Нормашығармашылықты жетілдіру

18.02.2021

Қазақстанда азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты 60 күндік өтпелі кезең белгілеу ұсынылды.

Сенат заң нормаларын шығаруды жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
 
"Ұсынылып отырған заң жобасы заңдарды әзірлеу рәсімдерін жетілдіру, олар бойынша қоғамдық талқылаулар өткізу және заңдарды қабылдау мақсатында әзірленді. Заң жобасы азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты өтпелі кезең практикасын заңнамалық деңгейде белгілеуді көздейді. Жаңа міндеттерді белгілейтін нормалар халық пен бизнестің дайын болуына қарай қабылданған күннен бастап 60 күннен ерте енгізілмейді", - деп хабарлады Сенат отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев.

Министрдің айтуынша, заң шығару қызметінің жаңа кезеңдерін енгізу "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес келеді. Атап айтқанда, әзірлеуші органдар проблемалар мен ықтимал шешімдер көрсетілетін реттеу саясатының консультациялық құжатын әзірлейтін болады. Талқылау қорытындысы бойынша заң жобасының тұжырымдамасы ұсынылады – бұл реттеуші органның нақты ұсыныстары бар ресми мәлімдемесі.

Сенатор Владимир Волков әлемнің көптеген елдерінің тәжірибесі бойынша заң нормаларын шығару процесіне консультативтік құжатты енгізу "бар проблемаларды толыққанды талдауды және жұртшылықты оларды талқылауға тартуды қамтамасыз етеді" деп атап өтті.

Заңдар қабылданғаннан кейін олардың тиімділігін бағалауды міндеттеу ұсынылады. Әділет министрлігінің деректері бойынша, бұл міндет заңды әзірлеген мемлекеттік органдарға жүктелетін болады. Қабылданған заңның тиімділігін бағалау үшін әзірлеуші органдар жаңа реттеудің салыстырмалы нәтижелері бар есепті дайындайды. Бұл есеп құқықтық мониторинг шеңберінде қолданылатын болады, сондай-ақ парламенттік тыңдауларда немесе үкіметтік сағатта талқылануы мүмкін.
 
"Заң жобалары мен қолданыстағы заңдарды бағалау рәсімдерін жақсарту ұсынылады. Бұл үшін әзірлеуші орган ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін қол жеткізуге және кейінірек олар бойынша есеп беруге ниеттенетін нақты индикаторларды айқындайтын болады. Жобада ғылыми құқықтық сараптама жүргізу тәртібін қайта қарау ұсынылады. Бұл туралы парламенттік тыңдауларда және басқа да алаңдарда бірнеше рет айтылған. Ғылыми құқықтық сараптама қоғам мен мемлекеттің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына жауап беретін жобаларды дайындау міндетін шешуі керек", – деп түсіндірді Волков.

Бұл заң жобасын Сенат қабылдады, содан кейін ол Президентке қол қоюға жіберіледі.


Қарау саны: 2900
Сақталған: 21.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!