Қазақстан Президенті:

20.01.2021

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына үндеу жолдады.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалықты қабылдады. Біздің бірлестіктің жұмыс істеген алғашқы бес жылының қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың табысты әрі тартымды интеграциялық жоба ретінде өткенін нық сеніммен айтуға болады, делінген ҚР Президентінің үндеуінде.

"Сонымен қатар, әлем бүгінде турбуленттілік жағдайында. Әлемдік экономика мен қаржы нарықтарының тұрақсыздығы коронавирустық пандемияның теріс әсерімен күрделене түсуде. Ол халықаралық қатынастардағы көптеген проблемаларды ашты, экономикалық өзара әрекеттесудің қалыптасқан заңдылықтарын, қағидаттары мен құралдарын қайта қарастыруға әкелді. Одақ сияқты жағдайларда біз ұзақ мерзімді басымдықтарға бағдарлануға тиіспіз: экономикалық және әлеуметтік жүйелердің орнықтылығын сақтау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттердің прогресін қамтамасыз ету. Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын тиімді және толыққанды іске асыру осы мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететіні сөзсіз", - деп санайды Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы Тоқаев.

Қазақстан төрағалық еткен жылы мынадай мәселелерге ерекше назар аудару ұсынылады:

Біріншіден, өнеркәсіптік кооперацияға жаңа серпін берген жөн. "Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өнеркәсіпте, агроөнеркәсіптік секторда және қызмет көрсету саласында бірлескен кәсіпорындар құру қажет. Бұған қоса, жаңа бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру елдеріміздің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өндірістік байланыстылығын және тиімді экономикалық өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Интеграциялық өзара іс-қимылдың көрсетілген салаларында Еуразиялық даму банкінің әлеуетін барынша іске қосу қажет. Бірлескен кәсіпорындар құру және мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салалары арасындағы байланыстарды нығайту да өзара сауда көлемін ұлғайту және біздің мемлекеттеріміздің нарықтарындағы кедергілерді жою үшін қосымша серпін болады. Осы басымдықтарды негізге ала отырып, "ЕАЭО шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын" жаңа мазмұнмен толықтыру талап етіледі. Жиынтықта бұл шаралар Одақтың жалпы нарығында бәсекеге қабілетті өнеркәсіп тауарларын өндіруде кооперация үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді, бірлестіктің барлық қатысушыларының шикізаттық емес экспорт көлемінің елеулі ұлғаюына әкеледі", - деп жеткізеді ЕЭК баспасөз қызметі Тоқаевтың сөзін.

Екіншіден, Одаққа мүше елдер арасындағы өзара саудада сақталып отырған кедергілерді жою сөзсіз басымдық болып табылады. "Еуразиялық экономикалық комиссия бар кедергілерді белсенді және ашық түрде жойып, жаңа сауда кедергілерінің пайда болуын болдырмауы, тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысындағы алып қоюлар мен шектеулерді барынша қысқартуды қамтамасыз етуі тиіс. Мониторинг пен талдау орталық деңгейде де, өңірлік және муниципалды деңгейлерде де сауда кедергілерін қамтуы керек. Бірінші кезекте күш-жігерді өзара саудаға неғұрлым теріс әсер ететін тосқауылдарға шоғырландыру қажет. Импортты алмастыру жөніндегі ұлттық бағдарламалар, нарықты өз өнімімен молықтыру жөніндегі міндеттер Одақтың құқықтық нормаларын мүлтіксіз сақтаған жағдайда іске асырылуы тиіс", - деп есептейді Кеңес төрағасы.

Үшіншіден, трансшекаралық көлік артериялары мен логистикалық хабтардың әлеуетін жан-жақты әрі толыққанды іске қосу маңызды. "Бұл саладағы тиімді ынтымақтастық сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде және бүкіл Еуразия құрлығында сенім орнатуда шешуші рөл атқарады. Осы мақсатта Еуразиялық интеграциялық бірлестікті "Бір белдеу — бір жол" бастамасымен байланыстыруды қамтамасыз ететін өзара тиімді бірлескен жобаларды дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруды ұсынамыз. Еуразиялық транзиттік бағыт Еуропа-Азия сауда-көлік осі бойынша халықаралық сауда үшін барынша тартымды және бәсекеге қабілетті болуы тиіс" - Президент жобаны іске асыру ЕАЭО көлік дәліздерінің қатысушы елдердің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін де, шетелдік әріптестер үшін де жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасымен шекарасындағы "Қорғас торабының" әлеуетін, сондай-ақ қалыптасып келе жатқан Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасымен шекарасындағы "Орталық Азия" сауда-экономикалық ынтымақтастық халықаралық орталығының мүмкіндіктерін ЕАЭО-ның барлық қатысушыларының мүддесі үшін толыққанды пайдалану ұсынылады.

