30.09.2020
Қазақстанның бірқатар елдермен әуе қатынасын қалпына келтіру тоқтатылады. Әуе қатынасы қайта басталған елдерге рейстер бұрынғы деңгейде қалады. Түркияға ұшу саны азаяды.
«Шет елдердегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын ескере отырып, инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында 5 қазаннан бастап басқа елдермен қосымша әуе қатынасын қалпына келтіруді тоқтата тұру, ол қайта басталған елдермен рейстер санын ұлғайтпау, Түркияға рейстер санын қысқарту ұсынылады», - деді Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында .
Сондай-ақ, екінші санаттағы елдерден (БАӘ, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Ресей, Беларусь, Германия) келетін адамдар үшін міндетті талаптар күшейтілетін болады. Аталған елдерден Қазақстанға келушілерде өзімен бірге мемлекеттік шекараны кесіп өту алдында үш тәуліктен ерте емес алынған COVID-19-ға зерттеу туралы анықтама болуы тиіс, анықтама болмаған жағдайда келгендер зертханалық зерттеулер жүргізу үшін екі тәулікке дейінгі мерзімге карантиндік стационарға оқшауланады. Осыған ұқсас талаптарды ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен авиаөтпелерде өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны кесіп өтетін тұлғаларға қолдану ұсынылады.
Естеріңізге сала кетейік, тамыз айының соңында Қазақстан төрт елмен алты бағыт бойынша әуе қатынасын жаңартты: БАӘ, Германия, Беларусь және Украина, 11 қыркүйектен бастап Air Astana ұшақтары Алматыдан Ташкентке және кері қарай ұша бастады. 21 қыркүйектен бастап Ресейге апта сайынғы рейстер қайта басталды.
Қарау саны: 1485
Сақталған: 22.12.2024