24.04.2024
2022 жылдың аяғында Қазақстандағы жұмысбасты халық саны 8,9 миллионды құрады.
Ал оның ішінде ерлер саны әйелдерге қарағанда шамамен 380 мыңға жоғары (4 673 260 қарсы 4 298 279). Халықтың басым көпшілігі жалғыз және негізгі жұмыс орнында қызмет етеді (94,2 % немесе 8 447 690 адам), дегенмен 378 305 адам, яғни 4,2 пайыз адам қосымша жұмыспен және жеке ауласымен айналысады.
Бір қызығы, жеке ауласын қосымша табыс көзіне айналдырғандар, негізінен, ауыл халқы арасында көп, ал олардың жалпы пайыздық көрсеткіші – 9,6%.
Салыстырмалы түрде халықтың аз бөлігі, яғни жалпы жұмысбастылардың 1,6 % немесе 145 544 адам қосымша жұмыс жасайды. Бұл тенденция әйелдерге қарағанда ерлерге тән: 44,4 % және 55,6%.
Ал қала және ауыл халқы арасындағы пайыздық қатынасты қарастырсақ, қалада тек негізгі жұмыспен айналысатын адам саны жоғары: 98,3% және 87,5%. Бұны қаладағы жұмыстың ауылға қарағанда жоғары бағалануымен, қосымша табыс қажеттілігінің төмендігімен және жұмыстың қолжетімділігімен түсіндіруге болады.
Ауылдық жерлердегі халыққа көбінесе өз ауласында кішігірім шаруашылықпен айналысу тән. Бұл дәстүрлі түрде ауылдағы жұмыс түрлері аграрлы секторға жатқандықтан болуы мүмкін. Десе де, ауылдық жерлерде әр оныншы адам бір уақытта қосымша жұмыс та жасайды, жеке ауласында шаруашылықпен де айналысады.
Халықтың қосымша жұмысты іздеуіне келесідей себептер түрткі болады:
- Негізгі табыстың жетіспеушілігі – басты себептердің бірі: Өз қаржылық жағдайын жақсартуға ұмтылу, әдетте, негізгі табыстың базалық шығындарды жаппауынан туады;
- Өмір құнының артуы: қызметтер мен тауарлар бағасының өсуі және инфляция қосымша табыс көзін іздеуге итермелеуі мүмкін;
- Маусымдық жұмыс: ауылдық аймақтарда экономиканың басым бөлігі ауыл шаруашылығына тәуелді болғандықтан, маусымнан тыс уақытта қызметкерлер қосымша жұмыс іздейді.
Жанерке Рахман
сарапшы
Барлық мақалалар