Шетелдік инвесторлар кеңесі

20.11.2020

18 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті.

Осы жылы жаңартылған болжам бойынша тікелей шетелдік инвестициялар 40 пайызға төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты, Шетелдік инвесторлар кеңесі мүшелерінің алдында пандемияның экономика мен инвестициялық климатқа теріс әсерін барынша азайту және барлық шараларды қабылдау міндеті тұр. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз баяндамасы барысында айтты.

Президент саланы нығайту үшін бірқатар бастамаларды атап өтті.

«Біз Стратегиялық инвестициялық келісімді әзірледік. Бұл құрал бүкіл қолданылу кезеңінде мемлекет тарапынан заңнамалық жағдайлардың кепілді тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Яғни қол қойылған күннен бастап 25 жылға дейін. Келісімде жеңілдіктер мен преференциялардың тұтас топтамасы көзделетін болады. Бұл ретте келісім өте икемді болады. Қолдау деңгейі инвестициялар көлеміне және жобаның басымдығына байланысты».

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда сапалы жаңа реттеу жүйесі әзірленуде. Барлық бақылау-қадағалау, рұқсат беру және өзге де реттегіш құралдарға ауқымды тексеру жүргізіледі.

«Біз бұл жобаны «Таза парақтан реттеу» деп атаймыз. Бұл үшін негізсіз және ескірген талаптар мен нормаларды сөзсіз алып тастауды көздейтін реттеуші гильотина құралы іске қосылады. Әкімшілік қысымды төмендету мақсатында өзінің контрагенттерін дербес тексеру үшін интеграцияланған деректер базасы әзірленеді. Бұл салық әкімшілігінің қысымын азайтады».

Инвесторлар үшін жақсы преференциялар жаңа Экологиялық кодексте де көрініс табады: «Негізгі жаңашылдықтар – бұл ең озық қолжетімді технологиялардың енгізілуін ынталандыру. Оларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады», - деп нақтылады Президент.

Оның айтуынша, бес жыл ішінде IТ-саласына кем дегенде 500 миллиард теңге тарту жоспарланған.  Инвестициялық капиталды қазақстандықтар фармацевтиканы, білім беруді және еңбек нарығын дамытуға бағыттамақ.

Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо соңғы 30 жылда Қазақстан зор табысқа қол жеткізгенін, реформалар мен экономикалық дамудың үлгісіне айналғанын атап өтті. «Президент мырза, Сіз елімізді Тұңғыш Президент Назарбаев мырзаның маңызды жетістіктеріне негізделген жаңа дәуірге алып келдіңіз. Қазақстанға келу, Сізбен жеке кездесу мүмкіндігін тағатсыздана күтемін»,-деді ол онлайн-отырыс барысында.

Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі Азия даму банкі болып табылады. АДБ Вице-президенті Ашок Лавас маусым айында денсаулық сақтау мен әлеуметтік сұрауларды қолдау үшін дағдарысқа қарсы несие түрінде 1 миллиард доллар бөлінгені туралы хабарлады. «Инвесторлар үшін жергілікті валютада сенімді әрі әртараптандырылған ұзақ мерзімді қаржыландыруды дамыту қажет. Бұл жергілікті капитал нарықтарын тереңдете алады», - деп түсіндірді ол.

Бизнес пен халықты мемлекеттік қолдау шаралары да пандемияның теріс әсерін азайтуға көмектесті. Бұл мақсатқа Қазақстанда шамамен 6 триллион теңге жұмсалды. Еуразиялық даму банкінің бағалауы бойынша ол ағымдағы жылы ЖІӨ ысырабы пунктінің шамамен 2-3 пайызын өтейді. ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов «Үкімет шараларының арқасында Қазақстан экономикасы 2021 жылы дағдарысқа дейінгі деңгейге жетеді» деген болжам айтты.




Қарау саны: 2933
Сақталған: 20.11.2020






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!