Дәрі-дәрмектерге шекті бағалар
02.02.2021
Денсаулық сақтау министрлігі бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттардың сауда атауларына шекті бағаларды бекіту туралы бұйрықтың жобасын әзірледі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, барлық денсаулық сақтау ұйымдарын түгендеу, оларды медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен жабдықтау үшін министрліктің аумақтық департаменттері мен әкімдіктердің өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Түгендеуге жататын медициналық ұйымдардың кестесі мен тізбесі қалыптастырылды, сондай-ақ осы іс-шараның қорытындылары бойынша ұсынымдар әзірленетін болады. "Өз кезегінде, өңірлердің әкімдіктері медициналық жабдықтармен жабдықтау жөніндегі ұсынымдарды орындау бойынша тиісті іс-қимылдар қабылдауы қажет. Бұл ретте дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын теңгерімді реттеуді қамтамасыз ету үшін министрлік қазіргі уақытта бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттардың сауда атауларына шекті бағаларды бекіту туралы бұйрықтың жобасын әзірледі", - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында. Өңірлерде тұрақты негізде баға мониторингін жүзеге асыру мақсатында құрамына келісім бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері кіретін топтар құрылатын болады. Сонымен қатар, министрдің айтуынша, отандық мобильдік қосымшаны жеке иммундық мәртебесі туралы ақпараты бар QR-кодтарды енгізу бөлігінде толықтыру үшін "Egovmobile" мобильдік қосымшасын іске қосу жоспарланған, ол "Ашық" медициналық қосымшасымен біріктірілетін болады. Онда медициналық ақпараттық жүйелердегі азаматтар бойынша, оның ішінде ковидке қарсы вакцинациядан өткені туралы деректер жинақталатын болады. Ведомство басшысы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу бойынша әдістемелік ұсыныс, сондай-ақ вакциналарды сақтау және тасымалдау регламенті әзірленіп, бекітілгенін, жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. 31 қаңтарда ресейлік "Спутник V" вакцинасының бірінші партиясы Нұр-Сұлтан қаласына әуе көлігімен жеткізілгенін атап кетейік. Алынған жүк Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы "СҚ-Фармация" хабтарына үлестірілді. Әрі қарай, вакцина мультимодальдық тасымалдау жүйесін қолдана отырып, авиа және авто көліктерде бір тәулік ішінде еліміздің барлық өңірлерінің Денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілді. Бұрын хабарланғандай, ресейлік "Спутник V" вакцинасын сақтаудың температуралық режимі -20°C (минус жиырма градус) құрайды. Осыған байланысты вакцинаның сапасын қамтамасыз ету мақсатында өндірушіден халықты вакцинациялауға дейінгі барлық жолда тасымалдау кезінде "суық тізбек"талаптарын қатаң сақтау міндетті болып табылады.
Қарау саны: 2828 |
|
|