Біздің өңірлеріміз Өңірлік стандарттар жүйесіне қаншалықты сәйкес келеді?

29.02.2024

Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес өңірлердің объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз етілуін бағалау қорытындыларын жариялауды жалғастырамыз. Кезекте Жамбыл облысы.

Жамбыл облысының елді-мекендерін Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету деңгейі небәрі 60,3% құрайды (республика бойынша 9-орын).
 
Қамтамасыз етудің жоғары көрсеткіштері (97,0%-тен жоғары) қызметтер инфрақұрылымында, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, мәдениет және спорт, инфокоммуникация салаларында тіркелген.

Өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштерін халықтың өмір сүру сапасына барынша әсер ететін бағыттар бөлінісінде қарастырайық.
Білім саласынан бастайық. Білім саласында объектілермен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 94,1% құрайды. Балабақшалармен қамтамасыз ету 96,1% құрайды (республика бойынша 81,8%). Облыста 567 ұйым жұмыс істейді, бұл ретте, балабақшаларда орын алу кезегі 8 мың адамды құрайды. 

Орта білім беру объектілерімен қамтамасыз ету деңгейі 91,7% құрайды. 
Орта білім беру объектілерінің жеткіліксіздігін өңірде үш ауысымдық мектептер мен ғимараттары апатты жағдайда тұрған мектептердің болуы көрсетеді. Өңірде 4 мектеп 3 ауысымда сабақ өткізеді, ал 1 мектеп апатты жағдайда тұр. Оқушы орындарының ағымдағы тапшылығы 19 мыңнан астам бірлікті құрайды. Туу көрсеткіштерін, урбанизацияны, өңірішілік және өңіраралық көші-қонды, сондай-ақ білім беру объектілері ғимараттарының тозуын ескере отырып, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 64,2 мың орынға дейін өсуі мүмкін.

Үш ауысымдық оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында, облыс әкімінің айтуынша, 2023 жылы 7 білім беру мекемесі пайдалануға беріліп, тиісінше 2 мың оқушы орны құрылды. 2024 жылы 13,4 мың орынға есептелген 29 білім беру объектісінің құрылысы басталады, оның ішінде 12 мектеп – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде (Тараз қаласы - 4 мектеп, Шу қаласы – 2 мектеп, Байзақ ауданы - 1 мектеп, Жамбыл ауданы - 1 мектеп, Қордай ауданы - 3 мектеп, Меркі ауданы-1 мектеп).


Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту еңбек нарығының икемділігін қамтамасыз етуде маңызды мәнге ие. Облыста колледждермен қамтамасыз ету 96,1% құрайды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 44 ұйымнан құралады, онда 25,3 мың адам білім алады.
 
Денсаулық сақтау саласында не болып жатыр? 
Денсаулық сақтау объектілерімен қамтамасыз ету деңгейі 94,6% құрайды, бұл ретте, облыс халықтың аурушаңдық жоғары деңгейімен топ-10 өңір қатарына кіреді – 100,0 тұрғынға 56,0 мың адам (орташа республикалық деңгей – 100,0 тұрғынға 49,1 мың адам). Дәрігерлік кадрлармен қамтылу 93,6% құрайды, бұл кадр тапшылығын көрсетеді.

Облыстың денсаулық сақтау саласында 391 нысан жұмыс істейді. 2023 жылдың деректері бойынша облыста 24 нысан салынып жатыр, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 нысан салынуда. Оның ішінде алты нысан пайдалануға берілді. Жақында іске қосылған ірі нысандардың ішінде Тараздағы облыстық онкологиялық диспансерді және Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығын атап өтуге болады. 2024 жылы тағы бес денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.


Мәдениет пен спорт әлеуметтік саланың маңызды бағыты болып табылады. 
Бұл салаларда не болып жатыр? Осы салаларда объектілермен қамтамасыз ету деңгейі орта есеппен 97,8% құрайды: кітапханалармен - 94,6%, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен – 90,1%, мәдени-демалыс ұйымдарымен – 83,8%, мұражайлармен – 95,4%.

Жамбыл облысының мәдениет саласында 513 мекеме жұмыс істейді (3 театр, 17 мұражай, 199 мәдени-демалыс мекемесі, 5 кинотеатр, 275 кітапхана, 1 концерттік ұйым, 13 саябақ). Мәдениет және спорт саласында өңірдің негізгі мәселелері бірқатар объектілердің апаттық жағдайда болуымен және тозуымен байланысты. 

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша облыста 38 мәдениет және спорт нысаны күрделі жөндеуді қажет етеді, оның ішінде 35 нысан ауылдық жерлерде орналасқан.

