Kazakhstan Global Investment Forum 2020
23.10.2020
«Kazakhstan Global Investment Forum 2020» үшінші инвестициялық форумы осы аптада Лондонда виртуалды режимде өтті.
Бірегей инвестициялық алаңның ұйымдастырушылары: «New Statesman Media Group» халықаралық басылымы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, сондай-ақ Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі. Іс-шараға өңдеу, ауыл шаруашылығы, химия, тау-кен өндіру және қаржы секторлары компанияларының, сондай-ақ металлургия, логистика, жасыл және цифрлық технологиялар салаларындағы компаниялардың өкілдерін қоса алғанда, әлемнің түрлі елдерінен 600-ден астам адам қатысты. Форум Қазақстанның бизнес пен инвестициялар үшін кең және жаңадан ашылатын мүмкіндіктеріне арналды. Форумның ашылуында негізгі спикерлер ретінде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов, ҚР Президентінің Экономикалық даму және стратегия мәселелері жөніндегі кеңесшісі сэр Сума Чакрабарти, Ұлыбритания Премьер-Министрінің Қазақстан бойынша сауда өкілі баронесса Эмма Николсон, Лондон Ситидің Лорд-мэрі Уильям Рассел және т. б. сөз сөйледі. Тілеуберді өз сөзінде ҚР тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Ұлыбритания Қазақстанның Батыс Еуропадағы негізгі шетелдік инвесторлары мен сауда серіктестерінің бірі болғанын және болып қала беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан тиімді географиялық орналасуы, сапалы инфрақұрылымы, үлкен транзиттік әлеуеті және жаһандық байланысы бар өңірдің ең ірі экономикасы болып қала беретінін айтты. «Бүгінгі таңда біз жеңілдетілген салық режимі мен инвестициялық жеңілдіктер топтамасын ұсына отырып, қолайлы бизнес-ахуал құрдық. Экономиканың басым салаларында жобаларды іске асыратын компанияларға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік берілген. Алайда біз көп нәрсені қалаймыз және әлі де көп нәрсе жасаймыз. Қазақстан ЭЫДҰ елдерінің үздік стандарттары мен тәжірибелеріне сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту үшін түбегейлі өзгерістер енгізуге ұмтылуда», – деді М.Тілеуберді. Чакрабарти Тәуелсіздіктің 29 жылы ішінде Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатқан саяси тұрақты елге айналғанын атап өтті: «Бүгінде Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 экономикалық держава тізіміне енді. Қазақстан сондай-ақ Ирландия мен Исландия арасында бола отырып, Дүниежүзілік Банктің «Doing Business 2020» рейтингінде 190 елдің арасында 25 – ші орында тұр», - деп, ол ел қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмайтынын және «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізуге ниетті екенін атап өтті. Баронесса Э. Николсон денсаулық сақтау, білім беру, жасыл технологиялар және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірқатар белсенді қазақстандық-британдық инвестициялық жобаларды атап өтіп, Экспорттық кредиттерге кепілдік беру жөніндегі агенттіктің (UK Export Finance, UKEF) қазіргі кезде Қазақстан үшін 4,5 млрд.фунт стерлинг мөлшеріндегі елдік резерві бар, ол қазақстандық жобаларды қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін екенін айтты. Қазіргі уақытта британдық компаниялар Маңғыстауда тұщыландыру зауытын салу және Қызылорда облысындағы ірі ванадий кен орнын игеру жөніндегі жобаға қаражат инвестициялауға ниеттеніп отыр. Анықтамалық: Қазақстан мен Біріккен Корольдік арасындағы тауар айналымы 2019 жылы Қазақстан мен Біріккен Корольдік арасындағы тауар айналымы 2,5 млрд.фунт стерлингтен асты. Қазіргі уақытта Қазақстанда британдық капиталы бар 860-тан астам заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген, олардың 500-ден астамы коммерциялық белсенді болып табылады. Екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды тетігі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясы болып табылады, оның кезекті отырысы ағымдағы жылғы 19 қарашаға виртуалды режимде жоспарланған.
Қарау саны: 1517 |
|
|