ЭЗИ Парижде өткен ЭЫДҰ-ның Жауапты бизнес жүргізу апталығына қатысты

07.07.2026

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ делегациясы Қазақстанның жауапты бизнес жүргізу жөніндегі Ұлттық байланыс орталығының Хатшылығын таныстыра отырып, ЭЫДҰ-ның Көпұлтты кәсіпорындарға арналған басшылық қағидаттарының 50 жылдығына орай ұйымдастырылған ЭЫДҰ-ның Жауапты бизнес жүргізу апталығына белсенді қатысты. Қазақстан атынан Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының директоры Әлібек Райпов және Орталықтың аға сарапшысы Ажар Әлішева қатысты.

Төрт күн бойы қазақстандық делегация ЭЫДҰ апталығының барлық негізгі іс-шараларына қатысты: өтініштерді қарау жөніндегі жабық сессияға және Ұлттық байланыс орталықтары желісінің отырысына (29 маусым), ЭЫДҰ-ның мерейтойлық Жаһандық форумына (30 маусым), тиісті тексеру саясаты саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Инклюзивті платформаның үшінші отырысына (1 шілде), сондай-ақ ЭЫДҰ-ның Жауапты бизнес жүргізу жөніндегі жұмыс тобының отырысына (2 шілде).

Қазақстан кәсіби пікірталастардың белсенді қатысушысы болды. Жабық сессия барысында Ұлттық байланыс орталығының өкілдері жабық диалог форматында күрделі өтініштерді қарау тәжірибесімен алмасты. Талқылау ақпаратты жария етпеу туралы келісімдерді қолдануды, өтініш берушілерді қорғауды, өтініштердің қабылдану талаптарына сәйкестігін бағалауды және медиация рәсімдерін ұйымдастыруды қамтыды. Жұмыс тобының отырысында Қазақстан делегациясы Израиль ҰБО өкілдеріне бейтараптық талаптарын іс жүзінде қолдану, мүдделер қақтығысының алдын алудың қосымша кепілдіктері, сондай-ақ азаматтық қоғам, кәсіподақтар және жеке өтініш берушілер тарапынан сенімді нығайту тетіктері жөнінде сұрақ қойды.

Инклюзивті платформаның отырысында делегация тиісті тексеру саясатын тиімді әзірлеу, іске асыру және оның сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған пленарлық және үкіметтік талқылауларға қатысты. Тақырыптық шағын сессиялар барысында Қазақстан өкілдері тәуекелді айқындаудың бірыңғай тәсілдерін, теріс әсердің ауырлығы мен туындау ықтималдығын бағалау өлшемшарттарын, тәуекелдерді басымдыққа бөлу әдістерін және осы тәсілдерді жаһандық жеткізу тізбектерінде қолданудың практикалық қиындықтарын талқылады.

Апталықтың маңызды нәтижелерінің бірі ЭЫДҰ-ның жаңа талдамалық және практикалық материалдар топтамасының таныстырылуы болды. Олардың қатарында OECD Responsible Business Outlook 2026: Making Commitments Count баяндамасы, Ұлттық байланыс орталықтарының 2025 жылғы қызметі туралы жылдық есеп және OECD RBC Policy Navigator цифрлық құралы бар. Сонымен қатар қатысушылар Key Considerations for the Effective Design, Implementation and Enforcement of Due Diligence Policies және Determining Risk under Social and Environmental Due Diligence Policies құжаттарының жобаларын қарастырды. Бұл материалдар мемлекеттік саясатты, корпоративтік тиісті тексеру жүйесін және құқықтық қорғау құралдарына қол жеткізу тетіктерін жетілдіру үшін берік негіз қалыптастырады.

Халықаралық пікірталастардың негізгі қорытындыларының бірі - жауапты бизнес жүргізу бұдан былай қосымша шығын ретінде қарастырылмайтыны туралы ортақ түсінік болды. Керісінше, бүгінде ол реттеушілік, беделдік және операциялық тәуекелдерді азайтуға, жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттыруға және инвесторлардың сенімін нығайтуға мүмкіндік беретін экономикалық және инвестициялық саясаттың тиімді құралы болып табылады. ЭЫДҰ жауапты бизнес жүргізу саласында мемлекеттер, бизнес, жұмыскерлер және азаматтық қоғам арасында келісілген тәсілдерді әзірлеуге арналған бірегей платформа ұсынады.

ЭЫДҰ апталығына қатысу жауапты бизнес жүргізудің ұлттық жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын нақты айқындауға мүмкіндік берді. Олардың қатарында ҰБО рәсімдерін жетілдіру, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту, тиісті тексеруге тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу, сондай-ақ жауапты бизнес жүргізу қағидаттарын инвестициялық саясатқа, мемлекеттік сатып алуға және жеткізу тізбектерін басқаруға интеграциялау бар. Алынған материалдар мен үздік халықаралық тәжірибелер Қазақстан ҰБО-сының институционалдық әлеуетін нығайту және қазақстандық кәсіпорындардың орнықты өңірлік және жаһандық қосылған құн тізбектеріндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін пайдаланылатын болады.



Қарау саны: 4
Сақталған: 07.07.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!