Кәсіпкерлік мәселелері
10.02.2021
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің отырысын өткізді. Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мақұлданған шаралар туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.
"Шағын және орта бизнесті экономикалық ахуалдың жаңа жағдайында қолдау Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаумен қамтуды барынша кеңейту қажет. Бұл экономиканың дамуына қосымша серпін береді. Әкімдіктер бөлінетін қаражаттың жоғары тиімділігін қамтамасыз етуі тиіс", - деді А.Мамин 9 ақпандағы отырыс барысында. Бизнесті дамытуды одан әрі ынталандыру үшін ағымдағы жылғы 29 қаңтарда өткен реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің отырысында айтылған мынадай шараларды енгізу жоспарлануда: - бірыңғай төлеммен бесеуінің орнына бірыңғай ставканы белгілей отырып, еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету; - жаңа өндірістік компаниялар үшін 2 жыл ішінде ҚҚС-ты азайту; - қайта инвестициялауға бағытталған табыстың бір бөлігін корпоративтік табыс салығынан босату; - Үкімет инвестициялар туралы келісімдер жасасатын қызметтің басым түрлерінің тізбесін кеңейту (өңдеу өнеркәсібі, АӨК, машина жасау, дайын өнім өндіру және тереңдете өңдеу жөніндегі тамақ және басқа да салалар); - дара кәсіпкерлер үшін салық міндеттемелерін тіркеуді және орындауды оңайлату; - сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету салаларындағы бизнеске қойылатын барлық талаптардың үштен бір бөлігіне қысқарту; - микроқаржы ұйымдарын "Бизнестің жол картасы-2025" субсидиялау бағдарламасына қосу; - қоғамдық тамақтану саласы үшін 6% ставка бойынша бөлшек салық режимін енгізу. Бұл бастамаларды іске асыру 2025 жылға қарай 500 мың адамды жалдамалы қызметкерлерді ресми жұмыспен қамтуға тартуды, жыл сайын өңдеуші өнеркәсіпке 15 п.к. инвестицияларды ұлғайтуды, көлеңкелі экономиканы ЖІӨ-ге 15% - ға дейін төмендетуді, сондай-ақ микро және шағын бизнес субъектілерінің 75% - ы үшін еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы "Қарапайым заттар экономикасы", "БЖК-2025", "Еңбек", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламалары және Ұлттық банктің айналым қаражатын толықтыруға кредиттеу бағдарламасы шеңберінде бизнесті қолдауға 703 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. "БЖК-2025" бағдарламасын жүзеге асырудың оң қарқыны байқалуда. Осылайша, ағымдағы жылдың қаңтар айында 60 млрд теңге сомасына 333 жоба несиелендірілді, 326 жоба кепілдендірілді. "Қарапайым заттар экономикасы" жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша бүгінде 707,8 млрд теңге сомасына 2801 жоба мақұлданды, 527,7 млрд теңге сомасына 2243 жоба субсидияланды. Үкімет басшысы "Атамекен" ҰКП-ның 13 мыңнан астам кәсіпкерге жүргізген сауалнамасының қорытындыларын егжей-тегжейлі зерделеп, бір апта ішінде бизнесті одан әрі қолдау бойынша қосымша шаралар дайындауды тапсырды. Премьер-Министр сондай-ақ реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды бақылауды, өңірлердің экономикалық картасын уақтылы және сапалы толтыруды қамтамасыз етуді, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеу мақсатында өңірлердегі кәсіпорындарды паспорттауды жүргізуді және микроқаржы ұйымдарын құруды жеделдетуді тапсырды.
Қарау саны: 2858 |
|
|