25 нысан апаттық жағдайда тұр, оның ішінде 23 нысан облыс ауылдарында орналасқан.
Құрылыс қажеттілігі 49 нысанды құрайды. Бұл ретте, бұл нысандардың басым бөлігі спорт саласына тиесілі. 2024-2027 жылдарға Жамбыл облысында 52 спорт кешенінің құрылысы жоспарланғанын атап өткен жөн.


Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өмір сапасының маңызды көрсеткіші болып табылады. Өңірде елді-мекендердің инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 94,7% құрайды: орталық сумен жабдықтау - 90,9%, орталықтандырылған газбен жабдықтау - 93,8%, электрмен жабдықтау - 98,5%.

 
Көріп отырғанымыздай, өңір үшін халықты орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес облыста 97 мыңнан астам адам орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне қол жеткізе алмайды. 
Сонымен қатар, облыс қалаларында 235 мыңға жуық қала тұрғыны әлі күнге дейін кәрізсіз тұрады. 

Қазақстанның көп өңірлерінде сияқты, Жамбыл облысында да көлік және жол инфрақұрылымдарын қамтамасыз ету мәселелерімен жағдай өткір тұр. Осылайша, елді-мекендердің ішкі жолдармен қамтамасыз етілу деңгейі 78,4%, көше жарығымен қамтамасыз етілу деңгейі 70,6% құрайды. Өңірде қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету небәрі 71,9% құрайды. Жолдармен және көше жарығымен қамтамасыз ету деңгейінің төмен болуы салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі болып жатады, олар бойынша Жамбыл облысы Қазақстан өңірлері арасында 3-орында тұр. Құқықтық статистика деректері бойынша 2023 жылы облыста 1,2 мың ЖКО тіркелді, онда 2,1 мың адам зардап шекті.


Инфрақұрылымдық жайластыру деңгейін зерттеуде облыс тұрғындарының пікірі ерекше қызығушылық тудырады. Осылайша, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ жүргізген Қазақстан өңірлеріндегі қала және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын қабылдаудың жалпыұлттық зерттеуіне сәйкес облыс тұрғындары жол, көлік инфрақұрылымдары мен кәріз қызметтерін нашар бағалайды (4-тен 2,41 балдан артық емес).

Әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты облыс тұрғындарының көпшілігі денсаулық сақтау қызметтерінің сапасына қанағаттанады және өңірде ауруханалар жеткілікті деп санайды. Сонымен қатар, медициналық қызметтердің сапасына қанағаттанбау пайызы да өте жоғары. Респонденттердің 40% астамы медициналық көмектің сапасына қанағаттанбайды.
 
Облыс халқы білім беру мекемелерінің жұмысын жоғары бағалайды: халықтың 80% жуығы өңірде балабақшалар, мектептер, университеттер жеткілікті деп санайды.

Облыстың қалалары мен ауылдарында жағдай қандай екен? 
Бағалау қорытындысы бойынша 823,0 мыңнан астам адам тұратын 61 елді-мекенде қамтамасыз ету деңгейі 80%-тен жоғары екені атап өтілді. Бұл - облыс халқының 65,0% астамы.

Облыс қалаларында Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес объектілермен және қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету деңгейі 80%-тен асады. Шу қаласы ерекшелік болып табылады, онда бұл көрсеткіш 77,8% құрады.
 
Ауылдық округтер орталықтарының ішінде 180,0 мыңнан астам адам тұратын 60 елді-мекенде қамтамасыз ету деңгейі 80%-тен асады. Облыстың барлық аудан орталықтарында қамтамасыз ету көрсеткіші 80%-тен асатынын атап өткен жөн. Қалған ауылдық елді-мекендерде Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес объектілермен және қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету деңгейі 47,0%-тен сәл асады.

Жалпы алғанда, облыс бойынша 102 елді-мекенде қамтамасыз етілу деңгейі 50%-ке жетпейді (яғни төмен), ал онда 48,0 мыңнан астам адам тұрады.

Қорытындылай келе, Жамбыл облысының негізгі мәселелері, еліміздің көптеген өңірлерінде сияқты, қалалық және ауылдық жерлер арасындағы халықтың өмір сүру сапасындағы теңгерімсіздік болып табылатынын атап өткен жөн. Облыс қалаларында Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес объектілермен және қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету 84,5%, ауылдарда 59,9% құрайды. 

Диана Садуахасова
 аға сарапшы



Барлық мақалалар

Қарау саны: 0
Сақталған: 21.12.2024





... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!