Қазақстан - ҚХР
29.01.2021
Қазақстан Қытайдан 1 наурызға дейін ауыл шаруашылық өнімі бар вагондарды, сондай-ақ Қазақстан аумағында дезинфекциядан өткен вагондарды қабылдауды жеделдетуді сұрайды.
«ҚТЖ – Жүк тасымалдары» компаниясының ақпараты бойынша Қытай 2020 жылғы 15 қарашадан бастап ҚР-дан азық-түлік жүктерін қабылдауды тоқтатты. Бүгінде Қорғас станциясының бағытында 60 тәуліктен астам азық-түлігі бар 233 жабық вагон, Алашанькоу бағытында 40 тәуліктен астам 197 жабық вагон тұр. Барлығы Қазақстанда 2,2 мыңнан артық жабық вагон және 1,5 мыңнан артық астық тасығыштар тиелген, алайда ҚХР-дағы сатып алушыларға жете алмай отыр. Бұдан басқа, Қазақстан қытай әріптестеріне вагондардың дезинфекциясын өз аумағында өз бетінше жүргізуді ұсынды, осылайша бұл вагондардың ҚХР аумағында тұрып қалу уақытын азайтады. Бұрын Қазақстан Қытайға вагондарды санитарлық өңдеу қағидаларын әзірлеуді ұсынған. Бірлескен алгоритм қытай шекарасынан өтуді жылдамдатады. Естеріңізге сала кетейік, 24 желтоқсанда «Атамекен» ҚР ИИДМ-мен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен, жүк жіберушілермен, вагондар (контейнерлер) операторларымен, экспедиторлармен, оның ішінде, «Транко» АҚ-мен, «ТрансКом» ЖШС-мен, «Шенкер Қазақстан» ЖШС-мен, «Бірінші Мультимодалды Компания» ЖШС-мен, «Шынгар Транс» ЖШС-мен, Қазақстан көлікшілері одағымен, Қазақстанның Астық Одағымен, «Атамекен-Агро» АҚ-мен, «ДЭН» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-мен және басқалармен бірлесіп жағдайды бағалау және Қазақстан-Қытай шекарасындағы вагондардың кезегін азайту үшін «Достық» станциясына барды. Станцияға келгендер бақылау-өткізу орнын, жүкті тиеп-түсіру орындары мен терминалдарды, сондай-ақ поезділерді қою орындары мен кіреберіс жолдарды қарап шықты. ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжановтың айтуынша пандемия мен ҚХР-да карантин шараларының күшеюі жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр.
Қарау саны: 1120 |
|
|