Қазақстанның әскери дәрігерлері ливандықтарға көмектеседі
19.08.2020
Қазақстанның әскери дәрігерлері Ливанда жүздеген зардап шеккендерге көмек көрсетті. Дәрігерлер Бейрут, Боуор, Машара және Сайда қалаларындағы ауруханаларда медициналық көмек көрсетеді. "Мен Оңтүстік Ливаннанмын, Бейрутта тұрамын. Осы қиын-қыстау кезеңде Қазақстан басшылығына және әскери дәрігерлерге менің халқыма және балаларыма көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Ливанға қош келдіңіз!"- деп бөлісті науқастардың бірі Фади Эхри. Қазақстандық дәрігерлер хирургиялық, травматологиялық және терапевтік науқастарды емдеуге жұмылдырылды. "Біздің дәрігерлер оңалту және анестезиология бөлімшелерінің жұмысына, эндопротездеу сияқты жоғары технологиялық қызметтерді қоса алғанда, жедел іс-әрекеттер жүргізуге белсенді қатысады. Сонымен қатар, әскери дәрігерлер амбулаториялық науқастарға көмек көрсету және қабылдау бойынша медициналық пункттің жұмысын ұйымдастырды", – деді ҚР ҚМ баспасөз қызметі. Естеріңізге сала кетейік, 7 тамызда ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министріне Бейрут портындағы жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін Ливанға әскери дәрігерлерді жіберу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Сол күні Бейрутқа арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақтың жөнелтілуі ұйымдастырылды. Топ құрамында 29 медициналық маман және ҚР Қарулы күштерінің төрт аудармашысы бар.
Қарау саны: 1434 |
|
|