Жаңа бюджет саясаты
02.02.2021
Жаңа бюджет саясаты
2 ақпанда жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің қатысуымен Үкімет отырысы өтті. Ведомство басшысы инвестицияларды ынталандыру және экономиканың өсуі бойынша шұғыл шаралар туралы хабарлады. Әсет Ерғалиевтің айтуынша, келесі шаралар топтамасы жаңа инвестициялық цикл қалыптастыруға және елдегі іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді: - бесеуінің орнына бірыңғай ставканы белгілей отырып, еңбекақы төлеу қорына жүктемені оларды бірыңғай төлеммен төлей отырып төмендету; - жаңа өндірістік компаниялар үшін 2 жыл ішінде ҚҚС-ты азайту; қайта инвестициялауға бағытталған табыстың бір бөлігін корпоративтік табыс салығынан босату; - жеке кәсіпкерлер үшін салық міндеттемелерін тіркеуді және орындауды оңайлату; - қоғамдық тамақтану саласы үшін 6% ставка бойынша бөлшек салық режимін енгізу. Оларды іске асыру үшін бірінші тоқсанда тиісті заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізіледі. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін салық-бюджет саясатын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізілетін болады, сондай-ақ жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасы әзірленеді. "Мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету, олардың тұрақтылығын арттыру, сондай - ақ қабылданатын бюджеттік шешімдердің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды көздейтін 2030 жылға дейінгі жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасының жобасы қалыптастырылатын болады", - деді Ерғалиев Үкімет отырысы барысында. "Таза парақтан" реттеу шеңберінде бизнес-қоғамдастықпен және "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп талаптарды түбегейлі қайта қарау жүзеге асырылады және экономиканың сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, тұру және тамақтану жөніндегі қызметтерді қамтитын төрт басым саласында эксперименттік құқықтық режим енгізіледі. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша тиісті заң жобасы әзірленіп, 1 маусымға дейін ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізіледі. Бұдан басқа, микроқаржы ұйымдарын "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасына қосу қамтамасыз етіледі. Барлық шаралар бойынша сарапшылар қауымдастығын, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасын тарту арқылы талқылаулар өткізіледі. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 40 мың долларға дейін жетеді. Еңбек өнімділігі өсуінің озыңқы қарқыны жылына 8% деңгейінде қамтамасыз етіледі.Сонымен қатар, жекешелендірудің жаңа жоспары жалпы сомасы 5 трлн теңге болатын 736 ұйымды, оның ішінде республикалық және коммуналдық меншіктегі 624 нысанды, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қорының 112 компаниясын сатуды көздейді.
Қарау саны: 2826 |
|
|