20.03.2024
27 моноқаладан құралған алдыңғы тізбе Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында, ал бұдан бұрын Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасында көрсетілген болатын. Моноқалалардың тізбесі экономикалық дамудың мамандануын (орналасуын) және әлеуетін ескере отырып қалыптастырылды.
Бұған дейін моноқалаларға жатқызылған кейбір қалалар экономикалық өзгерістер мен табиғи ресурстардың сарқылуына байланысты осы "мәртебесін" жоғалтты, бұл ретте, басқа қалалар өз экономикасын әртараптандырды, дамытты.
2023 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы моноқалаларының (Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Хромтау, Шахтинск, Екібастұз) жаңа тізбесі бекітілді.
7 моноқала - Аркалық, Жаңатас, Жезқазған, Қаратау, Сарань, Серебрянск, Текелі тізбеден шығарылды. Арқалық және Серебрянск моноқалаларының тізбесінен алып тастаудың негіздемесі қала құраушы кәсіпорынның (Торғай боксит кен басқармасы және Серебрянск бейорганикалық өндірістердің зауыты) жабылуы болды. Текелі және Сарань қалалары тізбеден экономикалық әртараптандырудың өсуіне байланысты шығарылды.
2014-2022 жылдар аралығында Текелі қаласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2014 жылы 11 376,3 млн. теңгеден 2022 жылы 30 914,7 млн. теңгеге дейін өсті. Қалада жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 81,3%-ке, 2014 жылғы 928 бірліктен 2022 жылы 1 683 бірлікке дейін өсті.
Сарань қаласында осындай уақыт аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2014 жылғы 21 577,8 млн. теңгеден 2022 жылы 70 901,1 млн. теңгеге дейін 3 есеге ұлғайды. Шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі индикаторларында шамалы оң динамика байқалды. 2022 жылы белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2 604 бірлікті құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда (2 269 бірлік)14,8%-ке артық .
Сондай-ақ, облыс орталықтарымен бірге бюджеттік бағдарлама бойынша осы қалалардың инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруды жүргізу ұсынылды.
Жезқазған Ұлытау облысының әкімшілік орталығына айналды.
Аудандық маңызы бар қалалар Жаңатас және Қаратау шағын қалалар тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды, қалалар 2023-2027 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын іске асыру есебінен қосымша дамытылатын болады.
Айгерим Аманжолова
ӨЗО аға сарапшысы
Барлық мақалалар