19.10.2020
Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысы 21 қазанда өтеді, деп хабарлады Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Базалық реформалар белгіленді, оларды пысықтау қысқа мерзімде басталуы тиіс», – деп жазды Тоқаев жексенбі күні Твиттерде.
Реформалар жөніндегі жоғары кеңес Қазақстан Президентінің жарлығымен 14 қыркүйекте елдің орнықты дамуын стратегиялық жоспарлау және экономикалық, әлеуметтік пен саяси реформаларды тереңдету мақсатында құрылды. Кеңес құрамына Қазақстан Президенті Тоқаев, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Сума Чакрабарти, премьер-министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Келімбетов, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев кірді.
Қарау саны: 2896
Сақталған: 19.10.2020