09.04.2024
Қазіргі қоғамда қызметкерлердің денсаулығы мен әл-ауқатына қамқорлық жасау мемлекеттің басым міндеті болып табылады. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы қатынастар еңбек заңнамасының нормаларымен реттеледі. Жұмыскерлерді емдік-алдын алу тамақтандырумен, жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз етпегені үшін жұмыс берушілерге нақты санкциялар салынады.
Басқа елдердің заңнамасы жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелерін қалай реттейді?
АҚШ.
АҚШ «Еңбекті қорғау туралы» Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес және АҚШ Еңбекті қорғау басқармасының қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жұмыс берушілер әр жұмыскерді тиісті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуі керек. Заңға сәйкес осы талапты бұзған кез келген жұмыс берушіге әрбір осындай бұзушылық үшін 7000 АҚШ долларына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
- Бұзушылықты түзету үшін рұқсат етілген мерзім ішінде оны жоймаған жұмыс берушіге мұндай орындамау немесе бұзу жалғасатын әрбір күн үшін 7000 АҚШ долларынан аспайтын айыппұл салынады.
- Талаптарды қасақана немесе бірнеше рет бұзған жұмыс берушіге әрбір бұзушылық үшін 70 000 АҚШ долларынан аспайтын айыппұл салынады.
Филиппиндер.
«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңды (бұдан әрі - Заң) іске асыру бойынша Филиппиндер Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің (IRR) Ережесіне сәйкес келесі бұзушылықтар жасалған жағдайда, фирмаларға 530 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады:
- Жұмыскерлерге қажетті медициналық материалдарды, жабдықтар мен құралдарды бермеуі.
- Жеке қорғаныс құралдары туралы Заңның ережелері сақталмаған жағдайда, жұмыс берушіге 880 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады.
Өзбекстан.
«Еңбекті қорғау туралы» Заңға сәйкес қолайсыз еңбек жағдайларымен жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер белгіленген нормалар бойынша тегін емдік-алдын алу тамақтандырумен, газдалған тұзды сумен (ыстық цехтарда жұмыс істейтіндер), арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен және басқа да жеке қорғану және гигиена құралдарымен қамтамасыз етіледі. «Әкімшілік жауапкершілік туралы» Кодекске сәйкес лауазымды тұлғаның еңбек және еңбекті қорғау туралы заңнаманы бұзуы 5-10 базалық есептік шамаға дейін айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстанда осындай шараларды енгізу жұмыс берушілердің жұмыскерлерді еңбек жағдайымен қамтамасыз ету саласындағы бұзушылықтарын азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті порталының статистикалық деректері бойынша жұмыс берушінің жұмыскерлерді емдік-алдын алу тамақтандырумен, жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін 2022 жылы 82 хаттама (ескерту) жасалды, бұл ретте, айыппұлдар салынбады. 2022 жылы Еңбек Кодексінің 182-бабы 2-тармағының 4-тармақшасының нормасын сақтамау бойынша 50 бұзушылық анықталды.
Айгуль Асенова
директордың орынбасары
Барлық мақалалар