27.02.2024
Қазақстанда әлеуметтік саланы қолдау және дамыту мәселелеріне дәстүрлі түрде басымдық үлкен мән беріледі.
Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік бюджеті шығындарының жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Соңғы бес жылда (2019 жылдан 2023 жылға дейін) мемлекеттік бюджеттің барлық шығындарының орта есеппен 21,8%-і әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға, 20,1%-і білім беруге, 10,5%-і денсаулық сақтауға жұмсалды.
2023 жылы іргелі ғылыми зерттеулер, мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, халықтың денсаулығын қорғау, білім беру (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру), ақпараттық кеңістік, сыртқы саяси қызмет және өзге де қызметтер сияқты бағыттар бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру үшін республикалық бюджеттен Денсаулық сақтау министрлігіне 2,2 трлн теңге (2022 жылмен салыстырғанда 11,8%-ке ұлғайған), Оқу-ағарту министрлігіне 765,6 млрд теңге (2022 жылмен салыстырғанда 49,3%-ке азайды), Ғылым және жоғары білім министрлігіне 527,3 млрд теңге (2022 жылмен салыстырғанда 31,8%-ке ұлғайды), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 4,7 трлн теңге (2022 жылмен салыстырғанда 8,0%-ке ұлғайды) бөлінді.
Соңғы жылдары инфрақұрылымды кеңейту және әлеуметтік сала мамандықтарының (ең алдымен, педагогтер мен медицина қызметкерлерінің) беделін арттыру бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 90 медициналық нысан салынды, 80 медициналық мекеме жөнделді, 58,8 млрд теңгеге 514 бірлік медициналық техника сатып алынды, мұғалімдердің жалақысы 25%-ке өсті (ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсының деректері бойынша). Дегенмен, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасына, сондай-ақ ресурстарды тиімсіз пайдалануға қатысты мәселелер әлі де бар.
Әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке әлеуметтік көмек пен қолдау құрылымы мен тетіктерін толығымен қайта қарауды тапсырды. Ол ресурстарды тиімді пайдалану және әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру қажеттігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, өңірлердің әкімдеріне және "Самұрық-Қазына" Қорына "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" және "Жайлы мектеп" ұлттық жобаларын іске асыруды тежейтін барлық мәселелерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеуін қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы мәлімдеді.
Осы шараларды қабылдау және қойылған мақсаттарды жүзеге асыру еліміздің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер жасауға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.
Жумахан Меруерт
Фискалдық саясат орталығы сарапшысы
Барлық мақалалар