Денсаулық сақтау ассамблеясы:
16.11.2020
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы қазақстандық «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің (АМСК) операциялық тетігін» мақұлдады.
2020 жылғы 12 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жоғары басқарушы органы – 2018 жылғы АМСК жөніндегі Астана декларациясының ережелерін іске асыруға арналған «Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің операциялық тетігін» мақұлдады, — делінген дүйсенбіде таратылған хабарламада. «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің түпкі мақсаты барлық адамдардың денсаулығын жақсарту және АМСК-ты нығайту арқылы денсаулық сақтау жүйесін күшейту болып табылады. Қазір коронавирустық пандемия бүкіл әлемді шарпыған кезде бұл өте маңызды болып табылады. ДДҰ Қазақстанмен бірлесіп, осы мақсатқа жетудің бес негізгі элементін айқындады. Бұл денсаулық сақтау саласындағы оқшаулау мен әлеуметтік теңсіздікті азайту (жалпыға бірдей қамтуды қамтамасыз етуге арналған реформалар), адамдардың қажеттіліктері мен үміттеріне бағдарланған денсаулық сақтау қызметтерін ұйымдастыру (қызметтерді жеткізу саласындағы реформалар), сондай - ақ денсаулық аспектілерін барлық секторларға интеграциялау (қоғамдық саясат реформалары), ынтымақтастық модельдеріне сәйкес саяси диалог жүргізу (көшбасшылық саласындағы реформалар) және мүдделі тараптардың қатысуын кеңейту», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. Өз баяндамасында Қазақстанның денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ДДҰ-ға мүше мемлекеттерді 2020 жылғы қарашаның соңында АМСК Операциялық тетігін іске қосуға арналған іс-шараға қатысуға шақырды. «Іс-шараға қатысу елдерге денсаулық сақтау жүйесін күшейту үшін құралдарды кешенді енгізуді бастауға көмектеседі. Сондай-ақ, Қазақстан елдерге АМСК-тың күш-жігерін біріктіру және жаһандық деңгейде одан әрі нығайту үшін АМСК достары тобына кіру ұсынысын жеткізді. 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсатында айтылған елдердің "барлығының денсаулығын қамтамасыз ету, ешкімді назардан тыс қалдырмау" туралы үндеуі әсіресе коронавирустық пандемия кезінде өзекті болып табылады. АМСК денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі процесс болып табылады және науқас пен медицина қызметкерінің алғашқы байланыс орындарында көрсетілетін және барлық жастағы пациенттердің қажеттіліктеріне бағдарланған қолжетімді, үздіксіз, сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етеді», - делінген хабарламада. «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің Операциялық тетігі» құжаты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 73-сессиясында қабылданды. Оны 194 мемлекет қолдады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының COVID-19 пандемиясына байланысты алғаш рет виртуалды форматта шақырылған 73-ші сессиясы 2020 жылдың 18-19 мамырында қысқартылған күн тәртібі бойынша отырыстар өткізді. Оның жұмысы қайта басталып, 9-14 қараша аралығында өтті.
Қарау саны: 2993 |
|
|