ЭЗИ өкілі Ташкентте өткен CAREC талдау орталықтарын дамыту жөніндегі форумға қатысты

25.08.2026

2026 жылғы 20 және 21 тамызда Ташкент қаласында (Өзбекстан) «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының директоры Әлібек Райпов Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының талдау орталықтарын дамыту жөніндегі 10-шы форумына (The 10th CAREC Think Tank Development Forum, CTTDF) қатысты. Іс-шара «CAREC өңірінде тұрақты, инновациялық және инклюзивті қаржы секторын дамыту жолында» (Towards Robust, Innovative, and Inclusive Financial Sector Development in the CAREC Region) тақырыбына арналды.

Екі күндік бағдарлама аясында қатысушылар цифрлық қаржы және финтех, қаржылық қолжетімділікті кеңейту, банктік емес қаржыландыру арналарын дамыту және ұзақ мерзімді инвестицияларды жұмылдыру мәселелерін талқылады. Қаржылық сауатқа, венчурлік капиталға, тікелей инвестицияларға және қаржы секторының макроэкономикалық әрі валюталық күйзелістерге төзімділігіне ерекше назар аударылды. Екінші күні өңірлік қаржылық ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты трансшекаралық банк қызметі, реттеуді үйлестіру, өңірлік төлем жүйелері және капитал нарықтарының өзара байланысы мәселелері де қаралды.

Форумның екінші күні Әлібек Райпов «CAREC талдау орталықтарының желісі. Ілгерілеу және одан арғы қадамдар» атты техникалық сессияда сөз сөйледі. Сессия CAREC талдау орталықтары желісінің (CAREC Think Tank Network, CTTN) жұмыс нәтижелеріне, ағымдағы бастамаларына және оның өңірлік ынтымақтастық пен саясат мәселелері бойынша диалогтағы рөлін күшейту шараларына арналды.

Сөзінде Әлібек Райпов CTTN-ға мүше 11 елдің талдау орталықтарын біріктіретін маңызды өңірлік алаң ретінде қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, сауда ағындарының бөлшектенуі, логистикалық тізбектердің қайта құрылуы, жасыл және цифрлық өтулердің жеделдеуі, сондай-ақ азық-түлік және энергетика салаларындағы белгісіздіктің өсуі жағдайында Желінің маңызы артып келеді.

Экономикалық зерттеулер институты атынан ол бірлескен өңірлік зерттеулердің, шешім қабылдайтын тұлғалармен өзара іс-қимылдың және өңірлік сараптамалық желіге қолжетімділіктің маңызын атап өтті. Мұндай форматтар мемлекеттік органдар мен халықаралық әріптестер үшін практикалық маңызы бар қорытындылар әзірлеуге ықпал етеді және қазақстандық сараптаманың ортақ өңірлік талдамалық күн тәртібіне кірігуін қамтамасыз етеді. Келесі қадамдар ретінде зерттеулер мен мемлекеттік саясат сұраныстары арасындағы байланысты нығайту, жыл сайынғы форумдар арасында тақырыптық жұмыс топтары мен сараптамалық форматтарды дамыту, сондай-ақ бірыңғай цифрлық білім және әріптестік платформасын құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Форум сессиялары аясында инвестицияларды жұмылдыру және ұлттық қаржы жүйелерін нығайту мәселелері бойынша өткен пікірталастардың жалғасы ретінде Әлібек Райпов Қазақстанның жауапты бизнес жүргізу мәселелері жөніндегі Ұлттық байланыс орталығының (ҰБО) қызметі туралы ақпарат ұсынды. Ол ҰБО Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының көпұлтты кәсіпорындарға арналған Басшылық қағидаттарын іске асыруға жәрдемдесіп, мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы диалог алаңы ретінде қызмет ететінін атап өтті. Институт ҰБО-ға талдамалық және сараптамалық қолдау көрсетеді. Бұл жұмыс тиісті тексеру мәселелері бойынша материалдар әзірлеу мен оқытуды қамтиды және Орталық Азия өңірінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға әрі іскерлік ортаға деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар CAREC өңірінің қаржы секторын дамыту технологиялық инновацияларды, қаржылық қолжетімділікті кеңейтуді, қаржыландырудың балама көздерін дамытуды және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды үйлестіруді талап етеді деген қорытындыға келді. Институттың Форумға қатысуы қазақстандық сараптаманы таныстыруға және CTTN шеңберіндегі жұмысты жалғастыруға дайындығын растауға мүмкіндік берді.



Қарау саны: 3
Сақталған: 26.08.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!