Солтүстік экономикалық ынтымақтастық
30.10.2020
Сеулде Солтүстік экономикалық ынтымақтастық-2020 халықаралық форумы ашылды. Іс-шара «COVID-19-дан кейінгі жаһандық өзгерістер және Солтүстік экономикалық ынтымақтастықтың болашағы» ұранымен өтуде.
Қасым - Жомарт Тоқаев форумда бейнежолдау жасады,-деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы Президент Мун Чжэ Инь бастаған, соңғы үш жылда өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін бірнеше рет дәлелдеген «Жаңа Солтүстік саясаттың» стратегиясын жоғары бағалап, Оңтүстік Корея көшбасшысының неғұрлым көркейген, өзара байланысты және тұрақты Еуразия құруға деген көреген көзқарасын құптады. Қазақстан Президентінің пікірінше, қазіргі уақытта әлем коронавирус пандемиясының теңдессіз сын-тегеуріндеріне тап болған кезде саяси ерік пен экономикалық сақтық синергиясы айқындаушы мәнге ие болуда. Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ құндылықтарға, өзара қолдау мен адамдар арасындағы тығыз байланыстарға негізделген Қазақстан-Оңтүстік Корея стратегиялық серіктестігі туралы айта келіп, екі ел халықтары арасындағы достықтың «алтын көпір» саналатын Қазақстандағы жүз мыңдық корей қауымының үлесін атап өтті. «Қазақстан экономикасына салынған кореялық инвестициялар 7 млрд доллардан асты. Жаһандық турбуленттілікке қарамастан, екіжақты тауар айналымы сенімді өсуді көрсетті. Қазақстанның үлесіне Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің жалпы ЖІӨ-нің 70% - ы тиесілі екенін атап кеткен жөн. Корея жетекші инвесторлар арасында 10-шы орында тұр. Осылайша, біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі арттыру үшін пайдаланылмаған зор әлеует бар», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Мун Чжэ Иннің елімізге 2019 жылғы сәуірдегі тарихи сапары екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа парағын ашқанын атап өтті. Осы сапар барысында қол қойылған «Самал жел» бағдарламасы Қазақстан-Корея жан-жақты экономикалық, сауда және мәдени қарым-қатынастарды жандандыруға бағытталған. Қасым-Жомарт Тоқаев «Самал жел» бағдарламасы мен «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясы «Цифрлық Қазақстан» және «Нұрлы жол» сияқты ұлттық бағдарламаларда бекітілген стратегиялық міндеттерге сәйкес келетінін айтты. Әлемдегі ұзақ мұнай суперкезеңінің жақындап келе жатқанын атап өткен Мемлекет басшысы Қазақстан үшін әртараптандырылған және орнықты экономика құрудың аса маңызды екенін атап өтті: «Сондықтан мен жаңа экономикалық бағытқа бастама жасадым. Бұл тек құрылымдық реформалармен ғана емес, сонымен бірге неғұрлым қарқынды және күшті мемлекет құрумен де байланысты. Қазақстан кореялық инвесторлар үшін арнайы әзірленген құралдарды, оның ішінде салықтық және кедендік преференцияларды, жобаларды қоса қаржыландыруды, ішінара кепілдіктер мен экспортты қолдау тетіктерін ұсынуға дайын». Мемлекет басшысы сондай-ақ ағылшын құқығында жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетіне тоқталып, оның шетелдік бизнес үшін экожүйесінің бірегейлігін ерекше атап өтті. Сөз соңында Қасым – Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына жемісті жұмыс, ал Оңтүстік Корея Президенті мен Үкіметіне олардың игі бастамаларына сәттілік пен табыс тіледі.
Қарау саны: 1381 |
|
|