Президент құжаттарға қол қойды
28.12.2020
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Парламент депутаттарының бастамасымен енгізілген түзетулер мемлекеттік тапсырма нысанында орындалатын қызметтердің құнын белгілеу әдістемесін бекітуді көздейді. Сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің бір бөлігін қосалқы мердігерлерге тапсыруға шектеулер белгіленеді. "Бүгінгі таңда республикалық бюджеттің 20% астамы мемлекеттік тапсырма түрінде шығындалады. Және ауқымды бөлігі қосалқы мердігер арқылы шығындалады, бұл осы қаражаттардың нақтылығы мен тиімділігін күрделендіреді. Заң жобасымен мемлекеттік тапсырма нысанында орындалатын қызметтердің құнын белгілеу әдістемесін бекіту, осы норма арқылы орталық мемлекеттік органның міндеттері мен жауапкершілігін арттыру көзделеді. Мемлекеттік тапсырма аясында бөлінетін қаржылық шығындар тиімділігі мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында қосалқы мердігерлерге 50% аспайтын мөлшерде бөлігін беру бойынша шектеулер енгізіледі", - деп бұдан бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев хабарлаған. Бюджетаралық қатынастар шеңберінде облыстық мәслихатпен белгіленген кірістерді бөлу нормативтарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардан аударымдарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға бағыттау ұсынылады. Сондай-ақ Заңда кодекстен бюджеттік процесте қолданылмайтын арнайы резерв пен шартты қаржыландырылатын шығыстарды орнату тетіктерін алып тастауды ұсынылады. Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар бизнес дамуы үшін маңызды жарлыққа қол қойды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға арналған мораторийді 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен - 2020 жылғы 28 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі. Квазимемлекеттік сектордың субъектілері – бұл мемлекеттiк кәсiпорындар, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер, акционерлiк қоғамдар, оның iшiнде мемлекет қатысушысы немесе акционерi болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншiлес, тәуелдi және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен аффилиирленген болып табылатын өзге де заңды тұлғалар.
Қарау саны: 3045 |
|
|