Халықты әлеуметтік қолдаудың демографиялық аспектілері

07.03.2024

Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың бөлінетін көлемінің өзгеруі, оның өңірлік айырмашылықтары елдің демографиялық дамуымен тығыз байланысты.

Елде 2005 жылдан бастап туу деңгейінің жоғарылауы байқалды, бұл халықтың жас құрылымындағы балалар үлесінің артуына ықпал етті. 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша 0-17 жас аралығындағы балалардың үлесі халықтың жалпы санынан 34,1% (6 738 016 адам) құрады. Өңірлер бөлінісінде балалардың салыстырмалы түрде жоғары үлесі туу деңгейі салыстырмалы түрде жоғары облыстарда байқалды. Түркістан (43,3%), Маңғыстау облыстарында (41,8%) және Шымкент қаласында (40,5%) халықтың жартысына жуығы – балалар.

 
Соңғы жылдары бала туудың өсуі төртінші және одан жоғары балалардың туылуына байланысты. Бұл туылғандардың үлесі 2018 жылғы 19,7%-тен 2022 жылғы 29,2%-ке дейін өсті. Тиісінше, көп балалы болуына байланысты жәрдемақы алушылардың саны екіден астам есеге артты (2018 жылғы 270 861 адамнан 2022 жылғы 501 158 адамға дейін).

Балалар санының өсуіне және басқа да себептерге байланысты елімізде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Ол 2018 жылғы 153 230 адамнан 2022 жылғы 188 144 адамға дейін өсті. Мүгедектігі бар балалар саны (0-17 жас) 2018 жылғы 86 956 адамнан 104 260 адамға дейін өсті.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес (2022 ж.) ел халқының барлық ақшалай табысынан 3,7% жәрдемақы болып табылады. Өңірлер бөлінісінде Түркістан (7,2%), Қызылорда (7,1%) және Маңғыстау (6,3%) облыстары көшбасшы болып табылады.

Елде жоғары өңірлік айырмашылықтармен халықтың қартаю процесі де қарқынды жүріп жатыр. 65 жастан асқан халықтың үлестік салмағы халықтың жалпы санынан 8,5% құрайды. Шығыс Қазақстан (15,0%), Солтүстік Қазақстан (14,2%), Қостанай (12,8%) және басқа да солтүстік және орталық облыстарда егде жастағы халықтың үлесі барлық халықтың 10%-ынан асады.
 
Ел халқының ақшалай табысының 18,5%-ы зейнетақыны құрайды. Шығыс Қазақстан (28,2%), Солтүстік Қазақстан (25,5%) облыстарында және Абай облысында (24,6%) және басқа да солтүстік және орталық өңірлерде зейнетақының үлесі халықтың барлық ақшалай табысының 20%-ынан асады. 

Бүгінгі таңда Қазақстанның халықты әлеуметтік қорғауға арналған бюджеттік шығындары ЖІӨ-нен шамамен 5% құрайды. Шығындар құрылымында әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар - қысқартуға жатпайтын шығындар болып табылады.

Қазақстанның демографиялық жүктемесі негізінен балалар санының өсуі есебінен болатынын ескере отырып, балаларды қолдау экономикалық дамудың басты әлеуеті болып табылады.
 
Осылайша, балалардың әл-ауқатына салынған инвестициялар мемлекетке сапалы еңбек ресурстарын әкеледі, адами капитал деңгейін арттырады. Тиісінше, балаларға әлеуметтік көмек ақшалай баламада ғана емес, сондай-ақ қолжетімді сапалы медициналық қызмет көрсету мен білім беруге (оның ішінде қосымша) мемлекеттің (сондай-ақ бизнестің) жәрдемдесуінде де байқалуы тиіс.

Шынар Тулешова
 ӨЗО жетекші сарапшысы



Барлық мақалалар

Қарау саны: 0
Сақталған: 21.12.2024





... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!