Төртіншіден, жаппай цифрландыру ЕАЭО елдері экономикаларының дамуының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. "Өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, көлік саласына цифрлық технологияларды енгізуді сапалы жеделдету маңызды. Бірінші кезекте қазіргі заманғы IT-шешімдерді қолдануды кедендік реттеуде, салықтық әкімшілендіруде, ветеринариялық қадағалауда және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің еркін жүруіне тікелей әсер ететін басқа да салаларда кеңейту керек. ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесінің табысты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ден қоюдың маңызы зор. Бұл электрондық деректермен алмасу аясында біздің жұмысымызды сапалы құруға мүмкіндік береді. Біздің елдеріміздің IT-қоғамдастықтарын цифрлық күн тәртібінің өзекті мәселелерін шешу үшін мақсатты, белсенді және тепе-тең тарту Одақтың мүдделеріне толық жауап береді деп санаймыз".

Бесіншіден, сыртқы нарықтарға шығуды дәйекті түрде кеңейту, үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық қатынастарды белсенді дамыту талап етіледі. Осыған байланысты "ЕАЭО — EО" форматында диалог орнату жөніндегі жұмысты жандандыру және жүйелендіру маңызды деп санаймыз.

Еуропалық Комиссиямен және Еуроодақтың өзге де органдарымен ынтымақтастық тең құқылы, өзара тиімді және прагматикалық болуы тиіс, деп есептейді Қазақстан Президенті. Осындай жүйелі диалогты Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығымен (ACEAH) құру қажет, жаңа сауда бірлестігімен — әлемдік сауданың үштен бір бөлігі үлесіне тиетін түгел қамтитын Өңірлік экономикалық әріптестікпен (RCEP) өзара іс-қимылдың тиімді стратегиясын әзірлеу қажет. Аталған бастамаларды толыққанды іске асыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссия аппаратының үйлесімді және тиімді жұмысының маңызы зор.

"Осыған байланысты, ЕЭК-ті қаржыландыруға мемлекеттердің үлестік қатысуына қатаң байланыстырмай, кәсібилік пен іскерлік қасиеттерді ескере отырып, меритократия қағидаттары негізінде Комиссияның кадр құрамына кандидаттарды іріктеу туралы мәселені шешу қажеттілігін негізге аламыз. Қазақстан Республикасы ЕАЭО-ға төрағалық ету кезеңінде белгіленген күн тәртібін белсенді түрде ілгерілетуге ниетті және әріптестер тарапынан сындарлы қолдауға сенеді. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу әрбір мемлекеттің экономикалық дамуына қуатты серпін беріп, ЕАЭО әлеуетін нығайтатынына сенімдіміз", - деп қорытындылады Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы Тоқаев.




Қарау саны: 1111
Сақталған: 22.12.2024





Төрағаның блогы Әлемдегі жаңалықтар Қазақстан экономикасының оқиғалары Институттың жаңалықтары Пікір айдары National Economy: MONITOR Journal of Economy and Finance Пікір-талас клубы Сауалнама
2024
Қаң Ақп Нау Сәу
Мам Мау Шіл Там
Қыр Қаз Қар Жел

2023
Қаң Ақп Нау Сәу
Мам Мау Шіл Там
Қыр Қаз Қар Жел

2022
Қаң Ақп Нау Сәу
Мам Мау Шіл Там
Қыр Қаз Қар Жел

2021
Қаң Ақп Нау Сәу
Мам Мау Шіл Там
Қыр Қаз Қар Жел

2020
Қаң Ақп Нау Сәу
Мам Мау Шіл Там
Қыр Қаз Қар Жел





... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!