Euromonitor International:
19.03.2021
Euromonitor International компаниясы тұрақты туризмі бар елдердің рейтингін жасады. Тізімде 99 мемлекет бар. Бағалаудың негізгі өлшемшарттары: экологиялылық, саланы дамытудағы саналылық және жауапкершілік.
Рейтинг туризмнің өзін дамытуды және қоғамның табиғи ресурстарын, әлеуметтік және мәдени құндылықтарын сақтау жағдайларын ескереді. Оның мақсаты экономикалық өсу және болашақ ұрпақ үшін экологиялық игіліктерді сақтау арқылы халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына қол жеткізу болып табылады. Бірінші орындарды Швеция, Финляндия және Австрия иеленді. Тізімнің соңында Маврикий (97-орын), Үндістан (98-орын) және Пәкістан (99-орын) орналасқан. ТМД елдерінен көшбасшы Беларусь болды – 26-шы орын. Әрі қарай Украина мен Грузия орналасқан – 30 және сәйкесінше 41 орындарда. Қазақстан тұрақты туризм рейтингінде 62-ші орынды иеленді және 65 пен тиісінше 66-шы орындарда орналасқан Ресей мен Түркияны басып озды. Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения және Молдова тізімге енбеді. "Бүкіл әлемде ойлаудың айқын өзгеруі және тек сату көлеміне бағытталған саяхат пен туризмнің ескі моделіне қарсылық байқалады. Оның орнына, мүдделі тараптар тұрақты туризмді құру арқылы бірігіп, "жақсырақ болуға" ұмтылады", – дейді Euromonitor International саяхат бөлімінің бастығы Кэролайн Бремнер. Euromonitor International жаһандық нарықтарды зерттейді және бүкіл әлемдегі индустрияларға, компанияларға, экономикаларға және тұтынушыларға стратегиялық зерттеулер жүргізеді. Бұл зерттеулер халықаралық компаниялар үшін, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін маңызды ақпарат көзі болып табылады. 19 наурызда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қазақстандық басылымға берген сұхбатында елдегі экотуризмді дамыту шаралары туралы айтып берді. "...Әлемдік тәжірибені ескере отырып, біз Іле-Алатау, Шарын ұлттық парктерінің, "Алтын Емел" және "Көлсай көлдері" экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамаларының таныстырылымдарын әзірлеп, өткіздік. Бұл жерде біз негізгі назарды туристік бағдарлар мен соқпақтарды дамытуға, күрделі құрылыссыз туристік нысандар салуға аудардық. Сондай-ақ, Тұжырымдамаларда заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ-ауыл және керуен жасайтын орындар құру қарастырылған. 2025 жылға қарай аталған ұлттық парктерге 31 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту жоспарлануда, күтілетін туристер ағыны 2 млн - нан астам адамды құрайды, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады", - деп хабарлады ведомство басшысы.
Қарау саны: 1155 |
|
|