БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі
24.02.2021
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 46-сессиясының онлайн-отырысына қатысты.
Женевада өткен іс-шараға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет, 150-ден астам елдің үкімет басшылары мен министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқықтарын қорғау, демократиялық қоғам құру және "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын енгізу бөлігінде бастамашылық еткен саяси реформалар топтамасын іске асырудың табысты тәжірибесі туралы хабардар етті. Атап айтқанда, бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның қабылдануы, жала жабуды қылмыстық сипаттан арылту, қылмыстық кодекстің жекелеген баптарын ізгілендіру, әйелдер мен жастар үшін 30% сайлау квотасын енгізу, сондай-ақ Қазақстанның өлім жазасын жою туралы факультативтік екінші хаттамаға қосылуы өзекті жетістіктер қатарында атап өтілді. "Тілеуберді Қазақстанның бейбітшілікті, келісімді нығайту және адамның іргелі құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ұжымдық жаһандық күш-жігерге барынша үлес қосуға бейілділігін растады. Осыған байланысты ол еліміздің 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелікке өтінімін жариялап, халықаралық қоғамдастықтың қолдауына үміт білдірді", – деп хабарлады ҚР СІМ. Сондай-ақ, сейсенбі күні ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова мен Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұханның осы жылдың наурыз айында Нью-Йорк қаласында өтетін БҰҰ әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 65-ші сессиясы қарсаңында өткен кездесуі туралы хабарланады. Кездесу барысында тараптар шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде әйелдердің қатысуын кеңейту перспективаларын, сондай-ақ KazAid (Халықаралық дамуға жәрдемдесу агенттігі) дамуына техникалық көмек көрсету мәселелерін талқылады. Тараптар халықаралық әріптестер мен донорларды тарта отырып, коммерциялық емес ұйымның қызметін кеңейтуге жәрдемдесуге уағдаласты. Әйелдер кооперациясы мен гендерлік бастамалар ортасындағы халықаралық жобаларға ерекше назар аударылатын болады. Ұлттық комиссияға 2021 жылдың екінші жартысында Қазақстанда өткізу жоспарланып отырған "Еуропалық Одақ – Орталық Азия" азаматтық форумына қатысу ұсынылды. Күн тәртібінің тағы бір тармағы ретінде тараптар американдық үкіметтің Әйелдердің жаһандық дамуы мен гүлденуі жөніндегі бастамасы (W-GDP) шеңберінде Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.
Қарау саны: 1083 |
|
|