22.02.2024
Ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін қажетті мамандармен нығайту, сондай-ақ ауылдық жерлерде дипломы бар кадрларды бекіту мақсатында 2009 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда.
Жоба ауылдық жерлерде тұратын және жұмыс істейтін мамандардың басты мәселесін шешуге мүмкіндік беретін әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға, атап айтқанда, жеңілдікті шарттармен тұрғын үй сатып алуға бағытталған.
Бұл оқуын аяқтап, ауылға баратын мамандар үшін тамаша мүмкіндік болып көрінеді, және негізгі талап осы ауылдық елді-мекенде орналасқан ұйымда тиісті мамандық бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме қабылдау болып табылады.
Алайда, тәжірибе көрсеткендей, 2020 жылдан бері «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде жеңілдікті кредиттеуді пайдаланған мамандар санын қысқарту бойынша теріс үрдіс байқалды.
Осылайша, 2023 жылы 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 30%-ке қысқарды.
Бұл ретте, 2019 жылдан бастап біржолғы көтерме жәрдемақы сомасының 1,4 есеге, 252 500 теңгеден 345 000 теңгеге дейін, сондай-ақ бюджеттік кредиттің ең жоғары сомасының 1,4 есеге 2023 жылы 3 784,5 мың теңгеден 5 175,0 мың теңгеге дейін ұлғаюы байқалды.
Бұл өсім «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерінің жыл сайын ұлғаюына байланысты емес, АЕК мөлшерінің жыл сайын ұлғаюына байланысты болғанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар, тұрғын үй нарығындағы бағаның жыл сайынғы өсуін ескере отырып, 2023 жылы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшеріне қатысты кейбір өзгерістер енгізілді.
Осылайша, 2024 жылдан бастап аудан орталықтарына келген мамандар үшін бюджеттік кредит мөлшері кредит сомасынан жылдық 0,01% мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға 1500 АЕК-тен 2500 АЕК-ке дейін немесе 9,2 млн. теңгеге, ауылдық елді-мекендер үшін - 2000 АЕК-ке дейін (7,3 млн. теңге) ұлғайтылды.
Қалаларда тұрғын үй құнының одан әрі өсуі болатын және болжанатын жағдайларда, жеке тұрғын үй сатып алу немесе салу мүмкіндігі тіркелген мамандар үшін ауылда тұрақты тұру және жұмыс істеу үшін жеткілікті салмақты ынталандыру болуға тиіс еді. Өз кезегінде, бюджеттік несие мөлшерінің ұлғаюы жеңілдетілген несиелеуді пайдаланғысы келетін мамандар санының азаюы мәселесін ішінара шешеді.
Мысалы, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ең жоғары нәтижелерді көрсететін Түркістан облысында көтерме жәрдемақы алған мамандар санының бюджеттік кредит алған мамандар санына арақатынасы – 1:3. Яғни, Түркістан облысының ауылдарына осы жоба бойынша келген әрбір үшінші маман ғана жеңілдікпен кредит беру шеңберінде тұрғын үй сатып алды.
Осыған ұқсас жағдай жалпы республика бойынша да байқалды. Мәселен, соңғы үш жылда АЕМ-ге келген мамандар азайып барады және «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде ұсынылатын екі әлеуметтік қолдау шаралары арасындағы алшақтық артып келеді.
Негізгі мәселе кредиттің ұсынылатын мөлшерінің жеткіліксіздігінде ғана емес, сонымен қатар халықтың кредиттелуінде, теріс кредиттік тарихтың болуында, тұру үшін қажетті қолайлы жағдайлармен жылжымайтын мүлік нарығында тұрғын үйдің болмауында, ауылдық жерлерде жалақының төмен болуында және халық шығыстарының арттыруда, «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде әлеуметтік қолдау алу мүмкіндіктері туралы хабардарлықтың төмен болуында жатыр.
Осылайша, мысалы, ауылдық жерлерде білім беру саласындағы маманның жалақысы 2023 жылы 240,5 мың теңгені құрады.
Республика бойынша жан басына шаққандағы ақшалай шығындар орта есеппен 260,8 мың теңгені құрайтынын, ал ай сайынғы төлем сомасы «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ең ұзақ мерзімге ең көп соманы қарыз алу шартымен 2023 жылы шамамен 30 мың теңгені құрайтынын, ал 2024 жылы аудан орталықтарының мамандары үшін 50 мыңнан сәл астам теңгені және АЕМ мамандары үшін 40,5 мың теңгені құрайтынын назарға ала отырып – ауылдық жерлерде білім беру саласындағы маманның тіпті жеңілдікті шарттар бойынша да тұрғын үй сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ.
«Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде бюджеттік кредит алған мамандар саны төмендеуінің келесі себебі – ауданның көптеген елді-мекендерінде сатуға арналған тұрғын үйдің болмауы, оның ішінде «Дипломмен ауылға» жобасының критерийлеріне сәйкес келетін, 70-жылдардағы тұрғын үй абаттандырылмаған және мамандардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейді.
Жас мамандардың кетуі және АЕМ-ден баспана алуға құлықсыздық, оның ішінде орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың болмауымен байланысты.
Бұл ретте, біздің ойымызша, «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін реттейтін қолданыстағы Қағидаларда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны төмендетілді.
Осылайша, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес, тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 46 АЕК-тен немесе 2023 жылы 158,7 мың теңгеден аспауы тиіс.
СЖжРА ҰСБ деректеріне сәйкес, республика бойынша ауылдық жерлердегі тұрғын үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метрін салуға жұмсалған орташа нақты шығындар 127,4 мың теңгені құрады.
Алайда, Қазақстанның бірқатар облыстарында, мысалы Абай (172,9 мың теңге), Жетісу (158,6 мың теңге), Ақмола (161,0 мың теңге), Алматы (166,0 мың теңге), Шығыс Қазақстан (175,6 мың теңге) облыстарында 1 шаршы метр құрылысқа жұмсалатын орташа нақты шығындар тек республикалық мәндерден ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы Қағидаларда көзделген шығындар сомасынан да асып түседі.
Сонымен қатар, құрылыс аяқталғаннан кейін ауылға келген және «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде қолдау алған маман Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тұрғын үйді пайдалануға беруді жүзеге асыратындығын назарға алу қажет, бұл да қаржылық шығындарды көздейді.
Осыған байланысты құрылысқа бөлінетін сома елдің бірнеше өңірінің АЕМ мамандары үшін жеткіліксіз болуы мүмкін.
«Дипломмен ауылға» жобасының іске асырылу барысын талдауды негізге ала отырып, өңірлердегі тұрғын үй құнына қарай бюджеттік кредит мөлшерін саралау мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Халықтың кредиттелуінің жоғары деңгейін және теріс кредиттік тарихтың болуын, бұл мамандарға жеңілдетілген ипотека алуға мүмкіндік бермейтінін назарға ала отырып, мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің балама нұсқасын қарастыру қажет, өйткені іс жүзінде әртүрлі өмірлік жағдайлар болуы мүмкін және Қағидалар оларды қолданудың өзгергіштігі тұрғысынан жетілдірілуі керек. Бұдан басқа, бюджеттік кредиттерді өтеу қажеттілігінің болмауы АЕМ-ге келген мамандардың қолда бар табысын арттырады.
Динара Мукушева
жетекші сарапшы
Барлық мақалалар