ДСҰ конференциясы Женевада өтеді
09.03.2021
Женева қаласында (Швейцария Конфедерациясы) жаңа бас директор Нгози Оконджо-Ивеалдың қатысуымен Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас кеңесінің отырысы барысында 2021 жылғы қарашада Женевада ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясын (МК-12) өткізу туралы шешім қабылданды. ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы, Жаңа Зеландияның Елшісі Дэвид Уолкердің ақпараты бойынша, ДСҰ мүшелерімен консультациялар барысында коронавирустық пандемияға және жаңа штаммдардың пайда болуына байланысты ағымдағы жылғы 21-24 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында МК-12 өткізудің мүмкін еместігі атап өтілді. Бұл ретте ДСҰ мүшелері осы жаһандық іс-шараны 2021 жылдың соңына ауыстырудың және оны Қазақстанның төрағалығымен Женевада өткізудің орындылығы туралы пікір білдірді. Бұл ұсынысты ДСҰ Бас кеңесі консенсуспен қабылдады. ДСҰ-ның бірқатар мүшелері МК-12 өткізудің жаңа мерзімдері мен орны бойынша қабылданған шешім алға жасалған үлкен қадам болып табылатынын және Ұйым үшін басты мәнге ие екенін атап өтті. ДСҰ жанындағы Тұрақты Өкілдер Қазақстанға ашықтығы, икемділігі және ДСҰ-ға мүше барлық елдердің мүддесі үшін Женевада МК-12 өткізуге келіскені үшін, сондай-ақ іс-шараны өткізу орнының өзгеруіне қарамастан МК-12 төрағасы болуға дайын екені үшін алғыс білдірді. Қазақстан делегациясы ДСҰ-ның барлық мүшелеріне еліміздің 2020 жылы Нұр-Сұлтанда МК-12 қабылдау туралы ұсынысын, содан кейін жаһандық коронавирустық пандемияға байланысты МК-12-ні 2021 жылдың маусымына ауыстыру туралы ұсынысын қатты қолдағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, COVID-19 пандемиясынан туындаған сақталып отырған белгісіздік пен шектеулерді ескере отырып, Қазақстан ДСҰ-ға мүше елдердің ағымдағы жылдың соңында Женевада МК-12 өткізудің орындылығы туралы пікірімен келісіп, МК-12-ге төрағалық етуге дайындығын растады.
Қарау саны: 1082 |
|
|