Кеден саласындағы өзгерістер
24.12.2020
Қазақстанда мұнай өнімдеріне, биоотынға, темекі өнімдеріне, этил спиртіне және алкоголь өнімдеріне ілеспе жүкқұжаттарды енгізу жоспарлануда. Сенат кеден саласындағы тиісті өзгерістерді мақұлдады.
«... Заң жобасында тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары ұғымдары енгізілді және тәуекел дәрежесінің құпия мен құпия емес қлшемшарттарын айқындау мүмкіндігі бекітілді. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымдарға берешекті қайта құрылымдау, берешекті есептен шығару, сыйақы, тұрақсыздық айыбын жою жөніндегі өкілеттіктер берілген. Сондай – ақ, арақты құюдың әрбір технологиялық желісінде тұтынылатын электр энергиясын есепке алудың бақылау аспаптарын енгізу, сондай-ақ мұнай өнімдеріне, биоотынға, темекі өнімдеріне, этил спирті мен алкоголь өніміне ілеспе жүкқұжаттарды енгізу жоспарлануда", - деді сенатор Сергей Карплюк. Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң кедендік ақпараттық база мен бірыңғай терезе жүйесінің жұмыс істеуін жақсартуға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ адамның қатысуын барынша азайта отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға қызмет ететінін атап өтті. "Жүйелерді ақпараттандыру сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өтінімдері бойынша шешім қабылдау және қарау үшін қажетті уақытты қысқартады. Бұдан басқа, ішкі және көшпелі кедендік тексерулер жүргізу тәртібі қайта қаралатын болады. Заң кедендік реттеуді жетілдіруге ықпал етеді деп үміттенеміз", – деп түйіндеді ол. Жобада Еуразиялық экономикалық кеңес елдерімен өзара саудада өткізілетін тауарларды сыныптауға және ұлттық оператордың электрондық сүйемелдеуді жүзеге асыруы кезінде навигациялық пломбаларды қолдануға байланысты мәселелерді реттеуге қатысты түзетулер де бар. Жақында Ресей президенті Владимир Путин елдегі барлық алкоголь өнімдерін, соның ішінде шетелден әкелінетін алкоголь өнімдерін федералды арнайы маркалармен міндетті түрде таңбалау туралы Заңға қол қойғанын атап кеткен жөн. Бұған дейін ел ішінде өндірілген өнімдер арнайы маркалармен, ал әкелінген өнімдер акциздермен белгіленген. Кедендік рәсімдерді жасау кезінде таңбалауды кеден органдары бақылайтын болады. Бұл ретте, егер өтініш 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген болса, кеден импорттық алкогольге акциздік маркаларды 2021 жылғы 1 сәуірге дейін бере алады. Акциздік маркалары бар алкогольді 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін әкелуге болады.
Қарау саны: 3037 |
|
|