05.01.2021
Бас ассамблея 2021 жылға арналған БҰҰ-ның бюджетін бекітті. Бас Ассамблеяның 75-ші сессиясының төрағасы Волкан Бозкыр құжатты келісімдеу бойынша жұмыс оңай болмағанын, бірақ соңында мемлекеттер бір шешімге келе алғандығын баса айтты. Оның айтуынша, бөлінген сома Ұйым міндетінің толық және тиімді орындалуын қамтамасыз етеді.
Бас ассамблея БҰҰ Бас хатшысы сұраған мөлшерден сәл аз соманы мақұлдады, бірақ айырмашылық шамалы, деп хабарлайды Ұйымның сайты. Барлығы 3,231 млрд АҚШ доллары бөлінді.
Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ-ның тұрақты бюджеті Ұйымға мүше мемлекеттердің жарналарынан тұрады. Әрбір мемлекеттің жарнасы БҰҰ-ның жалпы шығындарының пайызымен есептеледі. Жарналардың мөлшері үш жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясы айқындайды. Оның негізіне мемлекеттердің төлем қабілеттілігінің қағидаты салынған. Бұл тәсіл жалпы ұлттық өнімнің көрсеткіштерін есепке алады. Егер нақты бір мемлекеттің экономикасы ойдағыдай дамитын болса, онда оның БҰҰ бюджетіне жарнасының мөлшері де өседі.
Қолданыстағы шәкілге сәйкес АҚШ БҰҰ тұрақты бюджетіне оның жалпы көлемінен 22 пайызды, Қытай – 12 пайызды, Жапония 8,5 пайыз, Германия 7 пайыздан сәл төмен, Франция 4,5 пайыз дерлік, Бразилия 2,9, Канада 2,7, Ресей - 2,4 пайыз, Австралия - 2,2, Қазақстан - 0,18, Украина - 0,05, Беларуссия мен Әзірбайжан - 0,04, Түркменстан мен Өзбекстан - 0,03, Грузия - 0,008, Армения - 0,007, Тәжікстан - 0,004, Қырғызстан - 0,002 пайызды енгізеді.
Қарау саны: 1285
Сақталған: 27.11.2024