам және еңбек құқығының сақталуына ықпал етеді;
- Әйел адамдардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру: кәсіпкерлік бойынша білім беру, консультациялық қолдау, қаржылай көмек беру – еңбек нарығындағы әйелдер мен ерлердің еңбек белсенділігі деңгейін бір-біріне жақындатады;
- Жұмыс орындарында жұмсақ график енгізе бастау: қашықтықтан жұмыс жасау, дистанционды білім алу, жұмсақ жұмыс графигі – әйел адамдарға бір ғана өмірлік сценарийді таңдамай, керісінше, өзіне ыңғайлы өмір жағдайын құруға көмектеседі;
- Персонал және басшылық қызметтегі жұмысшыларға арнап, еңбек орнындағы гендірлік теңдік туралы арнайы оқу бағдарламарын енгізу: тиісінше, жұмыс орнындағы гендірлік стереотиптерді жою, басқарудағы теңдік жайлы ақпарат берілетін болса, жұмыс орнындағы «климат» жақсаратыны, және еңбек өнімділігі артары сөзсіз.
Жоғарыды айтылғанды қорытындылайтын болсақ, әйел адамдардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыру, еңбекақы секілді еңбек құқығына қатысты мәселелерде қолдау көрсету және құқығын қорғау мемлекетіміздің экономикасы үшін де аса маңызды.
The Economist баспасына шыққан, 2021 жылғы мақалада айтылғандай, әйелдер құқығын елемеу, немесе белсенділігінің жүйе тарапынан басылуы, ерлер үшін де, жоғарыда айтылған себептерге байланысты, зарарлы. Әйелдер белсенділігі төмен мемлекеттерде экономикалық жағынан әлсіз және тұрақсыз мемлекеттерге айналу ықтималдығы жоғары болғандықтан, әр адам өз тарапынан гендірлік айырманы азайтуға ұмтылуы қажет. Себебі, ақыл мен еңбектің жынысы жоқ.
Жанерке Рахман
сарапшы
Барлық мақалалар